• Біздің парақшалар:

Жаңа ғасырдың үздік жаңажылдық фильмдері

Жаңа жыл, одан кейін Рождество. Қазақстан халқын бірнеше күндік мейрам мен демалыс күтіп тұр. Осыған орай Жаңа жыл мен Рождество тақырыбындағы фильмдер топтамасын ұсынамыз. Шолуға XXI ғасырдың фильмдері еніп отыр. 

[12+] «РОЖДЕСТВО ҚҰТТЫ БОЛСЫН» (фр. «Joyeux Noël», ағ. «Merry Christmas», ор. «Счастливого Рождества») – Еуропада түсірілген 2005 жылғы әскери драма. Басты рөлдерде Дайан Крюгер, Бенно Фурманн, Гийом КанеДаниэль Брюль секілді актерлер ойнайды. Фильм Бірінші дүниежүзілік соғыс уақытында болған шын оқиғаға негізделген. Бұл оқиға тарихта Рождество бітімі деген атпен белгілі. 

Сюжет бойынша 1914 жылы сочельник кезінде Батыс майданда британ, француз және неміс әскерилері бауырласып, күтпеген жерден мейрамды бірге өткізеді. Олар қаруларын окопқа тастап, бір-бірін құшақ жая қарсы алады, бір-біріне бақытты Рождество тілейді. 

Драма бірқатар жүлделерге қол жеткізіп, «Оскар», «Алтын глобус», BAFTA секілді беделді премияларға үміткер болды.

 


[16+] «НАҒЫЗ МАХАББАТ» (ағ. «Love Actually», ор. «Реальная любовь») – британ трагикомедиясы. Сценарийші Ричард Кёртистің режиссерлік дебюті. Актерлік құрамда Хью ГрантКира НайтлиАлан РикманЭмма ТомпсонЛора ЛинниТомас СэнгстерЛиам НисонКолин ФертБилл НайиМартин Фриман секілді жұлдыздар бар. 

Сюжет параллель өрбитін он оқиғадан тұрады. Оқиғасы 2003 жылдың соңында, Рождествоға бес апта қалған кезден басталады. Барлық сюжеттік желілердің кульминациясы сочельникке алып келеді, ал барлық кейіпкерлер бір арнаға тоғысады. Картинаның басты мәні мен негізгі ойы мынау: «Махаббат біздің айналамызда»/«Махаббат барлық жерде де шынайы». Фильмдегі басты кейіпкерлер – экраннан көрінгендердің барлығы, алдыңғы планға ешкім шығарылмаған десе де болады.

 


[12+] «ЖОҒАЛҒАН РОЖДЕСТВО» (ағ. «Lost Christmas», ор. «Потерянное Рождество») – 2011 жылы шыққан британ драмасы. Басты рөлдерде комедиант Эдди Иззард пен атақты ағылшын актері Джейсон Флеминг ойнайды. Сюжет бойынша Рождество мейрамының қарсаңында Гус есімді бала жұмбақ сиқыршы Энтониді кездестіреді. Сиқыршы адамдарға жоғалтқанын табуға көмектеседі. Гус әкесі ешқайда кетпесін деп машинаның кілтін жасырып қояды. Нәтижесінде ата-анасы апатқа ұшырап, қайтыс болады. Бала осы оқиға үшін қатты қайғырады, бәрін өзгертуді армандайды. Қуанышқа орай оған жаңа мүмкіндік беріледі. Бұған ғайыптан пайда болған Энтони көмектеспек.

 


[16+] «ЖАМАН САНТА» (ағ. «Bad Santa», ор. «Плохой Санта») – ағайынды Вайнштейндер мен ағайынды Коэндер продюсер болған қара комедия. Басты рөлдегі Билли Боб Торнтон Санта Клаус костюмін киген тонаушыны ойнайды. Әр Рождество сайын ол серігі – ергежейлі Маркуспен бірге сауда үйін тонайды. Басты кейіпкер Виллидің шынымен адам сүйер қылығы жоқ, оны мейірімді Сантамен байланыстыруға мүлдем болмайды. Алайда бір бала оған сенім артады. 

Билли Боб Торнтон осы рөлі үшін 2004 жылы «Алтын глобусқа» үміткер болды. Ал 2016 жылы фильмнің сиквелі шықты.

 


[16+] «РОЖДЕСТВО ЕРТЕГІСІ» (фр. «Un conte de Noël», ағ. «A Christmas Tale», ор. «Рождественская сказка») – 2008 жылы шыққан француз трагикомедиясы. Басты рөлде -Катрин Денёв

«Рождественская сказка» - үлкен отбасы туралы, оның құпиялары мен интригалары туралы, қыстың басты мейрамы кезінде болатын түрлі жағдайлар туралы кино. 

Ерлі-зайыптылар Абель мен Жюнона әр Рождество сайын отбасы болып бас қосады. Есейген, үй-баранды балалары да келеді. Дегенмен балаларын тату деп айту қиын. Әрқайсының өз кемшілігі мен мәселесі бар және бір-бірімен сыйыса да бермейді. Мейрам алдында Жюнона лейкемиямен ауыратынын біледі және оған тез арада сүйек кемігін ауыстырып салу қажет. Балалардың біреуі оған сүйек кемігін бере алар еді. 

Фильмнің орысша дыбысталған нұсқасы Youtube платформасында бар:

 


[0+] «РОЖДЕСТВОДАҒЫ ОҚИҒА» (фин. «Joulutarina», ағ. «Christmas Story», ор. «Рождественская история») – Финляндияның 2007 жылғы отбасылық фэнтези драмасы. Фильм Санта-Клаустың пайда болу тарихына қатысты балама хикаяны ұсынады. 

Ертеде Лапландияда Николас есімді баланың ата-анасы қайтыс болады. Ауылдың тұрғындары оған қамқор болады. Әр Рождество сайын оны жаңа отбасы өзіне қабылдайды. Алғыс ретінде Николас үйдің әр баласына сыйлықтар – өз қолымен жасаған ойыншықтар сыйлайды. Бірде ауылдың жағдайы нашарлап, аштық болады. Тұрғындар амалсыздан баланы алыстағы елді мекенге береді. Бұл жерде Николас қарт ұстаның қолында тұрып, сонда жұмыс істеуге мәжбүр болады.

 


[16+] «ДЕМАЛЫС» (ағ. «The Holiday», ор. «Отпуск по обмену») - «Әйелдер нені қалайды» («What Women Want») фильмін түсірген Нэнси Майерстің тағы бір режиссерлік жұмысы. Романтикалық комедия 2006 жылы жарық көрді. Басты рөлдерде: Кейт УинслетКэмерон ДиазДжуд Лоу және Джек Блэк

Айрис Симпкинс (Кейт Уинслет), лондондық «Daily Telegraph» басылымында той бағанасын жүргізетін автор, ағылшын провинциясында зәулім үйде тұрады. Ол бір еркекке ғашық, алайда ол ер адам басқаны сүйеді. Ал Америкалық Оңтүстік Калифорниясында Аманда Вудс (Кэмерон Диаз) тұрады, ол фильмдерге ролик жасаумен айналысатын жарнама агенттігінің иесі. Ол сүйген адамы көзіне шөп салып жүргенін біліп қалады. 

Бір-бірін танымайтын екі әйел әлемнің екі түкпірінде тұрады, алайда басқа түскен жағдайлары бір-біріне ұқсас. Екеуін тағдыр табыстырады. Демалыс кезінде баспанамен алмасуға арналған сайтта олар бір-бірін тауып, танысады. Рождество алдында Айрис пен Аманда өз проблемаларынан алыста демалмақ болып, бір-бірінің үйінде уақытша тұруға келіседі. Айрис шуақ Калифорниядағы Аманданың үйіне көшіп барады, ал Аманда қар басқан ағылшын провинциясына келеді. Әрқайсысы жаңа орында өзінің бақытты Рождествосын қарсы алмақ.

 


[12+] «ТҮЙСІК» (ағ. «Serendipity», ор. «Интуиция») – басты рөлде Джон Кьюсак пен Кейт Бекинсейл ойнаған 2001 жылғы романтикалық комедия. 

Жаңа жыл қарсаңында, Нью-Йорктың абыр-сабыр күндерінің бірінде Джонатан Сарамен танысады. Екеуінің де жұбы болғанына қарамастан, ұзақ әңгімелесіп, бір-бірін ұнатқандай болады. Қоштасар алдында Джонатан қыздың телефонын сұрайды. Алайда Сара: «Тағдыр жазса ғана кездесеміз» деп жауап береді. Сөйтіп екеуі тексеріп көрмек болады. Жігіт өз телефонын қағаз ақшаға, қыз кітапқа жазып қалдырады. Купюраны айырбастап жібереді, ал кітапты букинистке  тапсырады. Енді олар қашан кездесетінін білместен, екеуі осылай қоштасады.

 


[12+] «НОЭЛЬ» (ағ. «Noel») – актер Чазз Пальминтеридің алғашқы толықметражды режиссерлік жұмысы. 2004 жылғы драмада Пол УокерСьюзен СарандонПенелопа Крус пен Алан Аркин ойнады. 

Оқиға орны – Нью-Йорк. Рождество қарсаңы. Басты кейіпкерлер жаңажылдық ғажайып оқиғаларға тап болады. Осындай жағдайлар олардың өміріне де өз әсерін береді. Рождество – армандар орындалатын уақыт.

Бұл топтамаға басқа қандай жаңажылдық фильмдер қосуға болады? Өз нұсқаңызды айтыңыз :)

Пікірлер