• Біздің парақшалар:

2018 жылғы қыстың жаңа сериалдары (#2)

2017-2018 жылдың қысында шығатын жаңа сериалдар туралы шолу, екінші бөлік.

9-1-1

«Американың хоррор оқиғасы» («American Horror Story»), «Американың қылмыс оқиғасы» («American Crime Story») секілді антологияларды шығарған Брэд Фалчук пен Райан Мёрфидің тағы бір туындысы. Сериал Лос-Анджелестің құтқару қызметтерінің жұмысы туралы баяндайды. Әңгіме полиция, медицина, өрт сөндіру қызметкерлері туралы. Ол күн сайын жантүршігерлік, қауіпті оқиғаларды бастан өткізе отырып, өздеріне жүктелген міндетті атқарады. Олардың жұмыстары әр түрлі болғанымен, мүдделері ортақ. Сондықтан бірлесіп әрекет етеді.

Процедуралы драма бағытындағы сериал 3 қаңтардан бастап «Fox» телеарнасына шықты.

Превью:

 

ЧИ / THE CHI

Чикагоның Саутсайды – оңтүстік ауданы туралы драма сериал. Саутсайд өзіне тән тұрмыс салтымен белгілі. Көбінесе орта тап немесе кедейлер тұратын мекен. Бұл жақтың өз тәртібі бар. Қарапайым шешімдердің өзі өмірге қауіп төндіріп, өлімге алып келуі мүмкін. Бұндай өмір салтына ересектер ғана емес, балалар да кішкентайынан араласуға мәжбүр. Бұны көпшілігіміз Чикагоның оңтүстік жағы жайында сыр шертетін басқа сериал - «Ұятсыздар» («Shameless») арқылы білеміз.

«Чи» сериалы «Showtime» арнасында 7 қаңтардан бастап көрсетіледі.

Ресми трейлер:

 

БІРГЕ ЖАЛҒЫЗСЫРАУ / ALONE TOGETHER

Америка актрисасы, стендап-комик Эстер Повицки қатысқан комедия. Ол жобада басты рөлде ойнайды және сценариін жазысты. Сюжетте елдің екі түкпірінен келіп, Лос-Анджелесті бағындырмақ болған қыз бен жігіт туралы айтылады. Қазіргі заманның ес тандырар өмір салтында алжасып кетпеу үшін олар бір-біріне демеу болады.

Телешоу «Freeform» арнасында 10 қаңтардан бастап көрсетіледі.

Ресми трейлер:

 

ҚАРА НАЙЗАҒАЙ / BLACK LIGHTNING

DC комиксына негізделген сериал. Сюжет Қара найзағай есімді суперқаһарман төңірегінде өрбиді, ұзақ жылғы үзілістен кейін қаһармандық жолға оралуы, бұл жағдайдың отбасы өміріне әсері көрсетіледі.

Өкінішке орай (әлде қуанышқа) «Қара найзағай» DC-Дің телевизиялық ғаламына жатпайды, жеке дара туынды.

Сериал өндірісі 2016 жылы басталды. Бастапқыда жобаға тапсырыс беруші «Fox» арнасы болатын. Алайда бірнеше айдан кейін телекомпания бұл идеядан бас тартты. Кейін оны «The CW» арнасы өз қамқорына алып, пилот сериясына тапсырыс береді. Премьерасы осы арнада 16 қаңтарда болады.

Трейлер:

 

СЫҢАР / COUNTERPART

Шпиондық триллер және ғылыми-фантастика жанрындағы тележоба. Авторы – Диснейдің «Джунгли кітабына» сценарий жазған Джастин Маркс. Алғашқы екі эпизодын норвег режиссері Мортен Тильдум түсіріп берген («Хедхантер», «Имитация ойыны», «Жолаушылар»). Бірінші сериясы 10 желтоқсанда көрсетілді.

Сюжетте Говард Силк есімді БҰҰ-ның бір агенттігінде істейтін қарапайым қызметкер туралы айтылады. Бірде ол агенттіктің бір құпиясын ашады. Сөйтсе ол істейтін мекеме параллель әлемге өтетін құпияны жасырын ұстаумен айналысады екен. Басты рөлде «Оскарлы» Дж.К. Симмонс ойнайды.

Сериалды «Starz» арнасыны ұсынады. Жалғасы 28 қаңтарда шығады.

Ресми трейлер

 

АЛИЕНИСТ / THE ALIENIST

Америка жазушысы Кэлеб Кэррдің аттас романына негізделген психологиялық триллер. 8 бөлімнен тұратын сериалда Даниэль Брюль, Дакота Фаннинг, Люк Эванс секілді жұлдыздар ойнайды.

Сюжет 19 ғасырда, 1896 жылы Нью-Йоркта өрбиді. Қалада жантүршіктірер кісі өлтіру оқиғалары болады. Тергеу ісіне болашақ президент, қазір полиция комиссары Теодор Рузвельт, дарынды психолог-алиенист Ласло Крайцлер мен қылмыс хроникасының репортері Джон Скайлер Мур араласады.

Детектив сериал 22 қаңтардан бастап «TNT» арнасынан көрсетіледі.

Ресми трейлер:

Пікірлер