• Біздің парақшалар:

2018 жылғы қыстың жаңа сериалдары (#3)

2017-2018 жылдың қысында шығатын жаңа сериалдар туралы шолуымыздың соңғы бөлігі. Қаңтардың соңы мен ақпанда шығатын телепремьералар қамтылды.

МОЗАИКА / MOSAIC

Стивен Содербергтің эксперименталды детектив драмасы. Басты рөлдерде Шэрон Стоун мен Гаррет Хедлунд. Сценарий авторы – «Қара киімділер» («Men in Black»), «Чарли перілері» («Charlie's Angels»), «Енді сіз мені көріп тұрсыз» («Now You See Me») секілді хит фильмдердің сюжетін жасаған Эд Соломон.

Сюжет ортасында – балалар әдебиетінің авторы және иллюстраторы Оливия Лейк пен оның өмірінде үлкен рөл атқаруы тиіс екі еркек. Бұл - оқиғасы бір бағытпен өрбімейтін ерекше сериал. Жоба мобильді қосымша форматында ұсынылады, осы арқылы қолданушылар сюжеттің өрбуін өзі таңдаған кейіпкер арқылы бақылай алады.

Режиссер «Мозаиканың» жанрын тарамдалған сюжеті бар интерактив деп анықтайды. Интернет-қолданушылар қабылдаған ортақ шешімге орай дербес оқиға құрастырылады: көрермен сюжеттің дамуын өзі ұнатқан нұсқа арқылы таңдай алады, сәйкесінше әр қолданушының өз финалы болады. Соны кейін режиссерлік нұсқамен салыстыра алады.

Түсірілімге 3 жылдан астам уақыт кеткен. Сюжетті құрастыруға арналған мобильді қосымша 2017 жылғы қарашадан бастап іске қосылған. Ал телевидениеде сериал бір ғана нұсқада көрсетіледі. Премьерасы 2018 жылы 22 қаңтарда, «HBO» арнасы.

Ресми трейлер:

 

УЭЙКО / WACO

Мини-сериал форматындағы жоба 1993 жылы болған оқиғаға сүйенген. Діни сектанттар бақылауындағы «Маунт Кармел» ранчосының тұрғындары заңсыз қару сақтаған деген күдікке ілінеді. Құқық қорғау органдарының сарбаздары басып кірмек болады. Сектанттар мен агенттер арасында атыс болады. Нәтижесінде ранчо 51 күн бойы қоршауға алынады. Осы уақыт ішінде сектаның 82 мүшесі және 4 федерал агенті қаза тапты.

Актерлік құрамда Майкл Шеннон, Тейлор Китч, Джон Легуизамо секілді жұлдыздар бар. Жобаны жасаушылар – хоррор жанрында жұмыс істеп жүрген Джон Эрик Даудл мен Дрю Даудл.

«Уэйко» 24 қаңтардан бастап «Paramount Network» арнасынан көрсетіледі.

Ресми трейлер:

 

ДЕНЕҢДІ ШЫНЫҚТЫР / LET’S GET PHYSICAL

Сюжет Джо Форс есімді жас та жұмыссыз жігіт төңірегінде өрбиді. Кезінде аэробиканың көкесі атанған оның әкесі қайтыс болған соң, әкеден қалған мұраны жалғастыру үшін фитнес индустриясына оралуға мәжбүр болады. Бұған анасы көмекке келеді. Үйіне оралған соң Джо бұрынғы қарсыласы Барри Кросспен және оның әйелі, кезінде өзі ғашық болған Клаудиямен кездесуге мәжбүр болады.

Басты рөлде «Жанкешті» («Breaking Bad») сериалынан белгілі Мэтт Джонс ойнайды. Комедия сериалды «Pop TV» арнасы 24 қаңтардан бастап көрсетеді.

Ролик:

 

ЖАҚСЫ ҚЫЗДАР / GOOD GIRLS

Драмеди форматындағы тележоба тұрмыс жағдайы нашарлап кеткен үш әйел туралы. Олар супермаркет тонауға мәжбүр болады. Алайда дүкеннің менеджері олардың біреуін танып қалады.

Басты рөлдерде Кристина Хендрикс, Ретта, Мэй Уитман ойнайды. Жобаны жасаушы - «Үй шаруасындағы өжет әйелдер» («Desperate Housewives»), «Грейдің анатомиясы» («Grey's Anatomy») секілді сериалдардың өндірісіне атсалысқан Дженна Бэнс.

Премьерасы «NBC» арнасында 26 ақпаннан бастап.

Ресми трейлер:

 

ЕЛЕС ҒИМАРАТ / THE LOOMING TOWER

Лоуренс Райттың Пулитцер сыйлығын алған аттас кітабына негізделіп жасалған мини-сериал. Сюжетте 2001 жылы 11 қыркүйектегі трагедияға алып келген оқиғалар туралы баяндайды.

Екі агент, біреуі федералдық тергеу бюросында, екіншісі орталық барлау басқармасында жұмыс істейді. Екеуі Осама бен Ладеннің көзін құрту жолында бірлесіп жұмыс істейді. Алайда бұл істі жүзеге асыру үшін екі ұйым бір-бірімен бәсекеге түсе бастайды. Ақырында осының кесірінен террористік элементтер бақылаудан тыс қалады. Нәтижесі Нью-Йорктағы оқиғаға алып келеді.

Рөлдерде Тахар Рахим, Джефф ДэниелсПитер Сарсгаард, Алек Болдуин ойнайды. Сериал «Hulu» сервисіне 28 ақпанда шығады.

Ресми трейлер:

Қосымша:

1 бөлік: 2017 жылғы қыстың жаңа сериалдары (#1)

2 бөлік: 2018 жылғы қыстың жаңа сериалдары (#2)

Пікірлер