• Біздің парақшалар:

2018 жылғы көктемнің жаңа сериалдары (#1)

2018 жылдың көктемінде қызықты жаңа сериалдар порциясы күтіп тұр. Солардың арасынан тартымдыларын іріктеп алып, назарларыңызға ұсынып отырмыз. Әлбетте дәстүр бойынша - тек премьералар туралы айтамыз.

БИОЛОГИЯ САБАҒЫ / A.P. BIO 

Гарвардта философияны оқытқан профессор Джек Гриффин (Гленн Хоуэртон) туралы комедия сериал. Ол жұмысынан айырылып, туған жері Толедоға қайтып оралады. Осы жерге келіп орта мектепке биология пәнінің мұғалімі болып орналасады. Джек оқушыларға қатардағы оқытушы емес екенін бірден білдіреді, сонысымен шәкірттеріне ұнап қалады. Алайда оның да өз діттегені бар. 

Сериал көрсетілімі NBC арнасына 1 наурыздан бастап шығады.

Сник пик:

 

ҚАТАЛ КҮН / HARD SUN

Пре-апокалиптикалық британ драмасы. Авторы – «Доктор кім» («Doctor Who»), «Лютер» («Luther») секілді сериалдарда жұмыс істеген Нил Кросс. Ал режиссері – «Декстер» («Dexter»), «Лютер» («Luther»), «Астыртын империя» («Boardwalk Empire»), «Тақтар ойыны» («Game of Thrones») секілді сериалдарға қатысқан Брайан Кирк. Басты рөлдерде Джим Стёрджесс пен Агнесс Дейн ойнайды. 

Сюжетте қазіргі Лондон көрсетіледі. Басты кейіпкерлер – мінезі мен көзқарасы бір-біріне ұқсамайтын детективтер Хикс пен Ренко. Әлемге апокалипсис жақындап келеді. Осы қарбаластың фонында олар заң мен тәртіптің сақталуы үшін күреседі. 

Сериалдың британдық премьерасы 2018 жылы 6 қаңтарда өтті. Ұлыбритания көрермендері оны BBC One арнасынан тамашалады. Ал АҚШ пен басқа елдер үшін Hulu сервисінде 7 наурыздан бастап қолжетімді болады.

Ресми трейлер:

 

СЕРТ / THE OATH

Шон Биннің қатысуымен түсірілген қылмыстық драма. Жобаға «Құпиялар мен өтіріктер» («Secrets and Lies») сериалының өндірісіне қатысқан Джо Хэлпин жетекшілік етеді, ал продюсерлер қатарында рэпер 50 Cent бар. 

Сериалда Том Хэммонд есімді екі өмірі бар полицей жайында баяндалады. Ол заң сақшысы болғанына қарамастан қандықол қылмыскер. Том «Қарғалар» деп аталатын, полиция қызметкерлерінен құралған қылмыстық топтың басшысы. Оның ісі туралы ФТБ агенті біліп қалады. Ол сотталып, ұзақ мерзім алып абақтыға қамалады. Алайда бұрынғы полицей еркіндікке шығуға асығады. Ол сатып кеткен адамдардан кек алуды көздейді. 

Сериал 8 наурызда Crackle сервисіне шығады.

Трейлер:

 

ЧЕМПИОНДАР / CHAMPIONS 

Сценарийші, продюсер Чарли Гранди мен актриса Минди Кейлинг жасаған комедия сериал. Минди Кейлинг бұл жобаға сценарий авторы, продюсер, актриса ретінде қатысты. 

Винс есімді жігіт мектеп кезінде бейсбол жұлдызы еді. Бәрі оның келешегінен үміт күтті, спорт жұлдызы болады деп ойлайды. Алайда Винс арманынан бас тартып, отбасы бизнесімен айналысады. Бірде оған бұрын жүрген қызы Прия он бес жасар ұлымен келеді. Ол Майкл деген баласы бар екенін осы күнге дейін білмеген еді. Енді оған әке болу жауапкершілігі жүктеледі.

Камералы комедия NBC арнасында 8 наурыздан бастап көрсетіледі.

Ролик:

 

ИНСТИНКТ / INSTINCT

Детектив сериал Джеймс Паттерсонның «Өлім ойыны» («Murder Games») романына негізделген. 

Сериал ОББ бұрынғы агенті, қазір профессор болып, жазушылықпен айналысып жүрген Дэниел Рейнхарт туралы. Ол сериялы кісі өлтірушіні қолға түсіру үшін Нью-Йорк полиция департаментіне көмектесуге келісім береді. 

Алан Камминг пен Бояна Новакович ойнайтын жобаның премьерасы CBS арнасында 11 наурыздан бастап.

Трейлер:

 

ҚУЛЫҚ / DECEPTION

Иллюзионист туралы қылмыстық драма. Актерлік құрамда ағылшын актері Винни Джонс бар. Ал басты рөлде – осыған дейін «Дюнкерк», «Kingsman: Құпия қызмет» секілді фильмдерде көрінген Джек Катмор-Скотт. 

Сериалда карьерасын скандалмен аяқтаған Кэмерон Блэк есімді иллюзионис жайында баяндалады. Ол ФТБ-ға қалыптан тыс қылмыстарды тергеуге көмектестесуге бел байлайды. 

Сериал ABC арнасының эфиріне 11 наурызды шығады.

Ресми трейлер:

 

ШАРЫҚТАУ / RISE

Жазушы және саясат белсендісі Майкл Соколовтың «Drama High» кітабына негізделіп жасалған теледрама. Ал шығармаға өмірде болған мектеп мұғалімінің қайраткерлігі арқау болған. 

Сюжеті Лу Мадзукелли есімді тұйық, өзіне сенімсіздеу, алайда өз ісіне берілген оқытушы төңірегінде өрбиді. Бір күні ол бар батылдығын жинап, жағдайы мәз емес мектеп театрын өз қолына алады. Оның табандылығының арқасында балаларда үміт пайда болады. Ақырында оның қайраткерлігі театр үйірмесіне ғана емес, бүкіл қалаға оң әсерін береді. 

Басты кейіпкерді «Сендердің аналарыңды қалай кездестірдім?» («How I Met Your Mother») сериалының жұлдызы Джош Рэднор ойнайды. Сериал 13 наурыздан бастап NBC арнасынан көрсетіледі.

Ролик:

 

АДАМДАР ҮШІН / FOR THE PEOPLE

Заңгерлік драма жанрындағы телесериал. Оқиғасы Нью-Йорктың оңтүстік округының федералдық сотында өрбиді. Айыпталушы жағында да, қорғалушы жағында да жұмыс істейтін жас заңгерлер командасы неше түрлі күрделі істермен айналысады. 

Сериал авторы - Пол Уилльям Дэвис, «Скандал» («Scandal»), «Сатқындық» («Betrayal») сериалдарын жасаушы. 

Теледрама ABC арнасының эфиріне 13 наурызда шығады.

Ресми трейлер:

Жалғасы бар...

Пікірлер