• Біздің парақшалар:

2018 жылғы көктемнің жаңа сериалдары (#2)

2018 жылдың көктемгі телепремьералар туралы материалдың екінші бөлігі. 

КРИПТОН / KRYPTON 

Блэйд туралы трилогияға, Кристофер Ноланның Бэтмен туралы трилогиясына және Зак Снайдердің «Болат адамы» («Man of Steel») мен «Бэтмен Суперменге қарсы: Әділет таңы» («Batman v Superman: Dawn of Justice») блокбастерлеріне сюжет жасаған Дэвид С. Гойерден жаңа тележоба. Сериал Суперменнің отаны – Криптон планетасына арналған. Оқиғасы Болат адам туғанға дейін 200 жыл бұрын өрбиді. 

Негізгі сюжет Суперменнің ата-бабасы – Элдер отбасы төңірегінде болады. Сэг-Эл отбасының ар-намысы үшін күреседі. 

Премьерасы: 21 наурыз, Syfy арнасы.

Трейлер:

 

АЛЕКСА МЕН КЭТИ / ALEXA & KATIE 

Жасөспірімдер өмірін суреттейтін ситком. Басты кейіпкер – тинейджер Алекса. Одан онкологиялық дерт анықталады. Қыз химиотерапиядан өтеді және жоғарғы мектепке ауысуға дайындалып жүреді. Құрдастарының келекесі мен ішкі уайымынан құтылуға құрбысы Кэти көмектеседі. 

Сериал онкологияға шалдыққан жасөспірімдерді қолдау үшін Американың онкологиялық қоғамымен бірлесіп әзірленген. 

Netflix сериалды 23 наурызда жарыққа шығарады.

Ресми трейлер:

 

СЕНІМ / TRUST 

Антология форматында шығатын америкалық сериал. Алғашқы маусымды түсірген режиссерлер қатарында Дэнни Бойл бар («Трейнспоттинг», «Жағажай» / «The Beach», «28 күннен соң...» / «28 Days Later...», «Жарлыдан шыққан миллионер» / «Slumdog Millionaire», «127 сағат» / «127 Hours», «Транс»). 

Сюжетке 1973 жылы Римде болған оқиға негіз болған. Миллионердің немересі Джон Пол Гетти ІІІ-ні итальян мафиясының мүшелері ұстап алып кетеді. Қылмыскерлер оның құнына көп қаржы талап етеді, алайда оның атасы – мұнай магнаты көк тиын да бермейтінін айтады. Тек анасы ғана баласын құтқару үшін барын салды. 

Рөлдерде Дональд Сазерленд ( Джон Пол Гетти), Хилари Суэнк ( Абигейл Гетти), Харрис Дикенсон (Джон Пол Гетти III), Брендан Фрейзер (Джеймс Флетчер Чейс) ойнайды. 

Айтпақшы дәл осы оқиғаның кинодағы экранизациясы жақында ғана шыққан еді. «Әлемнің бүкіл ақшасы» («All the Money in the World») деп аталатын картинаны Ридли Скотт түсірді. 

«Сенім» FX арнасынан 25 наурыздан бастап көрсетіледі.

Трейлер:

 

БАРРИ / BARRY 

«Силикон алқабы» («Silicon Valley») сериалының авторы Алек Берг пен актер Билл Хейдер жасаған қара комедия жанрындағы сериал. 

Сюжет бойынша Барри есімді бұрынғы теңіз жаяу әскерінің сарбазы киллер болып күн көріп жүреді. Кезекті тапсырысын орындау үшін Лос-Анджелеске барып, тағдырдың жазуымен актерлік шеберлік курсына тап болады. Шығармашыл ортаға тап болған соң ол актер болуға шешім қабылдап, өмірін түбегейлі өзгертпек болады. 

Сериалда басты рөлде Билл Хейдердің өзі. Премьерасы 25 наурызға белгіленген, HBO арнасы.

Ресми трейлер:

 

ТЕРРОР / THE TERROR 

Америка жазушысы Дэн Симмонстың аттас романына негізделген теледрама. 

Фантастикалық сюжетке шын оқиға арқау болыпты. Бұл 1845-1848 жылдары поляр экспедициясын ұйымдастыран ағылшын зерттеуші Джон Франклин туралы оқиға. Осы оқиғаға көркемдік әсіре суреттеу, эскимостар мифологиясы қосылған. 

«Террор» - 1845 жылы Канаданың солтүстік жағалауына аттанған кеменің атауы. Із-түссіз жоғалып кеткен команданы іздеу ондаған жылдарға созылады. Түпнұсқа шығарманың авторы бұл оқиғаға қатысты өз нұсқасын жазыпты. 

Премьерасы 26 наурызға белгіленген, ұсынатын AMC арнасы.

Трейлер:

 

РОЗАННА / ROSEANNE 

1988-1997 жылдар аралығында көрсетілген «Розанна» ситкомының әлде жалғасы, әлде ребуты. Қалай болғанда да арада 20 жыл өткеніне қарамастан түпнұсқа актерлік құрам сақталыпты: Розанна Барр, Джон ГудманЛори Меткаф, Джонни Галеки

Сюжет ортасында – жұмыс табының өкілінен саналатын қарапайым америкалықтардың күнделікті өмірі. Соның ішінде Коннерлер отбасы. Күн сайын олар ұрысады, татуласады, түрлі келеңсіз жайттарға тап болады, одан шығу үшін бір-біріне көмектеседі. Отбасы мәселелерін шешу, отбасы мүшелерін қиын жағдайдан алып шығу – отанасы Розаннаның негізгі міндеті. 

ABC телеарнасы сериалды 27 наурыздан бастап көрсетпек.

Ролик:

 

БІРІГІП АЖЫРАҒАНДАР / SPLITTING UP TOGETHER 

Даттың «Bedre skilt end aldrig» деген ситкомына негізделген америкалық бір камералы ситком.

Сериалда Лена мен Мартин деген ерлі-зайыптылар туралы баяндалады. Олар махаббат сөнгенін, отбасылық өмір аяқтала келгенін түсінеді. Сондықтан ажырасуға шешім қабылдайды. Алайда ажырасу олардың қарым-қатынасын қайта жандандырады. 

Алғашқы сериясы ABC арнасының эфиріне 27 наурызда шығады.

Ресми трейлер:

 

АЛЕКС КОРПОРАЦИЯСЫ / ALEX, INC. 

Зак Брафф режиссер, актер, атқарушы продюсер болған тележоба. Сериал радиожурналист Алекс Блумбергтің Gimlet Media деген стартапты іске асыру әрекеті туралы өзінің подкастына негізделген. 

Ситком форматындағы хикаяның басты кейіпкері – радиожурналист Алекс Шумен. Ол жұмысын тастап, өз компаниясын құрмақ болады. Алайда бәрі өзі ойлағандай оңай емес екенін түсінеді. 

Бұл да ABC телеарнасынан көрсетіледі, премьерасы 28 наурыз.

Ресми трейлер:

Жалғасы бар...

Пікірлер