• Біздің парақшалар:

2018 жылғы жаздың жаңа сериалдары

2018 жылдың жазында шығатын жаңа сериалдардың арасынан іріктеп, үздік жетеуін таңдап алдық. 

СТРАЙК / STRIKE 

Атақты ағылшын жазушысы Джоан Роулингтің қылмыстық трилогиясының экранизациясы. Жазушы бұл шығармасын Роберт Гэлбрейт деген псевдониммен жазған.

Сюжетте ауған соғысының ардагері Корморан Страйк туралы айтылады. Шайқастан аяқсыз оралып, жеке детектив болып істейді. Соғыста алған психологиялық және физикалық проблемалары қиын істердің түйінін шешуге көп көмектеседі. Робин Эллакот есімді маман оған көмекші болып қосылады.

Телешоу Ұлыбритания территориясында BBC арнасынан 2017 жылғы 27 тамыздан бері көрсетіліп келеді. Ал әлем жұртшылығына 2018 жылы 1 маусымнан бастап ұсынылады.

 

ПОЗА / POSE

Бұл «Американың хоррор оқиғасы» («American Horror Story»), «Американың қылмыс оқиғасы» («American Crime Story») секілді антологияларды шығарған Райан Мерфидің жаңа жобасы.

Мюзикл драмасының оқиғасы 1980 жылдары Нью-Йоркте өрбиді. Екі транссексуал артист карьера құру үшін үлкен қалаға келеді. Олар да өзгелер секілді армандайды, ғашық болады және табысты болғысы келеді.

Айталық Райан Мерфидің өзі ашық гомосексуалдар қатарынан. Түсірілімге шын транссексуалдар қатысыпты. Режиссердің айтуынша «Поза» ЛГБТ кейіпкерлер саны жөнінен барлық рекордты жаңартып, телевидениедегі ең ауқымды «трансгендер мюзиклы» болмақшы.

Сериалдан Эван Питерс, Кейт Мара секілді жұлдыздарды көреміз. FX арнасы көрсететін сериалдың премьерасы 3 маусымда.

 

МҰРАГЕРЛІК / SUCCESSION

Бұл жобаға Адам МакКей мен Джесси Армстронг атсалысқан. Біріншісі «Үлкен құнсыздану ойыны» («The Big Short») фильмінің сценариі үшін «Оскар» алса, екінші маман әйгілі «Қара айна» («Black Mirror») сериалының өндірісіне қатысушы ретінде белгілі.

Сюжет бойынша Логан Рой (Брайан Кокс) - Waystar Royco халықаралық медиа конгломератының қартайған басшысы. Компания басшылығы енді үлкен ұлына өтпекші, алайда бұл орындалғанша бүкіл отбасы мүшелері билікке таласып, астыртын ойынға көшеді.

HBO арнасының қара комедиясы 3 маусымнан бастап көрсетіледі.

 

КОНДОР / CONDOR

Сидни Поллак түсірген, 1975 жылы шыққан кинофильмнің телеремейкі. Түпнұсқа картинада басты рөлде Роберт Редфорд ойнаған еді.

Теленұсқада басты кейіпкерді Макс Айронс (Джереми Айронстың ұлы) сомдайды. Сюжет желісі америкалық қаламгер Джеймс Грейдидің «Кондордың алты күні» («Six Days of the Condor») кітабына құрылған.

Сериал оқиғасы Орталық барлау басқармасының жаңа қызметкері Джо Тернер төңірегінде өрбиді. Ол екі әріптесінің өлтірілгеніне еріксіз куә болып, осыдан кейін оған қарсы ұйымдастырылған қастандыққа ұрынады. Тек басты кейіпкердің ғана емес, бүкіл Америка халқына қауіп төнеді.

Audience арнасы телесериалды 6 маусымнан бастап көрсетеді.

 

КАСЛ-РОК / CASTLE ROCK

Сериалға Стивен Кингтің бір емес, бірнеше шығармасы қатарынан негіз болған. Оқиғасы Касл-Рок қалашығында өрбиді.

Жобаға Дж. Дж. Абрамс жауапты. Әзірге түрлі шығармалардың кейіпкерлері бір сериалда қалай ұйқасады деген сұраққа жауап жоқ. Жоба антология форматында, яғни әр серияда бір-бірімен байланыспайтын түрлі оқиғалардан құралуы мүмкін. Белгілісі – негізгі рөлдердің бірін Билл Скарсгард ойнайды. Ол осыған дейін Стивен Кингтің «Әлдекім» («It») романының экранизациясында қорқынышты клоун Пеннивайз рөлінде көрініп еді.

«Касл-Рок» 25 шілдеде Hulu сервисіне шығады.

 

КҮНӘСІЗДЕР / THE INNOCENTS

Бұл сериалды қысқаша Ромео мен Джульетта хикаясының фантастикалық нұсқасы деуге болатын шығар. Жобаға режиссерік еткендердің біреуі - осыған дейін Marvel-дің «Басбұзар» («Daredevil»), «Темір жұдырық» («Iron Fist»), «Қорғаушылар» («The Defenders») сериалдарын түсірген Фэррен Блэкберн.

Сюжетте Гарри мен Джун есімді жасөспірімдер сөз болады. Екеуінің қарым-қатынасына ескішіл ата-аналар қарсы, сондықтан бірге болу үшін олар үйден қашып кетеді. Осыдан кейін тағы бір сырдың беті ашылады: қыз қасқыр-адам болып шығады.

Басты рөлдегі жас актерлер Сорча Граундселл мен Percelle Ascott-тан бөлек белгілі актер Гай Пирс ойнайды. Netflix үшін жасалған жоба 24 тамызда жарық көреді.

 

ДЖЕК РАЙАН / TOM CLANCY'S JACK RYAN

«Жоғалғандар» («Lost») сериалында бірге жұмыс істеген сценарийшілер Карлтон Кьюз бен Грэм Роландтың жаңа жобасы. Сериал Том Клэнсидің Джек Райан туралы романдар сериясының кейіпкерлері негізінде жасалып отыр.

Сюжет бойынша Орталық барлау басқармасының аналитигі Джек Райан банк аударымдарынан күмәнді операцияларды көреді. Осыған қатысты өз тергеуін бастайды. Ол үшін үйреншікті офисін тастап, бүкіл Еуропа мен Таяу Шығысты аралайды, АҚШ-қа жаппай шабуыл дайындап жатқан террористердің соңына түседі.

Джек Райанның оқиғалары алғаш рет экрандалып отырған жоқ. Осыған дейін америкалық барлаушы туралы бес кинофильм жарық көрген екен. Ол туралы мына жерден оқыңыз: Джек Райанды сомдаған актерлер.

Сериалдық нұсқада басты рөлде Джон Красински ойнайды. Ол жақында «Тым-тырыс мекен» («A Quiet Place») үрейлі драмасын жарыққа шығарды. Премьерасы Amazon Video сервисінде 31 тамызда.

Пікірлер