• Біздің парақшалар:

«Альфа»: қасқыр қалай итке айналды

«Альфа» («Alpha») фильмі соңғы Мұз дәуірі кезеңінің эпикалық оқиғаларына толы. Картина адамның төрт аяқтылар арасындағы алғашқы досының пайда болуы туралы әдемі оқиғаны шынайы түрде баяндайды.

Тайпасымен бірге аңға бірінші рет шыққан жасөспірім жарақат алып, өз тобынан ажырап қалады. Енді ол жабайы табиғатпен жалғыз күресуге мәжбүр болады. Бала үйірінен қалып қойған жаралы қасқырды қолға үйретеді. Олар аман қалу үшін бір-біріне сенім артуды үйренеді, одақтасқа айналады. Екеуі түрлі қауіпке бірге қарсы тұрады, оларды біріктіретін бір мақсат – қыс түскенше үйге жету.

Жиырма мың жыл бұрын алғашқы қауымдар қатал табиғат пен қиыншылыққа қолдан келгенше төтеп беруге тырысты. Осындай ауыр кезеңде жаулар достасуға мәжбүр болды. Қиын жағдайға тап болған бала мен қасқырдың достығы әлемді түбегейлі өзгертті, ізгіліктің бастауы болды.

Фильмнің басты кейіпкері – он жеті жасар солютрейлік Кеда, кроманьондардың ең дамыған тайпаларының өкілі. Соңғы Мұз дәуірінің аяғына таман бұл тайпалар қазіргі оңтүстік Франция мен Испания аумағында мекен етті. Сол кездерде Еуропаның көп бөлігі өмір сүруге жарамсыз болды және қалыңдығы үш шақырым болатын мұз басып жатты. Суық жел соғып тұратын, қысы ұзақ және тоғыз айға созылатын, ал азық іздеген қауіпті жыртқыштар далада өріп жүрді. Тайпалар бір-бірінен алшақ тұрды, аман қалуға қажетті отбасы мен қоғам заңдарын қатаң сақтады.

Кеда - әкесі Таумен және тайпаның басқа да мүшелерімен бірге өмірінде алғаш рет аңға шығады. Қыс алдында олар азық жинау үшін бизон ауламақшы. Аңшылық кезінде тәжірибесіз жасөспірім үрейге бой алдырады. Оны жануар сүзіп жарақаттайды да, жардан құлатады. Сөйтіп тайпаластарынан ажырап, үйінен алыстап қалады. Кейіпкерді көп қиындық күтіп тұр: аштық, сырқат, суық және жыртқыштар.

Бірде Кедаға қасқырлар үйірі шабуылдайды. Қорғанып жүріп ол біреуін жаралайды. Үйірі оны тастап кетеді. Кеда қасқырға жаны ашып, оны үңгірге алып келеді. Қауіп-қатерден бірге жасырынған екеуі бір-біріне үйренісе бастайды.

Кеда мен Альфа сөйтіп достасады. Олар бірге аңшылық құрады, бірге қоректенеді, тіпті бірге ойнайды.

Фильмде басты рөлдерді Австралия актері Коди Смит-Макфи (Кеда) мен Исландия актері Йоуханнес Хёйкьюр Йоуханнессон (Тау) ойнайды. Қасқыр Альфа рөлінде чех қасқыр-иті Чак. Жалпы актерлік құрам халықаралық дәрежеде жасақталған, олардың арасында Чилий, Польша, Швейцария, Норвегия, Бельгия, Канада өкілдері де бар. Фильмге Альберт Хьюз режиссер болды, ол «Илайдың кітабы» («The Book of Eli») картинасымен белгілі.

Киноны жасаушылар 20 мың жыл бұрынғы Жерді мейілінше шынайы көрсетуге тырысты. Сондықтан олар Лондондағы Британ музейінің көне дәуір бөлімінің аға кураторы, доктор Джилл Куктың көмегіне жүгінген. Ол фильмнің техникалық консультанты болды.

Альфаны чех қасқыр-иті ойнады. Бұл тұқым қасқырға өте ұқсас және үйренуге бейім. Чех қасқыр-иті 1955 жылы неміс овчаркасы мен карпат қасқырын будандастыру арқылы шығарылған. 1982 жылы қасқыр-ит Чехословакияның  ресми ұлттық тұқымы деп мойындалды. Фильмге түскен ит Франциядан табылды.

Режиссер кадрда бәрі эмоциямен берілгенін қалады. Сондықтан да сценарийде диалог аз. Алайда сол заманның тілін пайдалану қажет болды. Антрополог Кристин Шрайер кроманьон тілін құрастыруға көмектескен. Үш айдан астам уақыт жұмыстың нәтижесінде Шрайер қолдануға жарамды тілді жасап, мың жарымдай сөзден құралған сөздік құрастырып шыққан.

Актерлер жаңа тілді үйреніп қоймай, алғашқы қауымдық құрылыстың құрал-саймандары мен қару-жарақтарын пайдалануды меңгерді.

«Альфа» қызық оқиғалы экшнын Қазақстан көрермендері 23 тамыздан бастап көре алады.

Пікірлер