• Біздің парақшалар:

2018 жылғы күздің жаңа сериалдары: #1 бөлік

2018 жылдың күзінде шығатын жаңа сериалдар туралы материалдар легін бастаймыз. Бүгін әйгілі "Анархия ұлдарының" спин-оффы, "Тазарту" хоррор-фильмдер сериясына негізделген теледрама, Джим Керри түскен комедия, Шон Пеннің қатысуымен түсірілген фантастикалық драма туралы айтамыз.

МАЯНДАР | МАЙЯНЦЫ | MAYANS MC 

«Анархия ұлдары» («Sons of Anarchy») сериалының спин-оффы. Оқиғасы аталған сериалдың ақырғы эпизодынан кейін екі жыл жарым өткен соң басталады. Басты кейіпкер - Эзекьель Рейес, Калифорния мен Мексика шекарасындағы «маяндықтардың» клуб мүшелігіне кандидат, наркокартелден кек алуды көздейді. 

Сериалды жасаушылардың бірі - Курт Саттер, әлгі «Анархия ұлдарын» шығарғандардың бірі. 10 эпизодтан тұратын алғашқы маусым 4 қыркүйекте FX арнасына шығады. 

 

ТАЗАРТУ | СУДНАЯ НОЧЬ | THE PURGE 

Аттас хоррор-франшизаға негізделген сериал. «Судная ночь» деген атпен белгілі фильмдер сериясын көрген адамдарға оның концепциясы мен құрылымы белгілі: антиутопия әлемде жылына бір рет бассыздық жасауға рұқсат етіледі. 12 сағат ішінде вандализм, кісі өлтіру, өртеу мен тонау заңды болып саналады. Алайда жылдың қалған уақытында бір де бір қылмыс болмайды. 

Сериал да осы концепциядан алыстамайды. Тазарту түні қарсаңында АҚШ армиясының жауынгері қарындасынан біртүрлі хат алады. Жыл сайынғы бассыздық басталардың алдында ол отбасын қорғау үшін үйіне келеді. 

Кинофраншизаның үш бөлімін түсірген Джеймс ДеМонако теленұсқаның да өндірісін басқарды. Одан бөлек Майкл Бэй, Джейсон Блум, Эндрю Форм, Брэдли Фуллер секілді продюсерлер де өз міндеттерін қайталап отыр. 

«Тазарту» USA Network арнасында 4 қыркүйектен бастап көрсетіледі. 

 

РЭЛ | REL 

Бұл комедияны жасаушы және басты рөлде ойнаушы - Лил Рэл Ховери. Сюжетте отбасы күйрегеннен кейін өмірін дұрыс жолға қайта қоюға тырысқан комик туралы айтылады. Оның үстіне ажырасуға себеп болған масқара да көпшілікке тарай бастайды. Сондықтан абыройын да қайтару міндеті тұр. 

Әзірге әрқайсысы 30 минуттан тұратын 6 эпизод туралы белгілі. Премьерасы 9 қыркүйекте Fox арнасында. 

 

ӘЗІЛ | ШУЧУ | KIDDING 

Басты актер ретінде Джим Керридің өзі түскен комедиялы драма. Режиссері – «Таза сананың мәңгілік жарқырауы» («Eternal Sunshine of the Spotless Mind») фильмін түсірген Мишель Гондри. Актерлік құрамда Кэтрин Кинер, Фрэнк Ланджелла мен Джуди Грир бар. 

Басты кейіпкер – Джефф, балаларға арналған бағдарлама жүргізетін жұлдыз, сырт көзге мейірім де көңілді адам. Алайда отбасында жағдай мәз емес. Отбасы мүшелерімен болған конфликт оны әбден тығырыққа тірейді.

«Әзіл» Showtime арнасының эфиріне 9 қыркүйекте шығады. 

 

СЕН | ТЫ | YOU 

Кэролайн Кепнестің аттас романына негізделген драмалы триллер. Креатившілері – «Жебе» («Arrow»), «Флэш» («The Flash») сериалын жасаған Грег Берланти мен «Супернатурал» («Supernatural») авторы Сера Гэмбл. 

Сюжетте кітап дүкенінің менеджері туралы баяндалады. Ол жас, талантты жазушы қызбен танысып, оған ғашық болады. Бастапқыда оны сырттай бақылап, әлеуметтік желідегі профиліне кіріп қызығушылық танытады. Уақыт өте келе бұл еліту шамадан тыс құлай берілуге ұласады. Ол тіпті қызға қол жеткізу үшін адам өлтіруге дайын. 

Сериалды Lifetime арнасы 9 қыркүйектен бастап ұсынады. 

 

ТҰҢҒЫШ ПЕРВЫЕ | THE FIRST 

Адамдардың Марсқа алғашқы сапары туралы баяндайтын фантастикалық драма. Сериалды «Картадан тұрғызылған үй» («House of Cards») авторы Бо Уиллимон жасап отыр. Басты рөлде - Шон Пенн

Оқиғасы болашақта өрбиді. Марсқа тұңғыш рет адам мінген кеме аттанады. Сюжетте алғашқы адамдардың қиындықтары, колонизацияның қыр-сыры көрсетіледі. 

Сериалды Hulu сервисі 14 қыркүйектен бастап көрсетеді. 

 

АЙДАҺАР ХАНЗАДА | ПРИНЦ-ДРАКОН | THE DRAGON PRINCE 

«Аватар: Соңғы Соңғы құбылыс билеушісі» («Avatar: The Last Airbender») мультсериалын жасаған Аарон Ехазтың тағы бір анимациялық жобасы. 

Сюжетте Каллум және Эзран деген ағайынды ханзадалар туралы айтылады. Эльфтер оларды өлтіру үшін ассасинін жібереді. Алайда бір-біріне жау болып келген екі халықты бітістіру үшін үшеуі күш біріктіреді. 

Netflix сервисі бұл жобасын 14 қыркүйекте жариялайды.

Жалғасы бар...

Пікірлер