• Біздің парақшалар:

2018 жылғы күздің жаңа сериалдары: #2 бөлік

2018 жылдың күзінде шығатын жаңа сериалдар туралы материалдар легінің екінші бөлігі. Бұнда Джона Хилл мен Эмма Стоун түскен Netflix жобасы туралы және басқа да телепремьералар туралы айтамыз.

ЛИБЕРТИ-СИТИ ЖАУЫНГЕРЛЕРІ | ВОИНЫ ЛИБЕРТИ-СИТИ | WARRIORS OF LIBERTY CITY 

Бұл деректі спорт драмасы. 6 бөлімнен тұратын сериалды жасаушы америкалық документалист Ивэн Розенфельд. 

Либерти-Сити – Майамидің қылмыс көп болатын ауданы. Алайда бұл жерден талай атақты футболшылар шыққан. Liberty City Warriors деген бағдарлама аясында осындағы жастарды үлкен футболға тарту бойынша жұмыстар жүргізіледі. Бұл идеяны іске асыруға «Люк аға» деген атпен белгілі хип-хоп пионері Лютер Кэмпбелл көмек көрсетеді. 

«Либерти-Сити жауынгерлері» Starz арнасына 16 қыркүйектен бастап шығады. 

 

ЖАҚСЫ КОП | ХОРОШИЙ КОП | GOOD COP 

Израильде осындай атпен сериал бар екен. Бұл соның ремейкі десе де болады. Сериалдың креатившісі – Энди Брэкман («Дефективный детектив»). 

Сюжетте Тони есімді бұрынғы полицей туралы айтылады. Оның мінезінің бір ерекшілігі – ол ешқашан ереже қолданбайды, бәрін өзінше шешеді. Тонидің ұлы бар – кіші Тони. Баласы әкесіне тартпаған, керісінше, өте адал детектив және бәрін тура нұсқаулықтағыдай жасайды. Ұлының аңқаулығын көріп, әке қарап отыра алмайды. Ол баласына түрлі жағдайларда кеңес беріп, оның биресми әріптес серігіне айналады. 

Netflix сервисінің жобасы 21 қыркүйекте жарық көреді. 

 

МАНЬЯК | MANIAC 

Фантастикалық комедияға Джона Хилл мен Эмма Стоун секілді жұлдыздар тартылып отыр. Жобаны жасаушы - Кэри Фукунага («Настоящий детектив», «Оно»). 

Сюжет Энни Лендсберг және Оуэн Милгрим деген екі кейіпкердің төңірегінде өрбиді. Олар жаңа дәрінің сынағына қатысуға келісім береді. Әрқайсысының бұған өз себебі бар. Энни жақында болған сәтсіз махаббатының қайғысынан айырылғысы келеді, Оуэн шизофренияға душар болған. Жаңадан жасалған дәрі барлық дертке ем дейді. Алайда оның кері салдары туралы ешкім айтпайды. 

Бұл да Netflix-тің жобасы, премьерасы 21 қыркүйекте. 

 

ЖЕКЕ ДЕТЕКТИВ МАГНУМ | ЧАСТНЫЙ ДЕТЕКТИВ МАГНУМ | MAGNUM P.I. 

1980 жылы шыққан аттас сериалдың ремейкі. Пилот эпизодын Джастин Лин («Форсаж» - 4, 5, 6 бөлімдерінің режиссері) түсірген. Басты рөлде «Хостел», «Көшпенділер»  секілді фильмдерге түскен Джей Эрнандес.

Сюжет бойынша Ауғанстаннан оралған сарбаз Гавайида тергеуші болуға бел байлайды. Бұл ісіне іскери дағдылары көп көмектеседі. 

Сериалды CBS арнасы 23 қыркүйектен бастап көрсетеді. 

 

МАНИФЕСТ | MANIFEST 

Жоғалған ұшақ жолаушылары туралы мистикалық драма. Сериалдың шоураннері Джефф Рейк бұған дейін «Сүйектер» («Bones») теледрамасын жасауға атсалысқан. 

Сюжетте аспанда дауылға ұрынған ұшақ кейіпкерлері туралы айтылады. Оқиғасы 2013 жылы болады. Бастапқыда жолаушылар ұшағы радардан жоғалып кеткенімен, олар аман-есеп жерге қонады. Алайда жолаушылар аспанда болған кезде Жер бетінде бес жыл өтіп кеткенін біледі. 

Премьерасы NBC арнасында 24 қыркүйектен бастап.

 

ФТБ | ФБР | FBI 

«Заң мен Тәртіп» («Law & Order»), «Отқа оранған Чикаго» («Chicago Fire») секілді сериалдардың авторы Дик Вульфтың тағы бір тақырыптың жобасы. Сериал Федералдық тергеу бюросының Нью-Йорк бөлімшесінің жұмысы туралы болады. 

13 эпизодтан тұратын алғашқы маусым 25 қыркүйектен бастап көрсетіледі. Трансляциялаушы CBS арнасы. 

 

ЖАҢА АМСТЕРДАМ | НОВЫЙ АМСТЕРДАМ | NEW AMSTERDAM 

«Өжет әйелдер» («Desperate Housewives») сериалын жасаған Дэвид Шульнер ұсынатын медициналық теледрама.

Сериалда Макс Гудвин есімді білікті маман туралы айтылады. Ол «Жаңа Амстердам» деген ескі мемлекеттік аурухаға бас дәрігер болып орналасады. Аурахананың жағдайы мәз емес еді: персонал, жабдық пен қаржы жетіспейді. Оның алдында осы мекеменің бұрынғы беделін қайтару, қордаланған мәселелерді шешу. Гудвиннің бюрократиямен текетіресі осылай басталады. 

Премьерасы: 25 қыркүйекте NBC арнасында.

Жалғасы бар...

Пікірлер