• Біздің парақшалар:

2018 жылғы күздің жаңа сериалдары: #3 бөлік

Сериямыздың үшінші бөлігінде бірқатар ситкомдар туралы, сондай-ақ Блумхаус студиясы түсірген хоррор мен Романовтар әулеті туралы антология жайында айтамыз.

МЕН ҰЯЛАТЫН СӘТТЕР | МНЕ НЕЛОВКО | I FEEL BAD 

«Сарыауыздар» сериалын жасаған Асим Батраның жаңа комедиясы. 

Сюжетте Эмет есімді әйел туралы баяндалады. Ол балаларына жақсы ана, жұмысында жақсы бастық, күйеуіне жақсы жар болуға барынша тырысып жүрген қарапайым жан. Алайда өмірде бәрі сен ойлағандай болмайды, қалыптан тыс әрекеттер жасауға, өзіңе тән емес іске баруға тура келеді. Сол үшін де Эмет кейде ыңғайсызданады. 

NBC тапсырысымен жасалған сериал 19 қыркүйекте басталды. 

 

МИСТЕР АРАЛЫҚ | МИСТЕР МЕЖДУ | MR INBETWEEN 

Қара комедия жанрындағы австралиялық теледрама. Сериалды жасаушы – көп қырлы кинематографшы Скотт Райан. Осы жобасын жасауға өзінің осыған дейінгі жұмысы – «Сиқыршы» («The Magician») кинофильмі шабыт беріпті. Режиссер міндетін Нэш Эдгертон – әйгілі Джоэл Эдгертонның ағасы атқарған.

Басты кейіпкер Рэй Шусмиттің екі өмірі бар: күндіз ол қамқор да жауапты әке, тәртіпті азамат және сүйікті жар, түнде – бүкіл қылмыс әлемінің үрейін ұшырған қатерлі да қаһарлы қылмыскер. 

Теледрама Австралияның showcase арнасының тапсырысымен түсірілді, ол жақта 1 қазанда шығады. Алайда Американың FX арнасы ертерек, 25 қыркүйектен бастап көрсетпек. 

 

КӨРШІЛЕР | СОСЕДСТВО | THE NEIGHBORHOOD 

«Үлкен жарылыс теориясын» жасауға атсалысқан Джим Рейнольдстің жаңа комедия жобасы. Ал режиссері – телевизия саласының классикасына айналған «Достар» ситкомын жасаушы Джеймс Берроуз.

Сюжетте Лос-Анджелестің маңындағы ауданға отбасымен бергі көшіп келген отағасының жаңа көршілермен қарым-қатынасу туралы баяндалады.

1 қазаннан бастап CBS арнасына шығады. 

 

БАҚЫТТЫМЫЗ БІРГЕ | СЧАСТЛИВЫ ВМЕСТЕ | HAPPY TOGETHER 

Жастары отыздан асқан ерлі-зайыптылардың өмірі бір қалыпты десе де болады. Тек бір түйткіл бар: олармен бірге поп-жұлдыз болуды армандайтын музыкант тұрып жатыр және оның жақын арада кететін ойы байқалмайды. 

Негізгі рөлдердің бірін комедиант, Уайанстар отбасынан шыққан кіші Дэймон Уайанс ойнайды. Комедияның премьерасы 1 қазанға белгіленген. Трансляциялайтын – CBS арнасы. 

 

ТҮНЕККЕ | В ТЕМНОТУ | INTO THE DARK 

Бір айда бір сериядан шығып отыратын хоррор-антология. Әр эпизодтың бөлек сюжеті болады және әрқайсысының тематикасы өзі шығатын айда болатын белгілі бір мейрамға арналады. 

Мысалы бірінші бөлімі Хэллоуинге, екіншісі Алғыс айту күніне орайластырылады. Жобаның өндірісімен Blumhouse компаниясының телевизия бөлімшесі айналысты. Сәйкесінше өндірісті үрейлі фильмдердің белгілі продюсері Джейсон Блум басқарады. 

Алғашқы эпизод 5 қазанда Hulu сервисіне шығады. 

 

ТАЗА АМЕРИКАЛЫҚ | СТОПРОЦЕНТНЫЙ АМЕРИКАНЕЦ | ALL AMERICAN 

Бұл сериалға кәсіпқой футболшы Спенсер Пайсинджердің өмірі арқау болған. 

Тележобада Лос-Анджелестің Оңтүстік орталық ауданындағы мектеп командасының жұлдызы Спенсер туралы айтылады. Бұл аудан өзінің қылмыс көп және нәсілшілдік салдарынан болатын текетірестерімен белгілі мекен. Басты кейіпкер Беверли-Хиллстағы мектеп командаларының біріне шақырту алады. Спенсер жақсы ауданға ауысқаннан кейін заманауи мектепте білім алудың, түрлі артықшылықтардың рақатын көреді. Алайда байдың балалары оқитын жерде өзін шеттететінін сезеді. 

Теледрама The CW арнасының эфиріне 10 қазаннан бастап шығады. 

 

РОМАНОВТАР | РОМАНОВЫ | THE ROMANOFFS 

Романовтар әулетіне арналған америкалық драма. Бірақ әңгіме патшалар отбасының Ресейде билік қылғаны туралы емес, солардың ұрпақтары жайында болмақ. Өздерін патша отбасынан шыққанбыз деп санайтын талай адам бар және олар әлемнің түрлі елдерінде өмір сүріп жатыр.

Антология форматында шығатын сериал 8 бөлімнен тұрады, әрқайсысы бір сағаттан. Шоураннері – «The Sopranos», «Mad Men» секілді сериалдарды жасаған Мэттью Уэйнер. Рөлдерден Аарон Экхарт, Кори Столл, Кристина Хендрикс, Изабель Юппер, Дайан Лэйн, Кэтрин Хан, Аманда Пит, Джон Слэттери секілді жұлдыздарды көреміз. 

Сериалды Amazon Video сервисі ұсынады, премьерасы 12 қазан.

Жалғасы бар...

Пікірлер