• Біздің парақшалар:

2018 жылғы күздің жаңа сериалдары: #4 бөлік

Күздің жаңа сериалдарына арналған материалдар топтамасын аяқтаймыз. Соңғы бөлікте ситкомдар көп, олардан бөлек Джулия Робертстің сериалдағы дебюті, өмірде болған түрмеден қашу оқиғасының экранизациясы бар. 

ЕЛІТІЛГЕНДЕР | ЗАЧАРОВАННЫЕ | CHARMED 

Бұл шоу 1998-2006 жылдары көрсетілген аттас телесериалдың ребуты. Жаңа нұсқада түпнұсқадан бірқатар айырмашылық та бар. Мысалы әпкелі-сіңлілі мыстандар латынамерикалық болып саналады, ал отбасыдағы барлық әйелдің есімі М әрпінен басталады (түпнұсқа сериалда – П болды). Сондай-ақ қыздардың мінезі мен қабілеттеріне де өзгеріс енгізілді. 

Сюжет бойынша үш әпкелі-сіңлілі – Мэйси, Мэл және Мэгги өз бойынан тылсым күш анықтайды. Оларды зұлымдықпен күрес күтіп тұр. 

The CW арнасында 14 қазаннан бастап көрсетіледі. 

 

КОННЕРЛЕР | КОННЕРЫ | THE CONNERS 

Жабылған «Розанна» («Roseanne») сериалының орнына шығатын, сол аталған жобаның спин-оффы. Жаңа сериалда Розанна Барр ойнаған кейіпкерден басқаларының барлығы дерлік қатысады.

Естеріңізге салайық 1988-1997 жылдары «Розанна» сериалы шыққан болатын. 2018 жылы сериал қайта жалғасады, бірақ дау-дамайдан кейін ол жабылып қалды: шоу жұлдызы Розанна Twitter микроблогындағы расистік жазбасынан кейін жобадан қуылды. Сондықтан ол кейіпкерді «өлтіріп», Коннерлер отбасының хикаясын онсыз жалғастыруға шешім қабылданыпты.

ABC арнасының ситкомы 16 қазанда шығады.

 

БАЛАЛАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ ЖАҚСЫ | ДЕТКИ В ПОРЯДКЕ | THE KIDS ARE ALRIGHT

ABC телеарнасының тағы бір жаңа ситкомы. Сериал көп балалы отбасының хикаясын баяндайды.

Басты кейіпкерлер – Лос-Анджелес маңында тұратын католиктер отбасы. Оқиға 1970 жылдары өрбиді. Отағасы мен әйелі – сегіз баланы тәрбиелеп отыр. Рухани семинарияда оқитын үлкен ұл үйге оралғанда жағдайдың бәрі шиеленесіп кетеді.

Премьерасы: 16 қазан

 

ЖАҢА ҚЫЗМЕТКЕР | НОВОБРАНЕЦ | THE ROOKIE

Оқиғасы шын өмірден алынған қылмыстық комедия. Басты рөлде Нэйтан Филлион.

Сериалда Джон Нолан есімді қырық жасар еркек туралы баяндалады. Ол бала кездегі арманын орындау үшін Лос-Анджелеске көшіп келіп, полиция қызметкері болады. Енді оның алдындағы басты міндет – қауіпті жұмысқа бейімделу.

Сериал көрсеткісі келетін негізгі ой – арманыңды іске асыру ешқашан кеш емес. Бастысы ниет пен еңбек. 

ABC арнасының жобасы 16 қазаннан бастап көрсетіледі.

 

САБРИНАНЫҢ ЖАН ТҮРШІКТІРЕР ОҚИҒАЛАРЫ | ЛЕДЕНЯЩИЕ ДУШУ ПРИКЛЮЧЕНИЯ САБРИНЫ | THE CHILLING ADVENTURES OF SABRINA

Сабрина есімді кішкентай мыстанның жаңаланған нұсқасы. Жобаға әйгілі «Сабрина – кішкентай мыстан» комиксі арқау болған.

Сюжетте өзінің шынайы табиғаты мен мыстандық қасиетінің арасынан өзін таппақ болған Сабрина туралы айтылады. Сондай-ақ ол зұлым күштерге қарсы күреседі. Сериал хоррор, оккультизм және мыстаншылдық элементтерінен  тұрады.

Netflix көрсететін жоба 26 қазанда шығады.

 

ҮЙГЕ ОРАЛУ | ВОЗВРАЩЕНИЕ ДОМОЙ | HOMECOMING

Джулия Робертстің сериалдағы алғашқы үлкен рөлі. Жобаны жасаушы – бұған дейін «Мистер Робот» сериалымен айналысқан Сэм Эсмейл.

Сериал үкіметке қызмет еткен өкілдердің қалыпты азаматтық өмірге оралуы жайында. Басты кейіпкерлер – сарбаз және әлеумет саласының қызметкері өмірін жұмысқа арнаған жандар. Алайда түбінде бәрібір қауырт тірліктен босап, қалыпты өмірге оралу қажет болады. Бірақ бұндай қарапайым тіршілік етудің де өз сынақтары мен қиындықтары бар.

Amazon Video ұсынатын жоба 2 қарашада жарық көреді. Қазірдің өзінде екі маусымы жоспарланып қойылған.

 

КОМИНСКИ ӘДІСІ | МЕТОД КОМИНСКИ | THE KOMINSKY METHOD

«Үлкен жарылыс теориясы» («The Big Bang Theory») ситкомының авторы Чак Лорридің жаңа жобасы. Комедия екі ардагердің басын қосыпты - Майкл Дуглас пен Алан Аркин.

Сюжетте актерлік шеберліктен сабақ беретін Сэнди Комински мен оның агенті Норман арасындағы көп жылдарға созылған достық баяндалады.

10 сериялы комедия Netflix сервисі арқылы 16 қарашада ұсынылады.

 

ДАННЕМОРАДАН ҚАШУ | ПОБЕГ ИЗ ТЮРЬМЫ ДАННЕМОРА | ESCAPE AT DANNEMORA

«Рэй Донован» сценарийшілері жасаған және Бен Стиллер режиссерлік еткен мини-сериал форматындағы драма. Басты рөлдерде - Бенисио Дель Торо, Пол Дано, Патрициа Аркетт. Сериалға 2015 жылы шын болған Клинтон түрмесінен қашу оқиғасы арқау болған.

Сюжетте түрмеде жұмыс істейтін 51 жасар әйел екі тұтқынмен романтикалық қарым-қатынас құрып, кейін оларға абақтыдан қашуға көмектеседі.

8 эпизодтан тұратын жоба Showtime арнасының эфиріне 18 қарашада шығады.

Соңы.

Пікірлер