• Біздің парақшалар:

2018 жылғы желтоқсанның жаңа сериалдары

Қысқы маусым телепремьераларға бай емес. Дегенмен назар аударуға тұрарлық жаңалықтар да жетерлік. Назарларыңызға жыл соңында шығатын жаңа сериалдарды ұсынамыз.

ТҮНДЕ ҰШУШЫЛАР | ЛЕТЯЩИЕ СКВОЗЬ НОЧЬ | NIGHTFLYERS 

«Мұз бен от жыры» романдар циклының авторы Джордж Р.Р. Мартиннің аттас әңгімесіне негізделген телесериал. Ғылыми-фантастикалық хоррор жанрындағы жоба алыс планетаға аттанған зерттеушілер тобы туралы баяндайды. Олар бір тылсым тіршілік иесін табуды мақсат етеді, алайда жолшыбай басқа қауіптерге ұрынады. 

Сериал Америкада 2 желтоқсанда Syfy арнасынан көрсетіледі, ал басқа елдерге Netflix арқылы таралады. 

 

БЕРЛИННІҢ ИТТЕРІ | СОБАКИ БЕРЛИНА | DOGS OF BERLIN 

Германияда түсірілген қылмыстық драма. Жасаушысы «Пандорумды» түсірген Кристиан Альварт. 

Сюжетте екі полицей Германияда тұратын ұлты түрік футбол жұлдызының өлімін тергейді. Бұл оқиға Берлинді дүрліктіреді, ал күдікке ілінгендер саны өте көп: неонацистер, қаза тапқан футболшымен байланысы бар түріктердің кланы, футбол фанаттары, неміс мафиясы. Істің түбіне жету үшін екі полицей басын қатерге тігеді. 

Сериал Netflix сервисі арқылы 7 желтоқсанда таралады. 

 

ӨЗГЕ ӘЛЕМДЕР | ИНЫЕ МИРЫ | ELSEWORLDS 

DC қаһармандарының басын құрайтын дәстүрлі, осымен бесінші жаңажылдық кроссовер. 

Нысанада бұрыннан белгілі және өз сериалдарымен шығып жүрген Флэш, Жебе, Супергерл өзара интеграцияланады. Сондай-ақ Руби Роуздың орындауында тұңғыш рет Бэтвумен пайда болады, ал оқиға орны – Готэм-сити болады. 

Қаһармандар зұлым доктор Джон Диганның жоспарын бұзу үшін Готэмге аттанады. 

The CW телеарнасының кроссовері үш бөліктен тұрады: біріншісі – 9 желтоқсанда, «Флэш» сериалының аясында, екіншісі – 10 желтоқсанда, «Жебе» сериалының аясында, үшіншісі – 11 желтоқсанда «Супергерл» эпизоды. 

 

ДИАБЛЕРО | DIABLERO 

Мексикалық үрейлі сериал. Диаблеро – қара сиқырмен айналысатын және қажет кезінде жануарға айнала алатын адам. 

Сюжет бойынша шіркеу қызметкері жын-перілерді аулайтын Диаблеро – Элвистің көмегіне жүгінеді. Екеуіне қазіргі заманның айла-амалын пайдасына жарата алатын суперқаһарман Нэнси қосылады. Олар бірігіп қара күш иелеріне қарсы шығады, жер бетінен жын-перінің бәрін құртуға тәуекел етеді. 

Сериал Netflix сервисіне 21 желтоқсанда шығады.

Пікірлер