• Біздің парақшалар:

2019 жылғы қаңтардың жаңа сериалдары

Жылдың алғашқы айында АҚШ-тың бөгдепланеталықтарды зерттеу бағдарламасы туралы детектив, вампирлер туралы үрейлі драма, "Өлтірушілер сыныбы" комиксінің экранизациясы, әйгілі Қара дүйсенбі туралы комедия күтіп тұр.

«КӨК КІТАП» ЖОБАСЫ | ПРОЕКТ «СИНЯЯ КНИГА» | PROJECT BLUE BOOK 

Оқиғасы АҚШ тарихындағы шын жағдайға негізделген тарихи детектив. Америкада елуінші жылдары Беймәлім ұшатын аппараттарды (БҰА) анықтауға арналған үкіметтік құпия жоба жұмыс істеген еді. 

Сюжетте астроном Дж. Аллен Хинек пен ӘӘК капитаны Майкл Куинн БҰА-ның пайда болу айғақтарына қатысты оқиғаларды зерттейді. Зерттеу барысында олар үкіметтің халықтан шындықты жасыруға арналған астыртын әрекетіне ұрынады. 

Фильмде басты рөлдерде Эйдан Гиллен мен Майкл Маларки ойнайды. Жобаға продюсерлік еткендер қатарында Роберт Земекис бар, ал пилоттық бөлімдерін екі «Оскар» иегері Роберт Стромберг түсірді. 

«Көк кітап» жобасы» 8 қаңтардан бастап History арнасынан көрсетіледі. 

 

БЕЛЕС | ПЕРЕРОЖДЕНИЕ | THE PASSAGE

Америка жазушысы Джастин Крониннің трилогиясына негізделген үрейлі драма. 

Сюжетте ракқа шалдыққан, үкімет тарапынан жүргізілген эксперимент нәтижесінде қанішер вампирге айналған адамдар туралы баяндалады. Олардың бойындағы вирус басқа адамдарға да жұғып, жаппай індет тарау қаупі төнеді. Бұл қатерді тоқтатуға деген үміт вирусқа төтеп бере алатын қасиеті бар Эми есімді қызды анықтағаннан кейін пайда болады. 

Алғашқы эпизоды Fox арнасына 14 қаңтарда шығады. 

 

РОЗУЭЛЛ, НЬЮ-МЕКСИКО | ROSWELL, NEW MEXICO 

Мелинда Метц есімді жазушының кітаптар сериясына негізделген және 1999-2002 жылдары шыққан «Розуэлл» («Roswell») сериалының ремейкі болып саналатын фантастикалық тележоба.

Сюжет Лиз есімді қыз бен Макс есімді жігіт төңірегінде өрбиді. Лиз араға уақыт салып туған қаласына оралады. Ол мектеп кезіндегі ғашығын кездестіреді. Бір оқиғадан кейін Макстың бойынан ерекше қабілет байқалады. Сөйтсе ол жерге құлаған бөгдепланеталықтардың ұрпағы екен. Осыдан кейін өзге де аймақтардан Максқа ұқсас адамдар анықтала бастайды.

Фантастикалық драманың премьерасы 15 қаңтарға белгіленген. Таратушы CW арнасы.


ӨЛТІРУШІЛЕР СЫНЫБЫ | УБИЙСТВЕННЫЙ КЛАСС | DEADLY CLASS

Бұл телевизиялық экшнға аттас комикстар сериясы арқау болған. Продюсерлер қатарында Marvel киноғаламының төрт фильмін түсірген ағайынды Руссолар бар.

Сюжет бойынша басты кейіпкер қылмыскерлер отбасынан шыққан балаларды оқытатын мектепке тап болады. Бұл жерде балаларды кісі өлтіруге үйретеді. Алайда бұл басты кейіпкерге ұнамайды, мектеп болып жатқанның барлығы оның ұстанымына қайшы келеді. Өзінің өмірлік ұстанымын сақтап қалу үшін жасөспірім қиын сынақтарды бастан өткізбек.

Бірінші эпизодының арнайы көрсетілімі 2018 жылы 20 желтоқсанда өтті. Ал толық маусымның көрсетілімі 16 қаңтарда Syfy арнасында басталады.


МЫСТАНДАРДЫ АШУ | ОТКРЫТИЕ ВЕДЬМ | A DISCOVERY OF WITCHES

Дебора Харкнесстің шығармасына сүйенген британ фэнтезі. Басты рөлдерде - Тереза Палмер мен Мэттью Гуд.

Басты кейіпкер Диана Бишоп – мыстандарды зерттеумен айналысатын тарихшы. Ол Оксфорд кітапханасынан дуаланған манускрипт тауып алады. Кітапта сиқырлы тіршілік иелері туралы құпия жазулар жасырылған. Оны ашу үшін сиқыр әлеміне енуі тиіс. Дианаға Мэттью есімді генетик, әрі вампир көмекке келеді. Көп ғасырдан бері келе жатқан, мыстандар мен вампирлер арасындағы текетіреске қарамастан, олар бірігіп кітаптың сырын ашып, бөтен әлемнен қатердің алдын алмақ болады.

Сериал Ұлыбританияда Sky One арнасы арқылы 2018 жылы 14 қыркүйекте жарық көрді. Кейін бұл жобаның екінші және үшінші маусымдарға ұзартылғаны белгілі болды. Солтүстік Америка мен әлемнің басқа да елдеріне Shudder, Sundance Now стриминг-сервистері арқылы 17 қаңтарда таралады.


ҚАРА ДҮЙСЕНБІ | ЧЕРНЫЙ ПОНЕДЕЛЬНИК | BLACK MONDAY

Америка тарихындағы белгілі оқиғаны баяндайтын комедия. Дон Чидл, Эндрю Рэннеллс, Реджина Холл секілді жұлдыздардың басын қосқан, Эван Голдберг пен Сет Роген жетекшілік еткен сериал.

Оқиғасы 1987 жылы 19 қазандағы «Қара дүйсенбі» оқиғасынан кейін өрбиді. Аталған датада Уолл-стрит тарихында қор биржасының ірі құлдырауы болған еді. Әуесқой қаржыгерлер тобы қаржы катастрофасынан пайдаға кенелу тәсілін табады.

Сериалды Showtime арнасы 20 қаңтардан бастап көрсетеді.

 

Ал қаңтарда көрсетілетін сериалдардың толық кестесі келесі видеода. Бұған премьералар да, кезекті маусымын ұсынатын бұрыннан келе жатқан сериалдар да еніп отыр:

Пікірлер