• Біздің парақшалар:

2018 жылғы Қазақстан киносындағы елеулі оқиғалар

Қазақстан киносының 2018 жылдағы басты оқиғаларын еске аламыз, халықаралық дәрежеде көзге түскендерін атап өтеміз. 

Жыл басындағы елеулі оқиға деп «Әміре» тарихи драмасын айта аламыз. Бұл Қазақстан мен АҚШ кинематографшылары бірігіп түсірген ауқымды жоба. Парижде ән салған әнші Әміре Қашаубаевтың рөлінде Санжар Мәди ойнады. Ал басты әйел рөлінде - Голливуд актрисасы Эбби Корниш. 

Америка режиссері Джефф Веспа түсірген картина Hollywood Film Festival-дың бас жүлдесін алды. Басқа да халықаралық байқауларға қатысты. Фильмнің басқа елдердегі прокаты туралы да айтылды, бірақ нақты датасы әзірге белгісіз. 

Халықаралық прокат және мойындау туралы айтсақ – Әділхан Ержанов тағы оза шапты. Оның «Әлемге жылы бейжайлық» / «Ласковое безразличие мира» картинасы алдымен Канн кинофестивалінде әлемдік премьерасын өткізді, кейін қыркүйек айында Францияның прокатына шықты.

Ержановтың жұмыстарын фестивалсіз елестету мүмкін емес, 2018 жылы да осы картинасымен әлемнің біраз кинофорумдарын аралады. Каннан бөлек, елімізде және басқа елдерде өткен кинофестивалдерге қатысып, жүлделер алды. Жалпы «Әлемге жылы бейжайлық» - былтыр шетелдік сыншылар мен басылымдар көп талқылаған кинотуындылардың бірі болды. 

Канн туралы айтқанда «Айка» фильмін де ұмытуға болмайды. Сергей Дворцевой түсірген драма 71 Канн фестивалінің негізгі конкурсына қатысып, фильмде ойнаған қазақстандық актриса Самал Еслямова «Үздік актриса» номинациясын жеңіп алды. Ресей мен Қазақстан бірігіп түсірген картина биыл өтетін «Оскарға» біздің еліміздің атынан ұсынылып отыр. Номинанттар тізіміне ілінген-ілінбегенін 22 қаңтарда білетін боламыз. Әзірге шорт-листке кіріп отыр. 

Қазақстанның «оскарлық» тарихында бұл сирек жағдай екенін айта кету керек. Әдетте біздің елден ұсынылған фильмдер шорт-лист деңгейіне де жете бермейді. 

Фестивалдік өмірдің тағы бірі өкілі – Эмир Байғазин. Оның «Өзен» атты жаңа туындысы 75 Венеция халықаралық кинофестивалінің «Көкжиектер» бағдарламасына қатысып, «Үздік режиссер» номинациясын жеңіп алды. Сондай-ақ Торонто халықаралық кинофестиваліне, LEFFEST фестиваліне қатысты, Голливуд баспасөз ассоциациясының грантына ие болды. 

Қазақстандағы фестивалдік оқиғаларда да өзгеріс бар. Тұрақты өткізіліп жүрген «Еуразия», «Бастау» секілді кинофорумдарға Шәкен Айманов ХКФ, «Almaty Film Festival» ХКФ сияқты жаңа шаралар қосылды. Айта кетелік, Шәкен Айманов кинофестивалі – бұрынғы «Шәкен жұлдыздары» фестивалінің ізін жалғастырушы. 

Австралияда жыл сайын өтетін Азия-Тынық мұхиты киносыйлығы (Asia Pacific Screen Awards) бар. Азия мен Тынық мұхиты аймағында орналасқан елдердің ең үздіктері марапатталады. Сондықтан да бұл премия «Азия Оскары» аталып кеткен.

2018 жылы осындай мәртебелі жүлденің бес номинациясында қазақстандық фильмдер ұсынылды. Атап айтқанда: «Үздік фильм» және «Үздік түпнұсқа сценарий» аталымындарында - Әділхан Ержановтың «Әлемге жылы бейжайлық» / «Ласковое безразличие мира» драмасы. «Үздік режиссер» атағына үміткерлер қатарында «Өзен» картинасын түсірген Эмир Байғазин болды. Ал үздік актрисаларға арналған номинацияға Жанна Исабаеваның «Света» фильмінде ойнаған Лаура Королёва мен Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмінде ойнаған Самал Еслямова кірді. 

Аталған киносыйлықтан қазақстандықтар марапат алған жоқ, бірақ елімізден бір емес, бірнеше есімнің ұсынылуының бұрынғы жылдармен салыстырғанда жетістік болды. 

2018 жыл Қазақстан киносына қатысты осындай оқиғалармен есте қалды.

Пікірлер