• Біздің парақшалар:

2019 жылғы ақпанның жаңа сериалдары

Ақпанда жаңа сериалдар көп емес. Атап айтқанда бізді - «Ғажап әйел» кинокомиксін түсірген Пэтти Дженкинстің тележобасы, «Империя» сериалын жасаушылар ұсынған жаңа детектив, «Амбрелла академиясы» комиксінің экранизациясы күтіп тұр.

МЕН ТҮНМІН | ИМЯ МНЕ НОЧЬ | I AM THE NIGHT 

DC-дің «Ғажап әйелін» түсірген Пэтти Дженкинстің тележобасы. Басты рөлдерде Крис Пайн мен Индиа Айсли. Сюжетке Фауна Ходелдің автобиографиялық кітабы негіз болған. 

Детектив драманың оқиғасы 1960 жылдары өрбиді және сол заманның расизм секілді қалыпты проблемалары көрсетіледі. Басты кейіпкер Пэт – ішкілікке салынған әйелдің асыранды қызы. Туған ата-анасын іздемек болған бойжеткен – актриса Элизабет Шортты өлтірді деп айыпталған гинекологпен байланысы бар екенін біледі. Оның бұл зерттеуіне Корея соғысының ардагері, нашақор журналист Джей Синглетери көмектеседі. 

Сериалды TNT арнасы 28 қаңтардан бастап көрсетіліп жатыр. Бұл жоба туралы ақпараттың қаңтар сериалдарына арналған материалымызға енбей қалған себебі – ол кезде премьера датасы белгісіз еді. 

 

ДӘЛЕЛДЕНГЕН ЖАЗЫҚСЫЗДЫҚ | ДОКАЗАННАЯ НЕВИНОВНОСТЬ | PROVEN INNOCENT 

Күрделі істермен айналысатын заңгерлер тобы туралы драма. Жоба продюсері «Империя» («Empire») сериалын жасауға қатысқан Дэнни Стронг. 

Басты кейіпкерлердің бірі – әділдікті ту қылып ұстаған Мэделин Скотт есімді заңгер. Ол және оның әріптестері сот жүйесі теріс айналған жандардың құқығын қорғайды. Олар жазықсыз сотталғандарды ақтап алуға көмектеседі. Мэделиннің әділдік үшін жанын салып жүруіне де себеп бар. Бұрын ол да адам өлтірді деген жосықсыз айыпқа ілінген еді. 

Сериал Fox арнасынан 15 ақпаннан бастап көрсетіледі. 

 

АМБРЕЛЛА АКАДЕМИЯСЫ | АКАДЕМИЯ АМБРЕЛЛА | THE UMBRELLA ACADEMY 

«My Chemical Romance» рок-тобының бұрынғы вокалисі Джерард Уэй мен суретші Габриэль Ба жазған аттас комикстің эканизациясы. 

Фантастика жанрындағы сюжетте ХХ ғасырдың ортасы суреттеледі. Басқа планетадан келген келімсек белгілі кәсіпкердің бетпердесімен өмір сүреді. Оның көмегімен ерекше қабілетке ие балаларды тәрбиелейтін академия құрылады. Жылдар өте келе академия тарайды, ал бөгдепланеталық қайтыс болады. Олар өздерін тәрбиелеген адамның өлу себебін және жерге төнген қауіпті анықтау үшін қайта жиналады. 

Жобаның шоураннері «Фарго», «Легион» секілді сериалдардың өндірісіне қатысқан Стив Блэкман. Сериал 15 ақпанда Netflix сервисіне шығады.

 

Ал мына роликте ақпанда шығатын барлық сериал туралы мәлімет бар: 

Пікірлер