• Біздің парақшалар:

"Айка": біздің шынайы әлемге саяхат

Сергей Дворцевойдың көптен бері талқыланып жүрген «Айка» атты туындысын көрудің сәті түсті. Жалпы, кинода реализмді жақсы көремін. Өмірде адам сенбес, сирек болатын жағдайлар болып жатса, мынау кино ғой деп жатамыз. Кино дегенге ойдан құралған, шынайы өмірмен қабыса бермейтін, қиялдың жемісі сияқты көзқарас орнығып қалған. Ол негізсіз де емес. Ал, фестиваль киноларының жөні басқа. Ол көрерменді Ах! - дегізіп, қалтасын қағып алуды мақсат тұтпайды. «Айка» - сондай кино. Кассаны мақсат еткен киноларда зал толып отыру жетістік болса, бұл жанрда басқаша. Сеанстан кейінгі сұхбатта Сергей Дворцевой әріптесі Андрей Тарковскийдің бір сөзін мысалға келтірді. «Сенің фильміңе зал толып отырса, нашар фильм түсіргенің», - депті ол.

Айка – үлкен қалаға жақсы өмір іздеп, еліндегі проблемалардан қашып келген жас қыз. Болашақта осы қаладан кәсіп ашып жетістікке жетсем, жақсы өмір сүрсем деген арманы бар. Бірақ қатыгез, әр келімсекке «дайындап қойған» өз несібесі мен ролі бар қаланың жоспарларымен бетпе-бет келгенде әлемі төңкеріліп түседі. Армандары далада қалып, тірі қалудың өзі жетістікке айналады. Тіпті өзі тірі қалу үшін туған баласынан бас тартып қашады. Кімнен? Неден? Ана болу мен тірі қалу мәселесі тұрғанда екіншісін таңдады. Сөйтіп өз табиғатымен, табиғат заңымен арпалыс басталып кетті. Соңы немен бітетінін режиссер көрерменнің өзіне қалдырыпты.

Сергей Дворцевой бұл фильмді түсіру туралы ой 2012 жылы интернеттен Мәскеуде бір жылда 248 қырғыз әйелі босану үйінде баласын қалдырып кеткені туралы жаңалықты оқығаннан кейін келгенін айтқан. Содан кейін бұл тақырыпта ізденіп, тереңірек зерттеуге кірісіп кетіпті. Түсіру жұмыстары алты жылға созылған. Асықпай, әр деталін зерттеп, барынша шынайы шығаруға тырысып, әбден баптапты. Ол өзін ақтаған. Фильмнің шынайылығы соншалық, Дворцевой зерттеп кино түсірген емес, бірден камерасын алып, гастарбайтерлердің шынайы өмірін жаза бастағандай әсерде боласың. Жолы болып, камераға жеке өмірін көрсетуге қарсы емес Айканы тауып алғандай. Тіпті адамдардың қатыгездігін, үлкен қала тұрғындарының күнделікті қарбаласта қандай тағдырлармен қатар жасап, не болып жатқанын білуге мұршасы жоқ өмірін бетіне басып, барың осы деп отыра беретін циникке ұқсап кетеді.

Осындай өмір салтының жеке құндылықтарға, ойлау жүйесіне қалай әсер ететіні де жақсы берілген. Мегаполистегі өмір – соғыс. Тірі қалу үшін, жетістікке жету үшін күрес. Бір жағында сен, екінші жағында – бәрі. Бір жерде өмір сүріп жатқан миллиондаған жалғыздың бір-бірімен күресі. Бұл жерде артық деталь жоқ. Әр эпизод бір нәрсені айтып шыңғырып жатады. Қансыраған енесін таласа еміп жатқан күшіктердің жанары, жылы үйде жақсы күтімдегі «жалаңаш» мысық пен қаңғыбас мысықтың ерегісі, алыстағы елінде анасының табысын күтіп отырған балақайға үлкен қала өмірі туралы әдемі әңгімелер, келімсекті тонап күнелткен полицей, бәрі – үлкен қаланың шынайы келбеті. Осылардың арасында тірі қалу үшін жанталасып жүрсе де, кәсіпкер болсам, жетістікке жетсем деген арманынан бас тартпаған Айка. Самал Есләмованың Айканың өмірін сүруі - өз алдына бір дастан. Иә, ойыны деуге аузым бармады. Канн фестивалінің «Ең үздік әйел ролін» алғаны бәрін айтып тұр. Біз тек соның дәлелін көрдік.

«Айка» - перфекционист режиссер мен мегаталантты актриса бір жерде түйіскен керемет туынды. Бұл жерде биік фантазия, шексіз креатив, көркемдік шеберлік жоқ. Сіз жай ғана қатар өмір сүріп жатқан көрші әлемге режиссермен бірге саяхаттап қайтасыз.

Авторы: Ғалымжан Оразымбет

Пікірлер