• Біздің парақшалар:

«Картадан тұрғызылған үй» және билік пен саясат туралы басқа да сериалдар

«Картадан тұрғызылған үй» (Карточный домик / House of Cards) саяси триллерін көрген шығарсыз? Сериалды өз жанрының бетке ұстары деп атауға әбден болады. Әрине басты рөлдегі Кевин Спейси секс-скандалдан кейін жобадан кетіп қалған соң, соңғы маусымы көпшіліктің ойынан шықпағаны рас. Бірақ бәрібір көпшіліктің есінде батыл идеяларымен, мінезді кейіпкерлерімен, шытырман сюжетімен есте қалары анық. 

«Картадан тұрғызылған үй» америкалық демократияның үлгісін басқа ешкім жасай алмайтындай қылып әшкерелеп берген теледрама. Осыдан келіп - «Саясат деген не?» деген сұраққа: «Бұл – ережесі жиі бұзылатын ойын. Бұл жерде өрескел де, ұсақ та фолдар болуы мүмкін. Қатыгезі де, өлімге әкелетіні де бар» деп жауап береді. 

Сюжетте Фрэнк Андервуд есімді демократиялық партия конгрессмені туралы баяндалады. Ол Гаррет Уокер деген саясаткерге президент болуға көмектеседі, ал Андервуд осы еңбегі үшін АҚШ Мемлекеттік хатшысы болуы тиіс еді. Бірақ Уокер президент болғаннан кейін уәдесінен айнып қалады. Сатқындыққа ызаланған Фрэнк жаңа президентке кесел келтірудің барлық амалына баруға бел буады. Бұл өш алудың арты қандай оқиғаларға ұласты, оны өзіңіз де білесіз (немесе білетін боласыз). 

Америкалық драматург Бо Уиллимон мен Дэвид Финчер жасаған сериалдың идеясы оригинал емес. Бұл Майкл Доббстың романына негізделіп жасалған, Эндрю Дэвистің аттас британдық мини-сериалының америкалық адаптациясы (1990). Сондықтан эстетикалық жайлылық үшін романмен және екі экранизациясымен толық танысып шыққан дұрыс шығар. 

Кез келген жақсы туынды ұқсас шығармаларды іздеуге, қосымша ақпарат білуге итермелейді. «Картадан тұрғызылған үй» де солардың қатарында. Ендеше саясат жайында баяндайтын басқа да үздік сериалдарға шолу жасадық.

«Үкімет» (Borgen, Правительство)

2010-2013 жылдар аралығында көрсетілген дат сериалы. Оқиғасы қазіргі Данияда өрбиді. Ұстамдылар партиясының лидері 40 жасар Биргитте Нюборг күтпеген жерден сайлауда жеңіске жетеді. Оның партиясы Үкімет жасақтау құқығына ие болады, ал өзі премьер-министр болады. 

Нюборг саясаткер болғанына қарамастан, моралдық принциптері бар шыншыл адам еді. Алайда министрлер кабинетіндегі абыройын сақтау жолында өз ұстанымдарынан айни бастайды. Саясаттағы лауазымы жеке өміріне де кері әсер етеді. 

Кинопоиск: 7.8

IMDb: 8.5

Rotten Tomatoes: 100% 

 

«Босс» (Boss)

2011 – 2012 жылдары көрсетілген америкалық саяси драма. Келси Грэммер ойнаған сериалда Чикаго қаласының мэрі туралы айтылады. Бірде қала басшысы өзінің сырқат екенін біледі. Ауыр психологиялық дерттің кесірінен есін жоғалта бастайды. Алайда бұл туралы айналасындағылар, тіпті әйелі де білмейді. Ол сөніп бара жатқан жадымен ғана емес, саясаттағы орнынан айырылып қалмау үшін күреседі.  

Сериал бір маусыммен шектелді.

Кинопоиск: 7.9

IMDb: 8.1

Rotten Tomatoes: 80%

 

«Кеннеди отбасы» (The Kennedys, Клан Кеннеди)

Мини-сериал форматындағы тарихи драма. Бастапқыда бірнеше телеарна көрсетілімнен бас тартып, бірнеше айдан кейін ReelzChannel арнасының эфиріне шықты. 

8 эпизодтық жобада Кеннеди отбасының 1927 жылдан 1969 жылға дейінгі аралықты бастан өткізген елеулі оқиғаларды қамтиды. Бұл оқиғалардың көпшілігі Америка тарихымен де байланысты. 

Кинопоиск: 7.5

IMDb: 7.7

 

«Аман қалу үшін тағайындалған» (Последний кандидат, Designated Survivor)

Басты рөлде Кифер Сазерленд ойнаған, боевик, детектив, драма элементтері бар саяси триллер. Екі маусымға созылған сериал ықпалы әлсіз үкімет мүшесі Томас Киркман деген кейіпкер туралы. 

Сюжет бойынша АҚШ президенті мен оның негізгі ізбасарларының өлімінен кейін Киркман президент міндетін атқаруға тағайындалады. 

Бірқатар сыншылар бұл жобаны «Картадан тұрғызылған үйдің» ABC арнасындағы нұсқасы дейді. 

Кинопоиск: 6.7

IMDb: 7.7

Rotten Tomatoes: 73% 

 

«Виктория» (Victoria) 

Виктория патшайым туралы баяндайтын британдық теледрама. Виктория – ХІХ ғасырда өмір сүрген патшайым, Ұлыбританияда ең ұзақ басқарған императорлардың бірі. Оның заманында өндірістік, мәдени, ғылыми даму ерекше қарқын алды. 

Сериалда биліктегі, Еуропа патшаларының үйлері секілді бір-бірімен байланысты қоғамдық орталар туралы, сарайдың қызметтік персоналына қатысты дау-дамай жайында әңгімелейді. 18 жасар Виктория таққа келгенде елде экономикалық тұрақсыздық орнаған еді. Өз міндеттерін толық түсінбейтін, сенімсіздеу бойжеткеннің тұрақтылық пен қуаттың символына айналу тарихы толық баяндалған. 

«Викторияның» әзірге үш маусымы шықты. 

Кинопоиск: 7.7

IMDb: 8.2

Rotten Tomatoes: 86% 

 

«Тәж» (Корона, The Crown) 

ХХ ғасырдағы британдық патша отбасының тарихын баяндайтын драма. Тарихтағы ең қымбат жобалардың бірі, алғашқы маусымда бір серияның бюджеті 5 миллион доллар болған, ал жалпы маусымның өндірісіне 156 миллион кеткен. Сериал екі «Алтын глобус» иегері. 

Сюжетте Елизавета ІІ патшайымның 1947 жылдан бастап қазіргі кезге дейінгі өмірі баяндалады. Сериалда Эдинбург герцогы Филипп, ханшайым Маргарет, Георг VI патша, Уинстон Черчилль, Маргарет Тэтчер секілді шын тұлғалардың образдары көрініс табады. 

Сериал 2016 жылдан бері көрсетіліп келе жатыр. 4 маусымы 2020 жылы шығады. 

Кинопоиск: 8.1

IMDb: 8.7

Rotten Tomatoes: 90% 

Ал сіз тағы қандай саяси драмаларды білесіз? Өз ойыңызбен бөлісіңіз.

Пікірлер