• Біздің парақшалар:

Әйел агент 007. Лашана Линч деген кім?

Джеймс Бонд туралы франшизаның 25 эпизодында Агент 007 рөлін алғаш рет әйел орындайды. Бұл жаңалық "Бондиананың" фанаттары тұрмақ, киноға әуестігі шамалы оқырмандарды да таңғалдырды. Кейіпкерді қара нәсілді ағылшын актрисасы Лашана Линч ойнамақшы. Біз бүгін осы актриса туралы толығырақ айтамыз.

Лашана 1987 жылы Лондонда дүниеге келді. Арғы тегі ямайкалықтар.

Көпшілік Линчпен биыл ғана танысты. Ол "Капитан Марвел" блокбастерінде басты кейіпкердің құрбысы рөлімен көрінген еді. Алайда актриса киноға бүгін келген жоқ.

Лашана Линч "Капитан Марвел" фильмінде

Актерлік карьерасын телевидениеден бастады. Алғашқы қадамын "The Bill", "Silent Witness", "Doctors", "Death in Paradise" секілді британ сериалдарында жасады. Ал кинодағы дебюті 2012 жылы "Жүйрік қыздар" / "Fast Girls" спорт драмасынан басталады. 

Одан кейін де бірнеше сериал мен кинофильмге түсті. Бірақ бұлардың бәрінде оның рөлі екінші планмен шектелді. Ал "Still Star-Crossed" (мағынасы - "тағдырластар", "әлі де байланысын үзбегендер") сериалындағы рөлін - оның алғашқы басты рөлі деуге болады. Бұл сериал Уильям Шекспирдің "Ромео мен Джульетта" трагедиясының жалғасы ретінде ұсынылды. Бұнда ол Розалина Капулетти образымен көрінді.

Актриса Розалина Капулетти образында

Атақты британ шпионын ойнау - оған үлкен сынақ. Нәтиженің қандай болып шығатынына қарамастан, үлкен талқы мен пікірдің астында қалатыны анық. Жалпы әйел 007-ні енгізу идеясы "Бондиананың" сценаристер тобына жақында қосылған Фиби Уоллер-Бриджге тиесілі дейді. Бұл автор феминистік көзқарасымен белгілі.

Әрине ол Джеймс Бонд болмайды. 25 эпизодтың сюжеті бойынша Бонд демалысқа кетеді де, МИ-6 оның орнына басқа агентке 007 статусын береді. Алайда Бондтың көмегіне мұқтаж болған соң басшылық оны қайтарып алады. Сөйтіп агент Бонд пен агент Номи бірлесіп жұмыс істейді.

Джеймс Бондты әйелге айналдыруға қатысты бұрыннан айтылып жүрген қауесет пен болжам түріндегі әңгімені студия осылайша іске асырып отыр. Бұл бір жағынан көрерменнің тамырын басып көру болуы мүмкін - трансформация сәтті іске асса, Линч ханымның 007 образы әрі қарай жалғасып, Дэниэл Крэйгті тұрақты алмастыра алады. Жұртшылық қабылдамай жатса - жай ғана келесі еркек актер тағайындалғанға дейінгі өткінші, уақытша рөл ретінде өткізіп жіберуге болады.

Пікірлер