• Біздің парақшалар:

Мектеп туралы тамаша кинофильмдер

Мектеп кезеңі, бала тәрбиесі, өтпелі кезең, бала психологиясы, мінездің қалыптасуы, білімге құмарлық, оқушы мен мұғалім қарым-қатынасы – бүгінгі топтамамыздың кілт сөздері деуге болады. Білім күніне орай ата-ана мен бала бірігіп көретін фильмдерге шолу жасадық. 

«ӨЛГЕН АҚЫНДАР ҚОҒАМЫ» («Общество мертвых поэтов» / «Dead Poets Society») [6+]: «Труман шоуын» түсірген режиссер Питер Уирдің ертеректегі жұмысы. Басты рөлде - Робин Уильямс. 

Драма ағылшын шығармашылығының мұғалімі Джон Китинг туралы. Америка колледждерінің бірінде сабақ береді. Оның өзге мұғалімдерден ерекшелігі – тез тіл табысқыш, оқу бағдарламасын ұстана бермейтіндігі. Бірде Китинг мырза шәкірттерін Өлген ақындар қоғамына кіргізеді. Осы сәттен бастап әр оқушы еркін ойлауды, әлемге басқаша қарауды үйренеді. 

Картина сценарий үшін «Оскар» және 2 BAFTA сыйлығын алды. АҚШ киносыншыларының ұлттық кеңесі бұл фильмді 1989 жылдың үздік ондығына кіргізді. 

«ИМПЕРАТОР КЛУБЫ» («Императорский клуб» / «The Emperor's Club») [12+]: 2002 жылы шыққан америкалық драма. 

Фильм классикалық әдебиет мұғалімі Уильям Хандерт төңірегінде өрбиді. Өз ісіне берілген ұстаздың қалыпты өмірі жаңадан келген Седрик Бел есімді оқушымен танысқаннан кейін өзгереді. Мінезі бір-біріне қайшы келіп, бастапқыда қарсыласса да, кейін татуласады. Бала тентектігін тастап, үлгілі оқушыға айналады. Бірақ Седриктің бір жасырғаны бар еді. Бұл жағдай профессордың кейінгі бүкіл өміріне сабақ болады. 

«МЕКТЕП РОГЫ» («Школа рока» / «The School of Rock») [12+]: АҚШ режиссері Ричард Линклейтердің 2003 жылғы музыкалық комедиясы. Басты рөлде белгілі комедия актері Джек Блэк ойнайды. 

Сюжетте Дьюи Финн есімді рок-жұлдыз туралы айтылады. Ол әбден бұзылған, қоғамда қалыптасқан тәртіп-тәрбие нормаларын мойындамайды. Күндердің күнінде ол ешкімге керек болмай қалады. Ақшасыз қалған жұлдыздың жолы болып, күтпеген жерден жекеменшік мектепке мұғалім болып орналасады. Оқушыларының арасынан музыкаға қабілеті бар балаларды көріп, солардың қатысуымен рок-топ құрады. 

Фильм киносыншылардың жоғары бағасын алды. 

«ХОРШЫЛАР» («Хористы» / «Les Choristes») [12+]: француз режиссері Кристоф Барратьенің 2004 жылғы картинасы. Фильмде тәрбиесі қиын балаларға арналған интернат өмірі көрсетіледі. 

Сюжеті 1949 жылы Францияда өрбиді. Музыка мұғалімі Клемент Матье тәрбиесі қиын балаларға арналған интернатқа жұмысқа тұрады. Ол осы жерде ректордың қатал тәрбие тәсілдерін қолданатынын көреді. Ректор қатыгездік танытқан сайын, балалар да тасжүрек бола түседі. Мейірімді Матьеге бұл жағдай ұнамайды, бірақ оның қауқары шамалы. Сол кезде мұғалімге бір керемет идея келеді: мектеп хорын ұйымдастыру. 

Фильм «Оскардың» екі номинациясына ұсынылды. Өз елінде «Сезардың» екі жүлдесін, European Film Awards жүлдесін алды. 

«ТАҒЫ ДА 17» («Папе снова 17» / «17 Again») [12+]: Зак Эфронның қатысуымен түсірілген фэнтези-комедия. 

Сюжет бойынша екі баланың әкесі Майктің өмірінде жақсылық аз: жұмыста жолы болмайды, әйелі ажыраспақшы, балалары онымен сөйлескісі де келмейді. Тағдыр оған өмірін өзгертуге тағы бір мүмкіндік береді: бір күні ол 17 жасар кейпіне оралады. 

Майк өзі оқыған мектепке қайтып келеді. Қазіргі ересек кезіндегі жағдайды болдырмау үшін бәрін жаңаша жасап көрмек болады. 

«ҒАЖАП» («Чудо» / «Wonder») [12+]: Стивен Чбоскидің отбасылық драмасы. Басты рөлдерде - Джейкоб Трамбле, Джулия Робертс және Оуэн Уилсон. Фильм 2017 жылы шықты және грим мен шаш үлгісі бойынша «Оскарға» үміткер болды. 

Картина Огги деген бала туралы. Оның өзге балалардан айырмашылығы жоқ: ол да туған күнді тойлағанды ұнатады, компьютерлік ойындарды ойнайды, әпкесімен ұрысып, қайта достасады. Тек бір ғана нәрсе бар: Оггидің бет-әлпеті қатты бүлінген, бұл туа біткен дерт. Сол себепті алғашқы жылдары үйден оқиды. Бірақ күндердің күнінде мектепке барып, өзге балалармен қарым-қатынас жасауына тура келеді. 

Онлайн көріңіз:

Мектеп тақырыбындағы кинокартиналар бұнымен бітпейтіні анық. Келесі жолы басқа да фильмдерге шолу жасаймыз.

Пікірлер