• Біздің парақшалар:

Джон Рэмбо образындағы символизм

Бүгін кино әлеміндегі танымал образ – Джон Рэмбо туралы айтамыз. Дәлірегі – осы кейіпкердің пайда болуы мен оның бұқаралық мәдениетке әсері жайында. 

Осымен бес фильмде көрініс тапқан супер сарбазды жай боевик кейіпкері деп қабылдау қателік болар еді. Ол – 1960-70 жылдары Вьетнам соғысына қатысқан америкалық ардагерлердің проблемасын көтерген, соғыс қалдырған «мұраның» бейнесі. «Алғашқы қанда» Джон Рэмбо – жалғыз басты, тұйық, өткені мен болашағы беймәлім адам. Оның финалдағы монологы ғана бүкіл фильмдегі әрекеттерін түсіндіреді, көрерменді түсіністікпен қарауға шақырады. 

Аяушылықты білмейтін, алдына келгеннің бәрін қырып-жоюға бейім образ ойдан алынған жоқ. Вьетнам соғысынан оралған сарбаздар өз елінде қаһарман деп емес, жауыздар мен қанішерлер деп қабылданды. Олар қара нөсердің астында ұйықтап, қауіпке толы джунглиден аман шығып, сағынышпен оралғанымен өз үйінде адами қарым-қатынасты көре алмады. Бұған соғыстан алған психологиялық ауыртпалықтары мен қайғылы естеліктері қосымша салмақ болды. Сондықтан Джон Рэмбо секілді қаны қарайып, өмірден түңілгендер буыны пайда болды. Бұл туралы Әнуар есімді киноблогерлердің ролигінде жақсы талданған (Youtube-тен іздеңіз - Anoir: “Рэмбо и Брат – Глубже Чем Ты Думал”). 

Бір сөйлеммен: «Рэмбоның образы – әрі соғыстан кейінгі синдромның, әрі америкалық қаһарманшыл империализмнің символы» 

Рэмбо туралы фильмдерге негіз болған романдар сериясының авторы Дэвид Моррелл Вьетнам соғысының ардагерлерін алғаш рет университетте оқып жүргенде көргенін айтады. Оның айтуынша соғыстан оралғандар – түні ұйқысы бұзылған, депрессияға ұшыраған, қалыпты өмірге бейімделе алмаған жас жігіттер. 1968 жылы осы кітабын жазуды бастаған кезде телевидениеде екі тақырып белсенді талқыланған екен: Вьетнамдағы соғыс және қалалардағы зорлық-зомбылық. «Мен осылайша өзімен бірге АҚШ-қа соғыс алып келген Вьетнам соғысының ардагері туралы роман жазуды шештім», - дейді автор. 

Әдеби түпнұсқада Рэмбо – түңілген сарбаз, сол кездегі билікке қарсылық білдіргендердің барлығынан да радикал болып шыққан жауынгер. Полицей – Эйзенхауэр заманындағы республикалық. Бұл ұрпақтардың текетіресі. Полковник Траутмэн – Рэмбоның пайда болуына себепші билік өкілі. Соңында Биліктен басқасының бәрі өледі, ал Билік өзі тудырған өнімін өз қолымен өлтіреді. 

Рэмбоның поп-мәдениетке де елеулі әсер еткенін айта кету керек. Оның соғысу стилі 80-90 жылдардың көп фильмінде қолданылды. Ағылшын тілінің Оксфорд сөздігінде «Рэмбо» - «Мачо және жеке-дара әрекет ете алатын жауынгер ретінде ұсынылған, зорлық-зомбылық пен өш алуға бейім, Вьетам соғысының қаһарманы» деп түсіндіріледі. 

Рональд Рейган басқарған кезеңде Рэмбо Американың символына айналды. Заңгерлік салада «адвокат Рэмбо» деген ұғым бар. Шектен шығып кететін, өзге адвокаттарды жау көріп, соларға тиіскіш заңгерлерді солай атайды екен. Күші басым топқа қарсылық көрсете алатын қылмыскерлерді де Рэмбо деп атап жүр.

Пікірлер