• Біздің парақшалар:

Қош бол, Майқанова апай - Раиса Мұхамедиярова өмірден өтті

2019 жылы 5 қарашада Қаз КСР Еңбек сіңірген әртісі, қазақтың белгілі актрисасы Раиса Мәжитқызы Мұхамедиярова дүниеден озды. Кино мен театр ісіне көп еңбек сіңірген тұлғаның өмірі туралы қызықты деректермен бөлісеміз.

Раиса (кей ресурстарда - Райса) Мәжитқызы 1939 жылы 11 шілдеде Семей облысында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық иститутында ағылшын тілінің оқытушысы мамандығы бойынша білім алды. Еңбек жолын хатшы-машинист болып бастады.

Кинодағы алғашқы жұмысы - Шәкен Айманов түсірген "Ән шақырады" / "Песня зовет" (1961) фильмінен басталды. Сол кезден бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін (1994) "Қазақфильм" киностудиясында еңбек етті. Ал 1995-2002 жылдар аралығында Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының актерлік құрамында болды.

Көпшілік оны "Менің атым Қожа" фильміндегі Майқанова апай рөлін жақсы біледі. Бұдан бөлек Абдолла Қарсақбаевтың тағы бір картинасына түсті - "Балалық шаққа саяхат"(1968).

Раиса Мәжитқызы белгілі актер әрі режиссер Нұрмұхан Жантөринмен де жұмыс істеді. Мысалы оның "Медалдің үшінші жағы", "Қара кораллдар" фильмдеріне түсті. 

Актриса бүкіл карьерасында отызға жуық кинофильмге қатысты, жеті жылдай театрда еңбек етті.

Раиса Мұхамедиярова биыл 80 жылдығын атап өткен болатын. Ол экранда қазақ әйелінің образын жасағандардың бірі, ол төл киномыздың Абдулла Қарсақбаев, Шәкен Айманов қалаған алтын кезеңінің өкілі еді. Өмірден жай ғана тұлға емес, тұтас дәуір өтті.

Пікірлер