• Біздің парақшалар:

Дисней кейіпкерлерінің өмірдегі прототипі қандай болған?

Экраннан көре-көре, әбден көзтаныс болған диснейлік кейіпкерлердің түр-сипаты, жүріс-тұрысы мен мінез ерекшеліктерінің барлығы да тек аниматорлардың қиялынан пайда болмаған. Көбі дерлік шын өмірден алынған. Компьютерлік анимация тұрмақ, компьютер де жоқ сонау 20 ғасырдың орта тұсында Уолт Дисней бастаған аниматорлар тобы өз кейіпкерлеріне үлгіні өмірден іздейтін. Кейбіріне сабылып жүріп тапса, ал енді біріне дыбыстауға келген актерді прототип еткен, тіпті қажет десе айналадағы ит-құс та үлгі болып шыға келген.

Прототиптің әр түрлі қозғалыс үстіндегі ым-ишаратын, күлкісі мен қылығын бейнекамераға жазып, қимылын зерттеп, суретшілер қағазға түсірсе, аниматорлар дем беретін. Бұл технология Live-action деп аталды.

Киностан сол өткен ғасырға оралып, Дисней студиясы дүниеге келтірген көп кейіпкердің бірнешеуін прототипімен қоса сіздерге ұсынып отыр. Сонымен...

Мардж Чэмпион - Ақшақар, «Ақшақар мен жеті гном», «Snow White and the Seven Dwarfs» (1937)

Дисней студиясының аниматорлары алғашқы толықметражды мультфильмін жасауда көптеген қиындықтарға кездесті. Live-action технологиясымен жұмыс жасаудағы тәжірибенің аздығы көп ойлардың жүзеге асуына тоқтам бола берді. Содан Уолт Дисней Ақшақардың экрандағы келбетін ғана емес, биі мен жүрісін барынша шынайы ету үшін Мардж Чэмпион есімді жас биші қызды студияға алдырды. Ақшақардың киімін кигізіп,  Ақшақардың қозғалысына тән басты басты қимылдарды жасатты. Ол қимылдардың басым бөлігі Ақшақардың биіне арналды. Таспаға басылып, том-том суреті сызылып, аниматорлар жан бітірді. Айтпақшы, Мардж Чэмпион - «Пиноккиодағы» («Pinocchio») Көгілдір періге де прототип болған.

Элеонор Одли – Мейірімсіз өгей шеше және Малефисента сиқыршы, «Ұйқыдағы ару», «Sleeping Beauty» (1959)

Дисней мамандары студияға шақырылған кей дыбыстаушы актерларды көргенде демдерін іштеріне тарта, таңқалып жатады. Малифисента сиқыршыны дыбыстаймын деп келген Элеонора Одлиді диснейліктер сөйлетіп ғана қоймай, аяқ-қолын ербеңдете отырып,  толықтай дерлік көшіріп алды. Оларды Одлидің тәкаппар жүрісі мен қатал жүзі тәнті еткенді.

Оған дейін «Золушкадағы» («Cinderella») мейірімсіз өгей шеше де осы Одри арқылы жасалынған еді.

Хелен Стэнли – Золушка, «Золушка»,»Cinderella» (1950)

«Дисней» - өз тарихында мульткейіпкерлерімен қоса олардың прототиптерін де даңққа бөлейтін. Сондайлардың бірі - Хелен Стэнли. Кинематографиядағы жолы түгесіліп,  аты өше бастаған Хеленнің анимациядағы еңбегі жемісті болып ғана қоймай, даңқын қайта шығарды. Жетім қыз Золушкаға, Аврора ханшайыға,  тіпті «101 далматтықтағы» Анита Рэдклиффке прототип болған ол эталондық үлгіге айналды.

Маргарет Керри – Динь-Динь пері,  (Tinker Bell), «Питер Пэн», «Piter Pan» (1953)

«Питер Пэндегі» Динь-Динь перінің өмірдегі сыңары Мэрилон Монро екен деген қаңқу сөз бар. Ақиқатына келсек, 13 сантиметрлік атақты Динь-Динь періге сылқым Монро емес, арзанқол күнтізбе беттерінде суреті жүретін Керри прототип болған. Аниматорлар Керридің сыртқы түрін ғана емес, қылықтары мен мінезіндегі ерекшеліктерін Динь-Диньге дарытқан.

Ганс Конрид – Капитан Крюк, «Питер Пэн», «Piter Pan» (1953)

Мульткейіпкерге үн бітіремін деп келіп, сол кейіпкерінің растрлы егізіне айналып шыға келген және бір актер - Ганс Конрид. Питер Пэннің бітіспес ата жауы Капитан Крюкті дауыстамаққа шақырылған Ганс, аниматор Фрэнк Томастың көреген көзіне Капитан Крюк болып елестепті. Содан Крюктің киімін киіп, пантомима жасаған Ганс Капитан Крюкке өлмес өмір сыйлады. Өзі де, кейіпкері де анимация әлемінде осылайша жарқырап шыға келді. 

Шерри Стоунер – Ариэль және Белль, «Сұлу мен құбыжық», «Beauty and the Beast» (1991)

Қазір жазушы-продюссер болып отырған Шерри Стоунер «Сұлу мен құбыжықтағы» Беллдің қимылын келтіру үшін Пейдж О'Хара дыбыстайтын алдын-ала таспаға жазылған Беллдің даусын ести жүре өз импровизациясына ерік беріп, пантомима жасады. Пейдж О'Хара Беллді дыбыстаған актриса. Стоунер «Кішкентай су перілеріндегі» («The Little Mermaid»,1989) Ариэль ханшайымның қозғалысын нәрлендіремін деп арнайы су толтырылған хауызда жүзді. Аниматорлар судағы Стоунердің әр қимылын қалт жібермей, жазып алды.

Ричарт Уайт  Гастон, «Сұлу мен құбыжық», «Beauty and the Beast» (1991)-Ричард Уайт

Осы «Сұлу мен құбыжықтағы» тым өзімшіл, Рождер Эберттің тілімен айтқанда: «шошқа-шовинисттен албасты-садистке айналатын» еңгезердей Гастонның прототипі Ричарт Уайтты шынайы өмірде қой аузынан шөп алмас момын дейді білетіндер. Кім ойлапты, аниматор-суретшілер де шығармашылықтың адамы, сан суретті сана сүзгісінен өткізеді.

         Төмендегі кейіпкерлер мен прототиптердің бір-біріне сай келетіні соншалық, тіпті түсіндірме де қажет емес.

Пэт Кэрролл – Урсула, «Кішкентай су перілері», «The Little Mermaid» (1989) 

Верна Фелтон  Құрттар патшайымы, «Алиса – ғажайыптар елінде», «Alice in Wonderland» (1951)

Джереми Айронс  Скар, «Арыстан патша», «The Lion King» (1994)

Винсент Прайс – Профессор Рэтиган, «Ұлы тышқан аулаушы», «The Great Mouse Detective» (1986)

Стерлинг Холлоуэй  Каа, «Джунгли кітабы», «The Jungle Book» (1967)

Диснейліктер ақыл иесі адамды ғана емес, қажет етсе жан-жануарларды да анимациялық қаһармандарына үлгі етті.

Кәдімгі еңлік – Бэмби және Фэлин, «Бэмби», «Bambi» (1942)

Классикаға айналған «Бэмбидегі» толып жатқан жан-жануарларды жасау үшін Дисней басшылығы студия аумағында тұтастай бір хайуанаттар бағын тұрғызды. Оған мультфильмде болуға тиіс барлық мақұлықтарды тоғытып, мультипликаторлар олардың әрекетін бақылап, суретін сызды. Солардың ішінде төрт айлық екі еңлік (еліктің төлі) бар-тын. Аталмыш мультфильмдегі Бэмби мен оның қыз досы Фэлин осы еңліктердің үлгі болуымен классикалық кейіпкерлерге айналды. Айтпақшы, осы жылы Los Angeles Business ресурсы жүргізген сауалнамада «Үздік диснейлік мультфильм» деп «Бэмби» танылған-ды.

Аулада жүрген қанден  Қаңғыбас , «Ханым мен қаңғыбас», «Lady and the Tramp», (1955)

Үйі де, күйі де жоқ кезбе ит Қаңғыбас пен үлде мен бүлдеге орала күн кешкен американдық кокер-спаниел тектес Ханым екеуінің отбасылық өмірін баян ететін «Ханым мен Қаңғыбас» - диснейлік студияның он бесінші, онымен қоймай CinemaScope форматында жасалынған алғашқы туындысы. Ханымның болмысына сай прототипті қиналмай тапқан суретші-аниматорларға Қаңғыбастың кейпін келтіру оңай болмады. Осындай бас қатырулар кезінде студияның суретшісі Ед Пеннер көшеде келе жатып, тіміскіленген шұбар итті көреді. Бұдан артық үлгі табылмайтынын шығармашылық түйсігімен сезген ол, итті студияға әкеледі. Дәрігерлер денсаулығын тексергенде иттің ұрғашы екендігі анықталады. Мультфильм үшін бұл кедергі емес. Осылайша, экрандағы Қаңғыбасқа көшедегі қаңғыбас ит негіз болды. Өмірдің өзінен ойып алу деген осы.

Жазба thefw.com, mentalfloss.com сайттарынан алынып, аударылды.

Жәнібек НҰРЫШ

Пікірлер