• Біздің парақшалар:

Бюджеті аз, ал табысы көп

Фильм түсіру үлкен ақшаны қажет етеді. Алайда, кейбір авторлар аз бюджетті фильмдерімен үлкен табыс тапты. Киностан осындай туындыларға жасалған шолуды назарларыңызға ұсынады.

Бұл фильмдер кеткен шығыннан (7 мың доллардан 1,5 миллион долларға дейін) әлденеше есе артық пайда әкелгендерімен танымал. Тізімге көпшіліктің назарына кеңінен ұсынылған, яғни кинотеатрларда, телевизияда және тағы басқа орындарда көрсетілген жобалар ілікті.

Блэр мыстанының жобасы (Ведьма из Блэр: Курсовая с того света / The Blair Witch Project)

1999, АҚШ

Бюджет: $750 мың

Табысы: $248 млн

1994 жылы үш студент Мэриленд штатының орманында Блэрдың аңызға айналған мыстаны жайлы деректі фильм түсіріп жүріп жоғалып кетеді. Тек бір жыл өткен соң олар түсірген материал табылады.

Псевдодеректі жанрда түсірілген жоба Гиннес рекордтар кітабына кірді. Фильмның әр центі $10,931 табыс әкелген. 

Бір қызығы, басты рөлде ойнаған актерлар туралы IMDB.com ресурсында "жоғалып кеткен, өлді деген жорамал бар" деп көрсетілген. 

 

Паранормалды құбылыс (Паранормальное явление / Paranormal Activity)

2007, АҚШ

Бюджет: $15 мың

Табысы: $193 млн

Жас жұптың жаңа үйі өзінің құпиясымен бұлардың жанын жегідей жеп, мазалай бастайды. Не бар екенін білгісі келген олар, үйдің ішіне камера қойып, тексермек болады. 

Фильм бір-ақ аптада түсірілген. Үй де - студия емес, режиссердың өзі тұратын жер. Үнемдеу деп осыны айт :)

 

Ара (Пила: Игра на выживание / Saw)

2004, АҚШ, Австралия

Бюджет:  $1,2 млн

Табысы:  $102,8 млн

Әлдебір түсініксіз бөлмеде екі ер адам есін жияды. Екеуінің ортасында басынан оқ тиген адам өліп жатыр. Қашан келді, қалай келді - екеуі де білмейді. 

Иә, бұл - кейін атақты "Ара" франшизасына айналатын жобаның алғашқы бөлімі. Бір айға жетер-жетпес уақытта түсірілген фильмде актерлер репетициясыз ойнаған.

Көрген шығарсыз, тітіркенген боларсыз. Бірақ, R рейтингін алу үшін біраз жан түршігерлік кадрдан бас тартуға тура келіпті. Олардың арасында Аманданың өлген камераласының ішек-қарнын ақтаруы, толық жігіттің тікенек сымға оратылып өтпек болғанының ұзақ нұсқасы бар. Солай...

 

Астрал (Insidious)

2010, АҚШ

Бюджет:  $1,5 млн

Табысы:  $53,9 млн

Джош пен Рене бала-шағасымен улап-шулап жаңа үйге көшіп кіреді. Алайда, бұлар заттарын жайғастырмай жатып-ақ әлдебір түсініксіз дүниелерді байқайды. Соның артынша, ұлдары Далтон комаға түседі. 

Күтуші жалдап әбігерге түскен ата-ана Далтонның ес-түсіз жатса да, паранормалды әлеммен байланысы бар екенін анықтайды...

БА!

 

Наполеон Динамит (Napoleon Dynamite)

2004, АҚШ

Бюджет:  $400 мың

Табысы:  $46,1 млн

Наполеон Динамит - Айдахо штатында тұратын, ел-жұртпен араласпайтын кісікиіктеу, түсініксіз суреттер салатын жасөспірім. Оның үлкен арманы - ниндзя болу! Саммер Уизли атты мектептің бетке ұстар қызы қатысатын байқауға қатыспақ болған бас кейіпкер мен оның досы Педро түрлі қызықтарды басынан кешіреді. 

22 күнде түсірілген фильм үшін басты рөлді сомдаған актер Джон Хидер бар болғаны $1 000 гонорар алған екен. Facepalm.


Ағайынды МакМаллендер (Братья МакМаллен / The Brothers McMullen)

1995, АҚШ

Бюджет:  $25 мың

Табысы:  $10,2 млн

Өз махаббаттарын іздеген ағайынды үш жігіт туралы фильм. Болды. 

 

Өшіргіш-бас (Голова-ластик / Eraserhead)

1977, АҚШ

Бюджет:  $10 мың

Табысы:  $7 млн

Жүйкесі жұқарған Генри ауасы лас, түтінге қақалған, шулы, өндіріс орындары көп қалада тұрады. Аяғым ауыр деген құрбысына үйленуге мәжбүр болған ол біраз уақыттан соң адамға ұқсамайтын мутанттың әкесі атанады.

Бұл режиссер Дэвид Линчтың атақты бола қоймаған кезі. Фильмді түсіру үшін газет тасып тиын-тебен тауып, қиналып ақша жинаған екен. "Premiere" журналының "Ең қауіпті 25 фильм" атты тізіміне іліккен "Өшіргіш-бас" бес жыл бойы түсірілген. 

Мутант-баланың рөлін бальзамдалған бұзау "ойнапты". Бірақ, режиссер оның қимыл-қозғалысын қалай жасағандығын әлі күнге айтпаған. 

Трейлері

Толық фильм


Музыкант (El mariachi)

1992, АҚШ

Бюджет:  $7 мың

Табысы:  $2 млн

Антонио Бандерас ойнаған атақты "Жанкешті" фильмінің приквелі. Роберт Родригестің лабораториялық тәжірибелерге қатысып жүріп тапқан ақшасына түсірілген. 

Кедей музыкант күнкөріс қамымен әлдебір шағын мексикандық қалашыққа келеді. Алайда, жергілікті тұрғындар мұны қанқұйлы жауыз деп танып, басына бәлені үйеді. Тірі қалу үшін "Эль Марьячи" қолына гитара емес, қару алады. 


Клерктер (Клерки / Clerks)

1994, АҚШ

Бюджет:  $27 мың

Табысы:  $3,1 млн

Нью-Джерсидің бір түкпіріндегі дүкендерде сатушы, қызметкер болып істейтін жас қыз-жігіттердің өмірін суреттейтін фильм. 

Режиссер Кевин Смит өзі істейтін дүкенде түсірілім жұмыстарын жүргізген. Ақшаны туыстары мен достары жинап берген, өз жанынан шығарған. Ал, қазір ол Голливудта мықты тұлға. "Өліспей беріспеу 4" секілді ірі жобалармен айналысады. О, қалай!

 

Дұрыс жол (Правильный путь / The Right Way)

2004, Канада

Бюджет:  $9 мың

Табысы:  $1,5 млн

Аяқтарын шалыс басып, бастары қатып, адасқандай болып жүрген екі кейіпкер туралы комедиялық драма. Немесе драмалық комедия. Айтпақшы, осы фильм туралы ақпарат тапсаңыздар, айтыңыздаршы, осы жерге қосып қояйық :)

Пікірлер

  • хоррорлар көш бастап тұр екен, қан көп ағатын, тым қатігез фильмдерді ұнатпаймын. "Паранормальді құбылыстар", "Астрал"-ды көріп, жиіркенген едім. тіпті "Блэр мыстанын" да бастап көріп, аттап кеткенмін. Сол фильмді шыдап, көріп шыға салу керек еді,невтему болып жүрмес үшін. "Дұрыс жол" мен "Клерктерге" көңіл ауып тұр, тауып алып, көрмесем. еңбек үшін, рысбек.

  • Әр елдің кино түсірілімін сынап көрмек болып, АҚШ, Ресей және Қазақстан студияларына бірдей ақша және бірдей сценарий беріп көрген екен. Сценарий бойынша қымбат Мерседес көлігі жолда бара жатып жарылуы тиіс екен. АҚШ тың түсігені: Қымбат мерседес келе жатырып камераның тұсында нағыз жарылады. Ресейдің студиясы: Қымбат мерседес жолда камераның тұсынан өтіп кетеді де көзден таса жарылыстың дауысы естіледі. Қазақстан студиясы түсіргені: Екі кісі көлде шомылып жүріп бірі екіншісіне: Естідің бе, кеше жолда мәә қымбат мерседес жарылды ғой... Осы көрілімнен кейін қазақ актерларынан журналистер сұрапты: Осы шомылу сценариі кімнің ойына келді деп сұраса, "Режиссер айтты, киімге ақша жоқ деп" деген екен