• Біздің парақшалар:

Жылдам және жойқын

Бұл фильмдер сериясын сіз "Форсаж" деген атпен білесіз. 23 мамырда прокатқа жол тартатын алтыншы сериясының қарсаңында осы франшиза туралы сөз қозғауды жөн санадық.

"The Fast and the Furious" - әзірге алты бөлімнен тұратын киносериал. Атауы қазақша "Жылдам және жойқын" деген мағына береді. Дегенмен, біз осы фильмдерді Киностан базасына қосқан кезде, оның орысша прокатқа арналған атауын қалдыруды қажет деп таптық. 

ФИЛЬМДЕР

1. Форсаж (2001)

Брайан (Пол Уокер) есімді полицияның жансызы көлікпен тонауды кәсіп еткен автобанданың құрамына кірмек болады. Оған Доминик (Вин Дизель) бастаған банданың қылмыстарын әшкерелеп, сақ та айлакер топтың түбіне жету тапсырылған. Бірақ Брайан олардың сеніміне кірген сайын, жаңа достарын танып-білген сайын өзінің тапсырмасын орындауға құлқы бәсеңдей түседі. Ол достық пен қызметтік борыш арасында қиын таңдау жасауы керек.

Бірінші фильм 38 миллион долларлық бюджетпен әлемдік прокаттан 207 миллион доллар табыс тапты.

2. Форсаж 2 (2003)

Екінші фильмнің ағылшынша атауы: "2 Fast 2 Furious".

Бұнда полицей Брайанның (Пол Уокер) кезекті тапсырмасы баяндалады. Ол жолдасы Роман Пиарспен бірге атақты мафиози Картер Веронның ақшасын басқа жерге тасымалдауға жалданады. Негізінде бұл Брайан үшін жасанды жұмыс еді, осы арқылы ол құпия агент Моника Клемент екеуі айлакер қылмыскерді қолға түсіруі керек.

Өндірістік бюджетіне 75 млн., сондай-ақ жарнамасына 40 млн. доллар жұмсалған екінші серия әлем прокатынан 236 млн. доллар пайда әкелді.

3. Форсаж 3: Токио дрифті (2006)

Үшінші бөлімнің сюжеті алдыңғы екеуімен байланыспайды. Себебін авторлар былай түсіндіреді: хронологиялық ретпен қарайтын болсақ, бұл фильм 1, 2, 4, 5 және 6 бөлімдерден кейін орын алатын оқиға.

Сюжетте Америкада полициядан қашып Жапонияға көшіп келген Шон Босуэлл (Лукас Блэк) есімді жігіт туралы баяндалады. Бұрын жылдамдық үшін жарысатын кейіпкер жаңа елде дрифт-рейсинг әлемімен танысады.

"Токио дрифтін" касса түсімі жағынан жолы бола қойды деу қиын: 85 миллион долларға түсірілген фильмнің әлемдік нарықтағы табысы - $158 468 292 болды.

4. Форсаж 4 (2009)

Төртінші бөлім - бірінші және екінші серияның сюжеттік жалғасы. Фильмде құқық қорғаушылардан қашып жүрген Доминик Торетто (Вин Дизель) Лос-Анджелеске оралуға мәжбүр болады. Ол әлі де агент Брайан О’Коннерге (Пол Уокер) ашулы еді. Бірақ екеуінің ортақ жауы пайда болады, сондықтан олар бірлесе күресу үшін мәмілеге келеді. 

Кинотуынды 85 миллион долларлық бюджетпен әлемдік прокаттан 353 миллион доллар пайда тапты.

5. Форсаж 5 (2011)

Бұрынғы полицей Брайан О`Коннер (Пол Уокер) мен оның жолдасы Домиником Торетто (Вин Дизель) қуғыншылық өмір кешуге мәжбүр болады. Өйткені олардың соңына Люк Хоббс (Дуэйн Джонсон) деген арнайы агент түседі.

Бесінші бөлімнің табысы жаман болған жоқ: 125 млн. долларға түсірілген картина 628 млн. доллар пайда әкелді.

6. Форсаж 6 (2013)

Доминик (Вин Дизель) пен Брайан (Пол Уокер) бесінші бөлімдек көрсетілген - Риодағы бай қылмыскерді тонап, 100 миллионды қолды еткеннен кейін, команданың мүшелері жан-жаққа тарап кетеді. Осы кезде Хоббс (Дуэйн Джонсон) түрлі елдерде тонаумен айналысып жүрген тағы бір көлік жүргізушілердің соңына түскен еді. Бұл топты тоқтатудың жалғыз ғана жолы бар еді - солар секілді адамдардың көмегіне жүгіну. Сондықтан Хоббс Доминикке келіп, командасын қайта жинауды сұрайды. Ақы ретінде Доминик пен оның достарына тағылған барлық айыптардан ақтап алуға уәде береді.

Төртінші "Форсажда" кейіпкері қайтыс болған Мишель Родригес алтыншыға қайтып оралды.

7. Форсаж 7 (2014)

Жуырда жетінші бөлімнің түсірілетіні туралы белгілі болдыҮшінші, төртінші, бесінші және алтыншы "Форсажды" түсірген Джастин Лин жобадан кеткенін жария еткеннен кейін, оның орнына Джеймс Ван тағайындалды. Фильмге бұрыннан қатысып келе жатқан тұрақты актерлерден бөлек Джейсон Стэтхэм де түсетін болыпты. Премьерасы 2014 жылдың шілде айына жоспарланған.

8. Спин-офф 

Universal компаниясы "Форсаж" ("Fast and Furious") франшизасының тарамдалған бөлек бөлімін шығаруды жоспарлап отыр. Спин-оффта (спин-офф - негізгі сюжеттің тарамдалып баяндалуы) Дуэйн Джонсонның кейіпкері - Люк Хоббс туралы болмақ. Люк Хоббс жайындағы тарамдалған бөлім жетінші "Форсажға" дейін шығады деп айтылуда.

 

ҚЫСҚАМЕТРАЖДЫ ФИЛЬМДЕР

Жоғарыда аталған бөлімдерге қосымша ретінде қысқаметражды фильмдер шығарылды. Біріншісі "Turbo-Charged Prelude" деп аталып, Брайн О’Коннер (Пол Уокер) туралы баяндайды. Бірінші және екінші бөлімдердің лицензиялық DVD нұсқасына осы қысқаметражды фильм қосымша материал ретінде енгізілді.

Екінші қысқаметраж - "Бандиттер". "Форсаж 4" фильміне дейінгі оқиғаны баяндайтын картанада басты кейіпкерлердің қалай кездескенін және бензин таситын көліктерді қалай ұрлай бастағанын көрсетеді. Фильмді 2008 жылы Вин Дизель түсірді.

Пікірлер