• Біздің парақшалар:

Теріс айналған киноленталар

Себептің салдары қызық па, әлде салдардың себебі ме? Біріншісін тек уақыты келгенде ғана білуге, ал екіншісіне өткенге үңілу арқылы көз жеткізуге болады. Киноматография да бұл сұрақтан шет қалмаған.

Оқиғаның соңын басына, басын соңына жіберетін фильмдерде уақыт артқа жүрмегенімен, жүріп өткен жол кілт артқа бұрылып, қайта басылады. Экрандағы хронометражы «не болады» деп емес, «не болған екен» деп алмасатын мұндай киноленталар кері хронология бойынша түсірілген фильмдер деп аталады. Осындай фильмдердің атақтыларын, киноортаға дауыл әкеліп, тыңға түрен салғандарын жинап, сіздің назарға ұсынып отырмыз. 

 

Мементо («Помни», «Memento»), 2000 жыл, АҚШ

Режиссері: Кристофер Нолан

Жанры: психологиялық триллер

Леонард Шелби (Гай Пирс) өз әйелін өлтірген адамды іздейді. Кісі өлтірушіні табу соншалық қиын шаруа емес. Мәселе сонда, Леонард басына тиген соққыдан амнезияның сирек кездесетін түрі антероградты амнезияға ұшыраған. Көз алдында болып жатқан жағдайларды тек он бес минутқа ғана есінде сақтай алады. Сондықтан да әр деректі лездік «Polaroid-690» фотоаппаратымен суретке түсіріп, фотоға ескертпелерді жазып қояды, және маңызды ақпарларды татуаж  арқылы денесіне жазып алады.

Антероградты амнезия кезінде жедел жад дұрыс жұмыс жасамайтындықтан ұзақ мерзімді еске сақталу да орындалмайды.

«Мен кек алу үшін өмір сүрем» дейтін Леонардтың бар мақсаты-әйелін өлтірген адамды жою.  «Қалай өмір сүріп жатырсың?» деген сұраққа «Есімде жоқ» деп жауап беретін, «Көзімді жұмғанмен, әлем жоғалып кетпейді» деп білетін бас кейіпкердің сөзі оның тек фактіге негізделген өз әлемін жасап алғанын айқын етеді.

Леонардқа қосақталып алатын және екі адам бар. Бірі-Тедди (Джо Пантолиано), екіншісі-Натали (Кэрри-Энн Мос).

«Мементо»-бес минуттық бөліктерге бөлініп, кері тізбек бойымен орналасқан. Кадрлар екі түрлі: ақ-қара түсті және түрлі-түсті. Оңайлықпен алдыра қоймағанмен, көруге лайық. Әдепкі қарапайымдылықпен шектеліп қалмай, уақыт пен санаға тәжірибе жасау -Кристофер Нолланның режиссерлік келбеті ғой.

Режиссер бұл фильмінің сценарийін өз інісі Джонатанның «Memento mori» атты әңгімесінің желісімен жазып шыққан.

Айтпақшы, осы «Мементоға» үнділер «Гаджини» («Ghajini») атты римейк түсірген. Хронологиясы теріс емес, оң. Римейк деуге де келмейді, тек негізін алған. Хронометражы да болливудтық конвейерге салынып, 183 минутқа созылған. Үндістан кинопрокатындағы 2008 жылдың атақты боевигі. Басты рөлдегі Санджай Сингханьяны Аамир Кхан ойнайды. Иә, иә, IMDB-дің ТОП-250 іне бір еніп, бір шығып қалып жүретін «Үш жүгермектегі»(«Three idiots») Аамир Кхан. Батыс пен Шығыстың кино жасау ерекшелігін салыстыруды сылтау етіп немесе шөл дала фонында жасалынған құлпырған көріністер мен еркін көсілген операторлық үшін көріп шығуа болады. 

Мұнтаздай сананың мәңгілік шұғыласы («Вечное сияние чистого разума», «Eternal Sunshine of the Spotless Mind»), 2004 жыл, АҚШ

Режиссері: Мишель Гондри

Жанры: мелодрама, фантастика,комедия

Ұйпа-тұйпасы шығып, өз басын өз мойнына тығып алып жүретін Джоэл Бериш (Джим Керри) ойламаған жерден Клементино Клечинскаямен (Кейт Уинслет) танысады. Екі мұңлықтың арасында махаббат пайда болады. Бірігудің арты зерігуге ұласып, екеуі де адам есіндегі белгілі бір оқиғаларды, не кей адамға қатысты барлық естеліктерді санадан сылып тастаумен айналысатын компанияның көмегіне жүгінеді.

«Менің атым Джоэл Бериш. Мен өз жадымнан Клементин Кличинскаяны өшіріп тастағым келеді» деп өтініш қағаз толтыратын Джоэл бұл қадамға амалсыздан барды.  «Миын қуырып алып жүрмейік» дейтін Стеннің (Марк Руффало)  жайбарақат сөзі «Lacura» компаниясының өз ісіне қаншалықты әккі болып алғанын аңғартады.

«Үздік сценарий» бойынша 2005 жылдың Оскарын қағып түскен бұл фильмнен «Мементо» және «5x2» киноларымен байланысты байқауға болады. Біріншісінде жоғалған есін жинай алмай жүрсе, мұнда есінен айырылмақ, екіншісінде некелесіп, ажырасып  жатса, мұнда қосылып, айырылып, қайта табысады.

Эйс ВентураТрумэн Бербанк, Том Поппер секілді комедиялық рөлдерімен танылған Джим Керриді мүлде басқа амплуада көру, тым салиқалы ойындарымен көзге түскен Кейт Уинслетті бір фильм уақытында 5-6 түске шашын бояп, сампылдап сөйлей беретін кейіпте тамашалау-тартымды шыққан.

Джоэлдың соғылған автокөлігі-оқиғалардың басы қайсы, соңы қайда жатқанын түсінуге мүмкіндік береді.

«Мұнтаздай сананың мәңгілік шұғыласы» романтикке де, реалистке де өтеді делінеді. 

Бас жазу («Мальчишник в Вегасе», «The Hangover»), 2009 жыл, АҚШ

Режиссері: Тодд Филипс

Жанры: комедия

Дагтың үйленуінен екі күн бұрын өзара жақын достар: Фил (Брэдли Купер), Даг (Джастин Барта), Стю (Эд Хелмс) және дагтың қайынағасы Алан (Зак Галифианакис) Лас-Вегасқа бастаңғы жасауға барады. Мүлдем естерінде қалмаған түнгі тойлаудан кейін, таңертеңіне Дагтың жоғалып кеткенін байқайды. Бір күннен кейін үйлену тойы, Дагты табу керек.

Франшизаға айналып үлгерген «Бас жазу» кері хронологиялық ретпен түсірілген фильм деуге толықтай сай келмегенмен, кей элементтері байқалады. Бір көрініс екі жерде: фильм басында, және соңына тақап қайталанады.

«Вегастағы болғанның барлығы тек Вегаста қалады» деген дұрыс сөйлемдермен басталған фильмнің диалогы керемет. «Бұл әңгімеңді жаңбыр адамына айт, ол нақұрыс болса да, казиноны банкрот етіп кете жаздаған» деп «Жаңбыр адам» фильміне сілтеме жасайтын Аланның сөзінде мұндай мысалдар көп кездеседі.

Зак Галифианакис те өзінің сұхбатында бұл туралы айтып өтеді.

Қайтымсыз («Необратимость», «Irreversible»), 2002 жыл, Франция

Режиссері: Гаспар Ноэ

Жанры: драма, триллер 

Аргентинадан шыққан режиссер Гаспар Ноэның «Қайтымсызы» - өзінің тоғыз минутқа созылатын зорлау және өрт сөндіргіш баллонмен 23 мәрте ұрып, адам басының мылжа-мылжасын шығаратын көріністерімен атышулы.

Қан-жоса ету мен зорлық-зомбылықтың небір түрі көрсетілетін қазіргі киноөндірісте бұл екі сахна-кей адамдардың қабылдауында таңданыс тудыра қоймас. Алайда, жәбірленуші Алексті Моника Белуччи, кек қайтарушы Маркусты Венсан Кассель ойнап, көп сөйлеп, көп іс тындыратын Пьердің орнында Альбер Дюпонтель жүрген кино өз көрерменін бей-жай қалдырмаса керек-ті.

Қабырғалары сарғыш түспен боялған бөлмедегі екі еркектің өзара диалогымен басталатын фильм он үш эпизодтан тұрады.

Мақсат-кек қайтарып, өш алу. Барлық оқиға бір түнде өтіп, кері хронологиялық ретпен беріледі.

Күн шуағы мүлдем жоқ, тек қара түндегі қала шамдарының жарығында олай да бұлай секіріп, бір орында тұрмайтын, ширатыла айналған камералық әдіспен түсірілген хронометраждар, 97 минут бойына бір тынбайтын төмен жиіліктегі тынышсыз музыка бәрі-бәрі жиналып келіп, Гаспар Ноэның режиссерлік бет-бейнесін айқындап берді. Режиссер өз сұқбатында бар ойын осылай жеткізгісі келгенін, фильмде Стэнли Кубриктің «Айқара жұмылған көзбенен»(«С широко закрытыми глазами», «Eyed Wide Shut») және Дэвид Финчердің «Төбелес клубы» («Бойцовкий клуб», «Fight Club») фильмдерінің элементтерін пайдаланғанын айтады. Байқалады.

Total Film жасаған «Көрермен психикасын әрі-сәрі күйге түсіретін 25 киноның» қатарынан табылған, Entertainment Weeklyдің «Қантөгіс пен зорлыққа толы 15 фильмінің» тізіміне енген «Қайтымсыз» - бала-шағадан, жүкті әйелдерден аулақта, тамаққа тойып алмай, попкорнсыз, шекілдеуіксіз, мүмкін болса жалғыз отырып көретін кино. Немесе мүлдем көрмей, сақтанып жүретін артхаус дүние.

5x2 (Five Times Two), 2004 жыл, Франция

Режиссері: Франсуа Озон

 

Жанры: драма, мелодрама

Ажырасу, перзент тәрбиелеп, достармен аралас-құраластықта өтіп жатқан күндер, сәбидің өмірге келуі, үйлену тойы мен танысу. Осындай бес эпизодтан тұратын «5x2» өз картасын алғашқы минуттан-ақ ашып тастайды.

Көрермен үшін тек ғана «Неге бұлай болды?, Өткен өмірлерінде қай жерден қателік жіберіп алған екен бұл екеу?» деген сұрақтарға жауап іздеп, әрекеттеріне талдау жасап, шалыс басқан сәттерін қалт жібермеу ғана қалады.

Актерлардың ойыны жақсы, тіпті күшті. Ойлап қарағанда, тұрмыстағы әйел Марион мен үйленген еркек Жильді алып шығу сәйкесінше  әрі режиссер, әрі актриса Валерия Бруни-Тедески мен жүзі таныс, аты белгісіздеу Стефан Фрейс үшін қиындық тудыра қоймаса керек. Өйткені, біріншісінің өзі де отбасылық тақырыпты қаузаған ленталар түсіреді. Екіншісі, отағасы амплуасында жүрген тісқаққан, сақа актер.

Келте қайырылған жұбайлық ғұмырды кері хронологиялық ретпен ұсынатын фильм-отбасылық өмірді баян еткен көп фильмдердің қатарындағы ортаңқол өнім.

Жалбыз кәмпит («Мятная конфета», «Peppermint Candy», «Bakha satang»), 1999 жыл, Оңтүстік Корея

Режиссері: Ли Чан Дон

Жанры: драма 

«Не істеймін енді, не істеймін?» деп әндеткен Ким Ён Ху (Сол Гён Гу)  поездың астына түсіп өлмек болады. Темір жол көпірінің үстімен келе жатқан поезд дәл тұмсығына келіп тақалғанда, өткеніне көз жүгіртеді. Осылай басталатын «Жалбыз кәмпит» мерзімі көрсетіліп, атау берілген жеті эпизодтан тұрады. Олар: «Экскурция» 1999 жылдың көктемі, «Фотоаппарат» 1999 жылдың көктемі, үш күн бұрын, «Өмір-ғажап» 1994 жылдың жазы, «Мойындау» 1987 жылдың көктемі, «Дұға ету» 1984 жыл, «Әскери өмір» 1980 жылдың мамыр айы, «Пикник» 1979 жылдың көктемі.

«Жалбыз кәмпиттің» ерекшелігі сол, мұнда музыка жоқ. Тек интершум ғана. Жоғары дауыспен берілетін интершум. Әр эпизод темір жолды көрсетумен аяқталады, қайталанатын жалғыз әуен эпизодтан эпизодқа өтер тұста ғана ойнайды. «Экскурция» және «Пикник» оқиғалары бір жерде өтеді. Баяу орындалып, үлкен планда көрсетілетін тым қатал көріністері де жоқ емес.

Әр жағдайда әрқалай себеппен көрінетін үш деталь бар. Жалбыз дәмі бар кәмпит, «Polaroid» фотоаппараты және өзі сыртқа тепкен алғашқы махаббаты Су Ним қыз (Мун Со Ри).

Білмей, абайсызда жасалған қателік ішке еніп алып, мүжи берсе, құртып тынады. Есеңгіреп қалған сана есін жинамаса, сүрінген үстіне сүріне береді екен.

Опасыздық («Измена», «Betrayal»), 1982 жыл, Ұлыбритания

Режиссері: Дэвид Хью Джонс

Жанры: драма, мелодрама

Махаббат үштағанына құрылған «Опасыздықта» жазушы Роберттің (Бен Кингсли) жары Эмма (Патриция Ходж) күйеуінің досы, әрі әдеби агенті Джерримен (Джереми Айронс) көңіл жарастырып жүреді. Жеті жылға созылған бұл жасырын байланыс тоғыз эпизодқа бөлініп, кері тізбекте көрсетіледі. «Екі жыл бұрын», «Үш жыл алдын» деген сипаттағы атаулар берілген әр бөлік-болған іске талдау жасап, кімнің кімді таңдап, қай мінездердің қандай мінезбен жарасқанын анықтайды.

Сөзі салмақты Роджер Эберт өз рецензиясында: «Эмма екі еркекті де сүйеді, сөйте тұра екеуін де жек көреді» деп жазады.

«Америка киносыншылары Ұлттық Кеңесінің» 1983 жылғы «Жыл таңдауын» жеңіп алған «Опасыздықтың» оқиғасы Пинтердің өзі туралы автобиографиялық пьесасынан алынған. Бұл туралы, фильмнің сценаристі Гарольд Пинтер бір сөзінде өз драмасына BBC-дің қоюшы-режиссері Майкл Бэквеллдің әйелі, тележурналист Джоан Беквеллмен 1962-1969 жылдар аралығында болған нақсүйерлік қатынасын өзек еткенін айтады.

«Опасыздық»- қанжығаларында «Үздік еркек рөлі» үшін алған «Оскарлары» бар Бен Кингсли мен Джереми Айронс бірге ойнайтын кесек кинотуынды.

Сөз соңы

Томас Стернз Элиоттың «Бернт Нортон» поэмасы:

 «Осы шақ та, өткен шақ та

Із қалдырар болашақта,

Болар уақтың шарттары да болған екен өткен шақта»,-деп басталады. Данның «Уақытқа тәжірибе» атты еңбегіне сүйеніп жазылған бұл өлең жолдарының қарабайырланған қарапайым түсініктемесі жоғарыдағы жеті кинода мен-мұндалайды. «Жоқтан бар пайда болмайды» деген термодинамиканың бірінші заңы да тұрмысқа ыңғайланған нұсқасында адам өмірінен алшақтап кетпейді-мыс. 

 

Жәнібек НҰРЫШ

Пікірлер

    • Batya
    • |
    • 22 маусым 2013 22.06.2013
    • |
    • 19:10

    "Смертельная гонка" деген бар ғо.
    Сиквелі кері хронологиялық ретпен өрбиді

  • көрмеген екенмін. ақпар үшін рахмет. меніңше "франкенштейн жив" дегені ғой, иә. ну, ол сиквел ма, әлде приквел ма? приквелі деп айтылад негізі.