• Біздің парақшалар:

Қазақстандық фильмдер сұраныс аз деген сылтаумен прокатқа шықпай қалып жатады

Отандық киноның дамуы – мәдениетті қоғамның қалыптасуы мен елдің гүлденуінің маңызды бір сегменті. Алайда, сарапшылардың айтуынша, қазақстандық киноның бүгінгі жағдайы бұған мүлдем сай келмейді. Себебі, отандық кинотуындылардың саны мен сапасының артқаны қазақстандық көрермендердің сұранысын қанағаттандыра алмай отыр. 

Қазақстанда жарық көретін фильмдер отандық прокаттың он пайыздан азын құрайды екен. Бұл жайында режиссерлер мен продюсерлер: «Прокат компаниялары өз мүдделерін көздейді, олар отандық кинематография өнімдеріне көрермендердің сұранысы аз деген сылтаумен қазақстандық туындыларды прокатқа шығармайды», – дейді. 

«Отандық прокатта қазақстандық кинокартиналардың өте аз болуының басты себептерінің қатарына қаржылық-экономикалық дағдарысты, қазақстандық кинематографтарға көрермендердің сенімінің жоғалуын, өнімнің өзіндік нақты құнының жоғарылылығын, кинематографистердің кәсіби шеберлігінің және Қазақстанның өзіндік стилінің жоқтығын, халық санының аздығын жатқызуға болады», – дейді режиссер Тимур Қасымжанов. 

Ол, фильмдерді прокатқа шығарушылар өз ақшаларын далаға шашпау үшін, «кинофильм – тауар, көрермен – сатып алушы» деген экономикалық теорияға сүйенетінін жеткізді. 

«Тауарды сату үшін оны арзан әрі сапалы етсең, көрермен оны сатып алады. Ал қазақстандық туындының ерекшеліктері арзан және сапалы болуға мүмкіндік бермейді», – деді ол. 

Тимур Қасымжанов сапасы орталау фильм түсіру үшін 500 мың АҚШ доллары кететінін және екі еселенген пайда ғана кеткен шығынның қайтқаны болып есептелетінін айтты. 

Режиссердің айтуынша, кинотеатр кассасына түскен қаржының 50%-ы ғана туынды иесіне қайтады, ал қалғаны прокатқа шығарушының қалтасында қалады. 

«Бұл прокат сәтті өтті деп айтуға негіз болмайды, себебі өндіруші табыс тапқан жоқ. Ол кеткен қаржының орнын толтыра алған өнім шығарды, бірақ ол оған пайда әкелмеді», – дейді Қасымжанов.

Ол: «Өнім 15% үстеме пайда тапса ғана, продюсер жобасын табысты деп жариялай алады», – деді. 

«Егер біздікілер сапалы кино түсірсе, қазақстандық киноның прокатта бірінші тұратындығы сөзсіз деген сылтау ғана. Кино түсіру деген оңай дүние емес екендігін ұмытпағанымыз абзал. Бірақ қазақстандық киноиндустрияның басты проблемасы киноның сапасында ғана емес, оны көрсететін орынның аздығында да», – деді «Арман» киноорталығының атқарушы директоры Бауыржан Шүкенов. 

Ол  Қазақстандағы 17 миллион халыққа 200 кинозал, 65 кинотеатр қызмет ететінін және олардың негізінен тек қалалық жерлерде шоғырланғанын жеткізді. Аудан орталықтары мен ауылдарда тіпті кинотеатр жоқ. Отандық киноның көрсетілмеуінің бір себебі осы кинозалдардың өте аздығында. 

«Киноны прокатқа берушілердің тағы бір бас ауыртар мәселесі – пленкадан сандық көрсетілімге ауысу. Санауымша, қазір 200 кинозалдың тек 71-і ғана сандық көрсетілімге көшкен. 

Қалғандарының мүмкіндігі жоқ. Сонымен қатар, телевизия мен Интернет те бәсекелес болып отыр. Адамдарды кинотеатрға алып келу үшін біз 3D сынды көптеген жаңа технологияларға ауысуымыз қажет. Бұның барлығы айтарлықтай қаражатты керек етеді», – деді Шүкенов. 

Сарапшы аталған проблемаларды шешу үшін Қазақстандағы кинотеатр жүйесін кеңейту керектігін және кинотеатр мен кинозал саламын деуші инвесторларға проценттік төлемдерді азайту жолы қарастыру қажеттілігін жеткізді.

 

Айнұр Рақышева 

Мақала kk.kloop.kz жаңалықтар сайтынан алынды.

Пікірлер