• Біздің парақшалар:

Үлкен шығынға ұшыраған 50 фильм: I бөлім

Өткенде Киностан аз шығын шығарып, үлкен табыс тапқан рекордшы фильмдерге шолу жасаған болатын. Бұл жолы біз қосымша табыс табу былай тұрсын, кеткен шығынын да ақтай алмаған туындылар туралы әңгімелейміз. 50 фильмнен тұратын материалды бес бөлім түрінде ұсынуды жөн көріп отырмыз. 

Ең үлкен шығынға батқан жобалар соңғы бөлімде болады. 

Басқыншылық / The Invasion / Вторжение

2007, АҚШ, Австралия

Басты рөлдерде: Николь Кидман, Дэниэл Крэйг

Бюджеті: $80 млн

Табысы: $41 млн

Шығыны: инфляцияны есептегенде шамамен $40 млн

Голливуд ремейк жасағанды жақсы көреді. Ал, "Басқыншылық" ремейктің ремейкі болып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Бұл фильмге негіз болған, 70-ші жылдардың аяғында шыққан "Бөтен тәнге басып кіру" анау елуінші жылдары шыққан туындының ремейкі болатын. 

Басты рөлді ойнаған Николь Кидман мен Дэниэл Крэйг фильмді құтқара алмады. Актерлік ойын, операторлық жұмыс, тағы басқаларға көңілі толған көрермен авторлардан саспенс, күтпеген финал дәметкен болатын. Алайда, әлсіз сценарийдің оған шамасы жеткен жоқ. 

Грайндхаус / Grindhouse

2007, АҚШ

Басты рөлдерде: Курт Рассел, Роуз МакГоуэн, Розарио Доусон, Брюс Уиллис

Бюджеті: $67 млн

Табысы: $26 млн

Шығыны: инфляцияны есептегенде шамамен $41 млн

Табыссыз қалған басқа фильмдерге қарағанда "Грайндхаустың" жарасы жеңілдеу болды. Екі дос Роберт Родригес пен Квентин Тарантино ақшаның бетіне қарамай 67 миллион АҚШ долларына треш түсіреді. Түсіргенде де фильмнің өзін ақтамайтынын біле тұра қолға алады. Таза өздерінің көңіл-күйлерін көтеру үшін. 

Әрине, егер мұндай фильмді осындай мамандар жағасынан алмағанда, көзге ілуге тұрмас та еді. Бірақ, бұрқыраған қан мен кесілген тәнді әлдебір өздеріне тән эстетикалық әдіспен жеткізе білетін Родригес-Тарантино тандемі туындының табыс тарихында болмаса да, треш тарихында қалуына барлық жағдай жасады.

К-19 / K-19: The Widowmaker

2002, АҚШ, Германия, Канада, Ұлыбритания

Басты рөлдерде: Харрисон Форд, Лиам Нисон

Бюджеті: $100 млн

Табысы: $65 млн

Шығыны: инфляцияны есептегенде шамамен $41 млн

"К-19-дың" әңгімесі бөлектеу. Өзге фильмдерге қарағанда мұны ірі голливудтық кинокомпания емес, «NationalGeographic», яғни АҚШ Ұлттық географиялық қоғамы түсірді. 

Сынған реактордың атомдық жарылысын болдырмау үшін барын салған кеңестік сүңгуір қайықтың экипажы туралы фильм әлде басқаша ойлап үйреніп қалған американдықтарға ұнамады, әлде басқа, әйтеуір жарытып табыс таба алған жоқ. 

Уақыт қақпанында / Timeline / В ловушке времени

2003, АҚШ

Басты рөлдерде: Пол Уокер, Джерард Батлер

Бюджеті: $80 млн

Табысы: $44 млн

Шығыны: инфляцияны есептегенде шамамен $42 млн

Майкл Крайтон атты жазушының шығармалары арасында сәтті экранизацияланғандары да бар. Мысал ретінде Спилбергтің "Юра дәуірінің бағын" келтірсе болады. Алайда, "Уақыт қақпанында" прокатта тырапай асты. Оған басты екі себепті атап көрсетеді.

Біріншіден, сценарий жазудың шебері Джордж Нолфи кітаптың тілін кино тіліне аудара алмаған. Екіншіден, әдетте белгілі бір шыдамдылық деңгейінде ғана кездесетін голливудтық қателіктер, киноляптар фильмде тым көп болып шыққан. Кітап фанаттарының жоба авторларына қаратып тас атқылауы, көрермен тарта алмауы туындыны табыс табу емес, бюджетін ақтауға зар қылды. 

Мажестик / The Majestic

2001, АҚШ, Австралия

Басты рөлдерде: Джим Керри, Лори Холден

Бюджеті: $72 млн

Табысы: $37 млн

Шығыны: инфляцияны есептегенде шамамен $42 млн

Фильмді сынап-мінеушілер екіге жарылды: бірі режиссер Дарабонт пен Керридің керемет дуэті десе, екіншілері жауыр болған романтикалық мелодрама деп мұрын шүйірді. 

Кингтің "Шоушенктен қашуы" мен "Жасыл милін" түсірген Дарабонтты жақтаушылар "Маджестикті" өз бағасын дұрыс алмаған туынды деп есептейді. Керридің керемет ойынының комиктік бейнесіне еш қатысы жоқ болып шыққан және драмалық рөлді шығаруға қауқары бар екенін дәлелдеген.

Қалай болғанда да, көпшілік бағасын толық бермеген секілді. 

Айдағы адам / Man on the Moon / Человек на Луне

1999, АҚШ, Германия, Жапония, Ұлыбритания

Басты рөлдерде: Джим КерриДжерри Бекер

Бюджеті: $82 млн

Табысы: $47 млн

Шығыны: инфляцияны есептегенде шамамен $44 млн

Тағы да Джим КерриЭнди Кауфман атты комиктің бейнесін шығарған режиссер Милош Форман табысын қайтара алмаса да, бас актеріне "Алтын глобусты" алып берді, "Оскардан" үміткер жасады. Сондықтан, "Айдағы адам" ел есінде прокаттағы сәтсіздігі емес, біраз шу жасаған, ақшадан гөрі, шеберлігі сөз болған туынды ретіне қалды. 

Кауфман 35 жасында өкпе рагынан өледі. Бір қызығы, ол тірі кезінде дәл осыны айтып, қалжыңдайды екен... 

Әзәзілмен жарысу /Ride with the Devil / Погоня с дьяволом

1999, АҚШ

Басты рөлдерде: Тоби Магуайр, Скотт Шенер

Бюджеті: $35 млн

Табысы: $1 млн

Шығыны: инфляцияны есептегенде шамамен $44 млн

Екі мыңыншы жылдары екі "Оскар" алған режиссер Энг Ли 1999 жылы прокатта сәтсіздікке ұшырады. "Әзәзілмен жарысу" голливудтық кинодан гөрі шынайы оқиғаларды суреттеген деректі фильмге көбірек ұқсайды. 

Драмалық сахналардың сиректігі, күнделікті өмірге тым ұқсас болуы көрерменді шошытып алған сыңайлы. Оның үстіне, "Ғарыштағы соғыстар" мен "Ойыншықтар хикаясының" прокатқа қатар шыққаны фильмді 1 млн доллар табысымен тіпті де артхаусқа айналдырып жіберді.

Желмен сөйлесетіндер / Windtalkers / Говорящие с ветром

2002, АҚШ

Басты рөлдерде: Николас Кейдж, Петер Стормаре

Бюджеті: $115 млн

Табысы: $78 млн

Шығыны: инфляцияны есептегенде шамамен $45 млн

Бұл фильмде басты назарды актерлерге емес, режиссер Джон Вуға аудару керек сияқты. Голливудқа келіп керемет карьера жасаған маман "Қиын нысан", "Орындалмас миссия" секілді танымалдылыққа ие болған туындыларды түсіріп, табысты режиссер атанған-ды. 

Алайда, Ву фантастика немесе әскер жанрға бет бұрса болғаны, бұзылып сала береді. "Қатардағы жауынгер Райанды құтқарудың" қатаң нұсқасына айналған "Желмен әңгімелесетіндер" көрерменді қанды сахналарымен кері итерді. Әйтсе де әжептеуір табыс тапқан фильм үлкен бюджетінің кесірінен шығынын ақтай алған жоқ. 

Ақшалы поезд / Money Train / Денежный поезд

1995, АҚШ

Басты рөлдерде: Уэсли Снайпс, Вуди Харрельсон

Бюджеті: $68 млн

Табысы: $35 млн

Шығыны: инфляцияны есептегенде шамамен $46 млн

Снайпс-Харрельсон бұған дейін бірге фильмге түсіп көргендіктен, өзге экшндармен деңгейі шамалас болғандықтан, "Ақшалы поезд" сәтсіздікке ұшырамауы керек деп күткен авторлар. Алайда, актерлердің қарапайым ойыны, жаттанды диалогтар және Дженнифер Лопестің кадрда қайта-қайта көлбеңдеуі көрермендердің жынына тисе керек. 

Осыған қарамастан, ортанқол экшн прокатта пайдасыз қалмаса керек-ті. Бірақ, іркес-тіркес шыққан "Ойыншықтар хикаясы", "Алтын көз" және "Эйс Вентура" "Ақшалы поездың" үлесін үш бөліп, тақырға отырғызып кетті. 

Норт / North

1994, АҚШ

Басты рөлдерде: Элайджа Вуд, Брюс Уиллис

Бюджеті: $40 млн

Табысы: $7 млн

Шығыны: инфляцияны есептегенде шамамен $47 млн

"Алтын таңқурайдың" ("құрып кеткен" фильмдерге берілетін жүлде) біреу емес, екеу емес, алтауына бірдей үміткер болған "Норт" осыған дейін біз жазған жобалар секілді бір жақсысы, бір жаманы бар емес, жаппай қарсылыққа ұшыраған туынды болды. 

Үйден "кетемін де кетемін" деп байбалам салған жасөспірім туралы фильм жайында атақты киносыншы Роджер Эберт былай деп жазды: "Мен бұл фильмді жек көрдім. Тағы жек көрдім. Ол жыныма тиді. Мен оның әр мақтаншақ, кеңкелес, көрерменді мазақ ететін кадрын жек көрдім. Авторлардың осы бір сөз жеткізе алмайтын боқтық біреуге ұнайды-ау деген сенімін жек көрдім". Ештеңе қоспай-ақ қояйық. 

Жалғасы бар...

Пікірлер