• Біздің парақшалар:

Үлкен шығынға ұшыраған 50 фильм: III бөлім

Жалғасы. Басы мына жерде және мына жерде

Құрметті оқырман, Киностан бюджетін ақтай алмай, үлкен шығынға ұшырап, прокатта омақаса құлаған фильмдер туралы шолуын жалғастырады.

Соңғы қамал / The Last Castle / Последний замок

2001, АҚШ

Басты рөлдерде: Роберт Редфорд, Марк Руффало

Бюджеті: $72 млн

Табысы: $27 млн

Шығыны: инфляцияны есептегенде шамамен $54 млн

Бас бостандығынан айрылғандардың көтерілісі туралы түрме триллері 2001 жылы қыркүйекте орын алған АҚШ-тағы лаңкестік оқиғалардан бір айдан кейін прокатқа шықты. Міне осы жағдай жобаның түбіне жетті. Қаза мен азадан бас көтермеген американдықтар, теракттің ақпараттық легінің астында қалған медиа-кеңістік қатардағы фильмге мойын бұрып, қарауға мұрша бермеді. Оның үстіне, "жығылғанға жұдырық" деп актерлердің үлкен гонорары да табыс табу былай тұрсын, кеткен шығынды қайтарудың өзін зар қылды. 

Әйтсе де, көрген ел ортақ пікір қорытты: фильм шикі, түрме өмірін шынайы жеткізе алмаған, экшн дейін десең, ұзыннан ұзақ, көкке тұзақ - бітпейтін бірдеңе, драма дейін десең, кейіпкерлердің бет-бейнесі ашылмаған, қисынсыздау кадрлары да жетерлік. 

Қысқасы, қабаттаса кеткен тағдырдың тәлкегі мен авторлар жіберген қателік бюджеттің жартысын да қайтаруға мүмкіндік берген жоқ. 

Мэри Райли / Mary Reilly

1996, АҚШ

Басты рөлдерде: Джулия Робертс, Джон Малкович

Бюджеті: $47 млн

Табысы: $6 млн

Шығыны: инфляцияны есептегенде шамамен $55 млн

Жазушы Стивенсонның "Дәрігер Джекил мен мистер Хайдтың біртүрлі оқиғасы" атты шығармасының негізінде түсірген фильм әу баста әжептеуір үміт арқалаған болатын. Мықты актерлік құрам (Джулия Робертс, Джон Малкович, Глен Клоуз), болашағы бар деп жүрген режиссер Стивен Фрирз басқаша ойлауға жол бермеген-ді. 

Алайда "Мэри Райли" прокатта да құлады, сыншылардың да қаһарына ұшырады. Түсілірім кезінде-ақ, жоба айналсындағы кикілжің мен дау-дамай елді шаршатып жіберген болатын. 

Хоррор категориясына іліккен соң-ақ фильм аудиториясының біраз бөлігін жоғалтып алды. Оның үстіне режиссер мен сценаристің ит-қырқылжыңы әп-әдемі дүниенің тас-талқанын шығарды. Нәтижесінде, динамикасыз (онсыз хоррор фильм қалай енді!?), баяу фильм дүниеге келді. Көрермендер "Мэри Райлидің" басқа емес, готикалық атмосферасына ғана оң баға берді. 

Фильм "Алтын таңқурайдың" (ең нашар фильмдерге берілетін сый екенін ұмытпаған шығарсыз:)) екі категориясы ("Ең нашар режиссер" және "Ең нашар актриса") бойынша үміткер атанды. Бұл 90-шы жылдардың басында аса танымал болып үлгерген Джулия Робертске үлкен соққы болды. 

Құдайлар мен генералдар / Gods and Generals / Боги и генералы

2003, АҚШ

Басты рөлдерде: Марк Олдрич, Брюс Бокслейтнер

Бюджеті: $60 млн

Табысы: $13 млн

Шығыны: инфляцияны есептегенде шамамен $55 млн

Режиссер Рональд Максвеллдің туындысы Джеффри М. Шаардың романы бойынша түсірілген болатын. 

АҚШ-тағы Азаматтық соғыстың 1861-1863 жж. арасындағы жағдайын суреттеген туындыны миллиардер Тед Тернер қаржыландырды. 

Төрт сағатқа созылған фильмнен көрермен Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы соғыстың мән-жайын ұғу керек болатын. Алайда, әрең-әрең аттап алға басатын сюжет, генералдардың даңғаза сөздері елді шаршатып алды. Бұдан қайтпаған көрерменге фильм кейіпкерлерінің бірі Джексонның 20 минутқа созылатын о дүниеге аттану сахнасын көрсетіп, жұртты біржолата түңілдіртті. 

Трилогия болады деп жоспарланып отырған жоба екінші бөлімнен кейін тоқтап қалды. 2001 жылы әйелімен ажырасып, 2003 жылы "Time Warner" президенті мансабынан айрылған, құшақ-құшақ ақшасы желге ұшқан Тед Тернер шарт кетті де түсірілім жұмыстарына қаржы бөлмей қойды. 

Алқызыл әріп / The Scarlet Letter / Алая буква

1995, АҚШ

Басты рөлдерде: Деми Мур, Гэри Олдман, Роберт Дювалль

Бюджеті: $50 млн

Табысы: $10 млн

Шығыны: инфляцияны есептегенде шамамен $55 млн

Қазақстандықтарға бұл фильм отандық телеарналар арқылы жиі көрсетілетін/көрсетіледі. 

Он тоғызыншы ғасырдың ортасында Натаниель Готорн жазған романның желісін алған, алайда кітаптан қатты ауытқыған "Алқызыл әріп" тарихта ең жолы болмаған мелодрамалардың бірі ретінде қалды. "Алтын таңқурайдың" төрт номинациясы бойынша үміткер атанып, "Ең нашар сиквел" деген атағын "жеңіп алған" фильм классикалық әдебиетті жақтаушылар қарғысының астында қалды. 

Роман фильмге қарағанда әлдеқайда ауыр, әлдеқайда қайғылы болатын. Алайда, туынды авторлары "Алқызыл әріптен" хэппи-енді бар голливудтық блокбастерсымақ жасап жіберді деді киносыншылар. Бюджетін ақтауға тіпті Деми Мур мен Гэри Олдман да көмектесе алған жоқ.

Баллистика: Экс Сиверге қарсы / Ballistic: Ecks vs. SeverБаллистика: Экс против Сивер

2002, АҚШ, Германия

Басты рөлдерде: Антонио Бандерас, Люси Лю

Бюджеті: $70 млн

Табысы: $20 млн

Шығыны: инфляцияны есептегенде шамамен $60 млн

Вич Каосаянанда (үфф...) атты таиландтық режиссер Голливудтағы алғашқы жобасына айды аспанға бір-ақ шығарып Антонио Бандерас пен Люси Люді қатыстыра алды. Әлі күнге киномамандар ұсыныстан кенде емес актерлердің бұл жобаға қатысқандарына таң қалады. 

Арзанқол азиялық экшн фильмдер деңгейінен аса алмаған фильм 90-шы жылдардағы а-ля "Рэмбо" һәм "Коммандо" стиліндегі туынды болып қана қойған да қалған. 

Режиссер трюктерге баса назар аударыпты. Нәтижесінде фильм Голливуд каскадерлері гильдиясының жарнамалық ролигіне ұқсап кеткен. Әйтеуір, "Таурус" атты каскадерлерге берілетін сыйлықтың біршамасын сыпыра жинап алған екен абырой болғанда. 

Мысық-әйел / Catwoman / Женщина-кошка

2004, АҚШ, Австралия

Басты рөлдерде: Холли Берри, Шерон Стоун, Бенджамин Братт

Бюджеті: $135 млн

Табысы: $82 млн

Шығыны: инфляцияны есептегенде шамамен $60 млн

Сонау 40-шы жылдары Боб Лейн қиялы тудырған Мысық-әйел ұзақ жылдар бойы бірде Бэтменнің, бірде басқаның жанында қосымша кейіпкер ретінде елге танылып келген-ді. Франциялық режиссер Питофтың қолға алған жобасына әуелде Николь Кидман келмек болған. Алайда, сценариймен танысқан актриса бас тартқан соң, отбасылық қиындықтарды басынан өткеріп жатқан және фильм сергуге көмектесе алады деп сенген Холли Берри басты рөлді ойнап береді.

Сценарийдің әлденеше рет өзгеруі, осы себепті қымбат сахналардың қайта-қайта түсіріліп, фильм бюджетін қомпайта беруі жақсылыққа әкеле қойған жоқ. Оның үстіне, туындының өзі мен трейлерін көрген бағалау тобы жобаның аяғын аспаннан келтіріп, жамандады, авторлар апыл-ғұпыл қайта өңдеуге кірісті...

Алайда, "Жылдың ең ұзақ күтілген фильмі" аталған "Мысық-әйел" көрермендердің көңілін қалдырды. Бәлкім, аты дардай болмаса, ортаңқол экшн ретінде өтіп те кетер ме еді, кім білсін, бірақ комикссүйер қауым үшін Мысық-әйелдің орны ерекше болатын. 

Латекстегі қаһарманды "Алтын таңқурай" да құр қол қалдырған жоқ: жеті номинация, оның төртеуі бойынша "күтпеген" жеңіс. 

 

Стелс / Stealth

2005, АҚШ

Басты рөлдерде: Джош Лукас, Джессика Бил, Джейми Фокс

Бюджеті: $138 млн

Табысы: $77 млн

Шығыны: инфляцияны есептегенде шамамен $67 млн

"Стелсты" құртқан жауырлық болды. Көрген ел "ә дегеннен-ақ кімнің өліп, кімнің тірі қалып, кімнің қаһарман атанып, немен бітетінін біліп отырдық, несі қызық" деп бұртиды. 

Режиссер Роб Коэн аһ дегізіп, делебеңді қоздырар фильмнің шебері ретінде белгілі, алайда "Стелсті" ол "Форсажына" да, "Үш иксына" да маңайлата алған жоқ.  

Астронавтың әйелі / Жена астронавта / The Astronaut's Wife

1999, АҚШ

Басты рөлдерде: Джонни Депп, Шарлиз Терон

Бюджеті: $75 млн

Табысы: $20 млн

Шығыны: инфляцияны есептегенде шамамен $70 млн

Әдетте ақша үшін емес, кейіпкеріне қарап киноға түсетін Джонни Депп бұл фильмдегі рөлі үшін 8 миллион доллар (оның үш миллионы шашын қысқа қылып алдыртқаны үшін) гонорар алды. "Астронавтың әйелі" режиссер Ренд Рэвичтің алғашқы және... соңғы фильмі болды. Прокатта жолы болмаған жобасы үшін киноиндустрия маманды қабылдай алған жоқ. 

Фильмнің өзі туралы әркім әртүрлі пікірде. Әйтсе де, сынап-мінегендер соңғы кадрларға шұқып көрсетіп жатты - "міне, міне, нағыз таптаурын финал, әттең, әттең, басқаша түсірсе ғой"...

Туынды "Ең үздік фильм" номинациясы бойынша каталондық байқауда үміткер атанғанда, біраз жұрт таң қалған-ды. Космос туралы киноның қойыртпағы дегендер де, еңсені басып тұрады дегендер де "Астронавтың әйеліне" ақша табуға мүмкіндік берген жоқ.

Барон Мюнхаузеннің басынан кешкендері / Приключения барона Мюнхаузена / The Adventures of Baron Munchausen

1988, Ұлыбритания, ГФР

Басты рөлдерде: Джон Невилл, Эрик Айдл

Бюджеті: $47 млн

Табысы: $7 млн

Шығыны: инфляцияны есептегенде шамамен $70 млн

Сөзсіз, Терри Гиллиам кино тарихындағы ең ұлы режиссерлердің бірі болып саналады. Өзге туындары секілді "Барон Мюнхаузеннің басынан кешкендері" де біз көріп үйренген қаһарманды басқа қырынан суреттейді. Ел бұл фильмді не жек көреді, не жақсы көреді, немқұрайды қалу мүмкін емес.

Дәл сол сәтте "қырсыққанда қымыран іриді" деп, киностудияның басшылығы ауыса қалды, бюджет қысқарды, аяқ асты күтпеген көптеген кедергілер пайда болды. Мұның бәрі жобаның табыс әкелуіне мұрша бере қойған жоқ. Алайда фильм "Доллар бәрін шешеді" деп санайтындардың пікірін жоққа шығарды десе болады. Ол прокаттағы үлкен сәтсіздігіне қарамастан төрт бірдей "Оскардан" үміткер атанды және уақыт өткен сайын туындыны мойындаған елдің қарасы молайып келеді.  

Сүйікті / Любимая / Beloved 

1998, АҚШ

Басты рөлдерде: Денни Гловер, Опра Уинфри

Бюджеті: $80 млн

Табысы: $23 млн

Шығыны: инфляцияны есептегенде шамамен $74 млн

Абыройы да, атағы да жетерлік режиссер Джонатан Демменің бір басында түрлі бәйгеден алған сыйлықтары шаш-етектен. Он тоғызыншы ғасырдағы Американың қара нәсілді тұрғындары туралы мистикалық драма "Ең үздік костюм" номинациясы бойынша Оскардан үміткер атанып, ана құрлық, мына құрлықтағы жиырма шақты байқаудың жеңімпазы атанса да, қарапайым көрерменге ұнай қойған жоқ. 

Құл иеленушілік құрылымға қарсы жиіркеніш сезімін туғызамын деген режиссер мақсатына жете алмады. Оның үстіне, елге Опра Уинфридің де рөлі ұнай қоймапты. Нәтижесінде, атақты тележүргізуші киноға түсуден біржола бас тартты (тек дыбыстауға қатысады), ал "Сүйікті" қырғын шығынға батты. 

Үлкен шығынға ұшыраған 50 фильм: I бөлім

Үлкен шығынға ұшыраған 50 фильм: II бөлім

Жалғасы бар...

Пікірлер