• Біздің парақшалар:

Үлкен шығынға ұшыраған 50 фильм: IV бөлім

Достар, араға ұзақ жазғы демалысты салып барып "Үлкен шығынға ұшыраған фильмдер" атты мақалалар сериямыздың кезекті бөлімін ұсынамыз. Бұл жолғы шолуға іліккен фильмдеріміз сіздерге қызықты болады деп ойлаймыз, себебі атағы да, абыройы да жетерлік актерлер мен атаулар бар.

Осыған дейін жарияланған шолуларымыздың 1-ші бөлімін, 2-ші бөлімін және 3-ші бөлімін оқуға ұсынамыз:)

Сонымен...

Гудзондық қаршыға / Hudson Hawk / Гудзонский ястреб

1991, АҚШ

Басты рөлдерде: Брюс Уиллис, Энди МакДауэлл

Бюджеті: $65 млн

Табысы: $17 млн

Шығыны: инфляцияны есептегенде шамамен $75 млн

Бір қарағанда боевиктердің басын жарып, көзін шығарып тұрған Брюс Уиллис кез келген жобаға сәттілік пен табыс әкеле алатын сияқты еді. Алайда, "Гудзон қаршығасы" атты пародия (иә, иә, бұл фильм экшндерге жасалған пародия еді) көрермендерге "өтпей" қалды. Сірә, бұған аудиторияның туындыны авантюралық жанрда емес, салмақты, атыс-шабысы мол сипатта күткені әсер еткен секілді. 

Қайткен күнде де, көңілді, қалжыңбас Брюс пен жылқыға ұқсап күліп жүрген Энди МакДауэлл жобаны үлкен шығынға ұшыратты. Ұшыратқанын қойшы, кинематографтағы қисық-қыңыр фильмдерге берілетін "Алтын таңқурайдың" басты номинациясы - "Ең нашар фильмді" алып берді. 

Харттың соғысы / Война Харта / Hart's War 

2002, АҚШ

Басты рөлдерде: Брюс УиллисКолин Фаррелл

Бюджеті: $95 млн

Табысы: $32 млн

Шығыны: инфляцияны есептегенде шамамен $75 млн

Тағы да "Оңай жағылмайтын жаңғақ"... Джон Катценбах атты жазушының танымал шығармасы арқылы жақсы дүние жасауды ойламақ болған фильм авторлары сәтсіздікке ұшырады. Жақсы касса жинауға танымал актерлік құрам да, үлкен бюджет те көмектесе алмады. 

Сыншылар фильм қызықсыз, іш пыстырарлық болды, американдық әскердегі нәсілшілдік мәселесін дұрыс көрсете алмады, режиссер болса я әділеттілік туралы драма, я лагерьден қашу жайындағы экшн түсіріп жатқанын өзі де білмеді деп әбден сыбады. 

Мүмкін мына оқиға да әсер еткен болар: Джонатан Брэндис атты жас актер "Харттың соғысына" үлкен үміт артқан болатын. Фильмде жанын салып ойнаған Джонатан өзінің драмалық рөлін алып шыққан-ды. Алайда, прокатқа шыққан туындыда... оның рөлі тұтасымен қысқарып қалды. 27-ге келген актер депрессияға ұшырап, өз-өзіне қол жұмсады.

Күн күркірінің дыбысы / A Sound of Thunder / И грянул гром

2005, АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Чехия

Басты рөлдерде: Эдвард Бернс, Бен Кингсли

Бюджеті: $80 млн

Табысы: $11 млн

Шығыны: инфляцияны есептегенде шамамен $75 млн

Өндіріс кезеңінде-ақ фильмнің басынан бәле арылмай қойды. Көптеген кедергілер мен қиындықтардың нәтижесінде, "Күн күркірінің дыбысы" екі жыл кешігіп, прокатқа шықты. 

Сюжеті таң қалдырарлық Рэй Бредберидің фантастикалық шығармасы жобаға жап-жақсы негіз бола алар еді. Алайда, Чехиядағы су тасқыны, шығарушы компанияның банкротқа ұшырауы секілді сәтсіздіктер фильмнің аяғын аспаннан келтірді.

"Бір көбелек өлімінің болашаққа қандай ықпал  ете алатыны туралы туынды құрыған актерлік ойынымен, ғылымисымақ диалогымен бірге су түбіне кетті. Фантастикалық экшндердің басты картасы - арнайы әсерлердің дұрыс қолданылмауы оны сол судың бетіне қайта шықпастай қылды", - деген сыншылар фильмге прокатта табыс табуына мұрша бермеді.

Жаңғақ шаққыш / The Nutcracker / Щелкунчик и крысиный король 3D

2010, Ұлыбритания, Венгрия

Басты рөлдерде: Эль Фаннинг, Натан Лейн, Джон Туртурро

Бюджеті: $90 млн

Табысы: $11 млн 700 мың

Шығыны: инфляцияны есептегенде шамамен $75 млн 300 мың

Андрей Кончаловский Гофманның атақты шығармасын экранға шығаруды қырық жыл бойы ойластырып жүріпті. Енді, міне сәті түскенде табыстан айрылды. Не болды? 

Сыншылар бұған көрермен күткен туындының прокатқа шықпауы себеп болды дейді. Жаңа Жыл алдында қызылды-жасылды, көңілді, мереке сыйлайтын фильм күтіп жүрген ел залға кіргенде еңсені басар, постапокалипсистік егеуқұйрық-фашистердің атысы мен ұлы депрессиядан тұратын кадрларға жолықты. 

Кассасы тықырлаған Кончаловский осы жобадан кейін режиссерліктен мүлде бас тартты. "Жақсы шешім" дегендер аз болған жоқ.

Иштар / Ishtar

1987, АҚШ

Басты рөлдерде: Уоррен Битти, Дастин Хоффман

Бюджеті: $55 млн

Табысы: $14 млн

Шығыны: инфляцияны есептегенде шамамен $76 млн

Элейн Мэй атты нәзік жанды режиссер үшін бұл жоба нағыз тозаққа айналды, түсірілім жұмыстары біткен соң ол актерлікке біржолата ауысып кетті. 

"Оскарға" ие Уоррен Битти пен Дастин Хоффманға қол жеткізген Мэй ұлы туынды болмаса да, табыс әкелетін дүние түсірермін деп ойлаған. Алайда, Колумбия кинокомпаниясының екі актерге өндіріс жұмыстарына араласуға рұқсат беруі "аққу, шортан һәм шаянның" керін келтірді. Дедлайннан жарты жыл асып кетіп, әзер дегенде бітіріп, қашып шыққан режиссерді алдынан "Алтын таңқурайдың" "Ең нашар режиссура" номинациясы бойынша берген жеңісі күтіп алды. 

Битти мен Хоффманның дәнеңесі де кеткен жоқ. Дастин бір жыл өткен "Жаңбыр адамына" түсіп, екінші "Оскарын" ұтып алды. Ал "Иштар" болса "шаң басқан" мұрағаттарға аттанды.

80 күннің ішінде әлемді айналып шығу / Around the World in 80 Days / Вокруг света за 80 дней

2004, АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Ирландия

Басты рөлдерде: Стив Куган, Джеки Чан, Арнольд Шварценеггер

Бюджеті: $140 млн

Табысы: $72 млн

Шығыны: инфляцияны есептегенде шамамен $77 млн

Жюль Вернның шығармасының атауын ғана алған секілді әсер қалдыратын фильм үлкен үмітке ие болатын. Танымал актерлер түскен, үлкен бюджетке ие жоба көрермендерге қызықты, отбасылық дүние сыйлауы керек еді. Алайда, актерлердің өздеріне сай емес кейіпкерлерді ойнауы (Арнольдтың түрік сұлтанын сомдағанын айтсаңызшы), талғамның жоқтығы және ең басты себеп "Гарри Поттер мен Азкабан тұтқыны" һәм "Шрек 2-нің" прокатта қатар шығуы фильмнің қалтасын қағып алды.

Джильи / Gigli

2003, АҚШ

Басты рөлдерде: Бен Аффлек, Дженнифер ЛопезАль Пачино, Кристофер Уокен

Бюджеті: $74 млн

Табысы: $7 млн

Шығыны: инфляцияны есептегенде шамамен $78 млн

Шығынға ұшыраған супержұлдыздары мен миллиондаған доллар бюджеті бар фильмдердің арасында "Джильидың" орны ерекше-ақ. "Алтын таңқурайдың" тоғызынан (!) үміткер болып, алтауында (!!!) "жеңіске жеткен" туынды Беннифердің (Бен Аффлек пен Дженнифер Лопез) соңынан біразға дейін қалмады. Авторлардың асығыс-үсігіс прокаттан фильмді шығарып алуы да сыншылардың қаһарынан қашуға көмектесе алған жоқ.

Солдат / Soldier

1998, АҚШ, Ұлыбритания

Басты рөлдерде: Курт Рассел, Джейсон Скотт Ли, Гэри Бьюзи

Бюджеті: $75 млн

Табысы: $1 млн

Шығыны: инфляцияны есептегенде шамамен $79 млн

Пол Андерсон ол кезде үлкен үміт күттіріп жүрген режиссер болатын. Әжептеуір бюджет алып, фильм түсіріп бастаған маман "Уорнер Бразерстің" кезекті сәтсіз жобасын өмірге әкелді. 

Шаблондарға толы, қатігез, бас кейіпкері бүкіл фильм бойы бірнеше сөз ғана айтатын "Солдат" өз заманының ең дамыған заманауи эффектілерін қолданса да көрермендерді қуанта алмады. Нәтиже - сәтсіз касса. 

Қызыл ғаламшар / Red Planet / Красная планета

2000, АҚШ, Австралия

Басты рөлдерде: Вэл Килмер, Кэри-Энн Мосс,  Том Сайзмор

Бюджеті: $100 млн

Табысы: $33 млн

Шығыны: инфляцияны есептегенде шамамен $82 млн

Энтони Хоффманның алғашқы және соңғы фильмі ғылыми-фантастикалық жанрда түсірілсе де, ауыз толтырып айтатындай деңгейге қол жеткізе алмады. Сыншылардың үлкен қарғысы мен қаһарына ұшыраған жобаны "Матрицаның" жұлдызы Кэри-Энн Мосс та құтқарған жоқ.

Пошташы / The Postman / Почтальон

1997, АҚШ

Басты рөлдерде: Кевин Костнер, Джеймс Руссо, Уилл Паттон

Бюджеті: $80 млн

Табысы: $17 млн

Шығыны: инфляцияны есептегенде шамамен $83 млн

"Пошташы" "Су әлемінен" кейін Кевин Костнердің түбіне жеткен екінші фильм болды. 90-шы жылдардың жұлдызы болған актер осы соққылардан кейін есін жия алмай, үлкен жобалардан көрінбей-ақ кетті. 

Аса үлкен ауқымға ие, пафосқа толы, үш сағатқа созылатын фильмді көрермендер де, кәсіби киносыншылар да қабылдай алмады. Өте жаман деп айтуға келмейді, алайда режиссер үміт артқан масштаб ақша түрінде де, алғыс түрінде де еш жақсылық әкеле алған жоқ.

Үлкен шығынға ұшыраған 50 фильм: I бөлім

Үлкен шығынға ұшыраған 50 фильм: II бөлім

Үлкен шығынға ұшыраған 50 фильм: III бөлім

Пікірлер