• Біздің парақшалар:

Риддик: Хроника және фильмдер

2013 жылғы 12 қыркүйекте Қазақстан прокатына «Риддик» фастастикалық боевигі шығады. Осы үлкен премьераның қарсаңында аталған франшизаның өткені мен болашағына, оның басты кейіпкеріне шолу жасап көрмекпіз.

Риддик есімді кейіпкер (толық аты-жөні - Ричард Б. Риддик) біз ойлағандай алғаш рет киноэкранда емес, алдымен теледидарда пайда болған екен. «Қара түнекте» (Into Pitch Black) деп аталатын жартылай деректі, жартылай ойын фильмі 2000 жылы 30 қаңтарда Америка телекөрермендеріне ұсынылған.

«Қара түнекте» картинасының талғампаз көрерменге ұнамағаны сонша, оны кейбір рецензия жазушылар кино деп атаудан бас тартқан. Бірақ бұл Риддик туралы өзге фильмдердің абыройына еш әсер ете алған жоқ. Қалай көрсетілді – солай ұмыт болып, шаң басқан видеотекаларға жол тартты.

Риддик туралы франшизаның алғашқы толыққанды өнімі - «Қара түнек» (Pitch Black / Черная дыра). 2000 жылы 18 ақпанда прокатқа шыққан фильмнен кейін, Вин Дизелдің экрандағы сұп-сұр көзі мен «крутой» репликалары көпшілік есінде ұзаққа дейін сақталған еді.

Бұл картинада басты кейіпкер – Риддик өмір бойы түрмеде отырған қылмыскер ретінде көрініс табады. Оның түнде көре алатын қабілеті өзге ғаламшарға тап болған кейіпкерлердің бәрі болмаса да, бірнешеуінің аман қалуына себепші болады.

Кейіпкер «Риддик хроникалары» (The Chronicles of Riddick / Хроники Риддика) фильмінде қайта оралады. Бұл жолы оны қылмыскер ретінде емес, азаттық үшін күрескер ретінде көреміз. Алыстағы ғаламшарда ұзақ уақыт бойы өмір сүріп, шыныға түскен. Өзінің туған әлемін басқыншылардан құтқару үшін шебер өлтіруші қабілетін пайдаланады. Фильм Қазақстан прокатына 2004 жылы 1 қазанда шықты.

Хроникалар бұнымен аяқталмады. «Риддик хроникалары: Қара қаһар» (The Chronicles of Riddick: Dark Fury / Хроники Риддика: Темная ярость) деген анимациялық видео 2004 жылы бонус ретінде DVD түрінде жарық көрген еді. Мультфильм сюжеті «Қара түнек» пен «Риддик хроникалары» арасындағы оқиғаларды байланыстырады. Франшизаның жанкүйерлері үшін бұл тамаша қосымша материал бола алды.

Осы тақырыпты жалғастыратын 6 минуттық тағы бір мульфильм (Риддик: Көзден таса) 2013 жылы шілде айында шықты. Бұл Хроникалар мен биылғы жаңа Риддиктің сюжетін байланыстырар қосымша ретінде ұсынылады.

12 қыркүйек күні Риддик қайтып оралады. Бізді «Қара түнектегі» құбыжыққа толы ғаламшар, бұрынғыдан да күштірек әрі қауіптірек Риддик күтіп тұр.

Франшизаның бір ерекшелігі сол - жоғарыда аталған бөлімдердің барлығын бір режиссер - Дэвид Туи түсірген («Қара түнекте» телевизиялық фильмінен басқалары). Сондықтан да шығар, бір суретшінің таңбасы, әр бөлімнің оқиғалары әртүрлі болса да, барлығы бір стилде, бір атмосферада өрбиді. 

Бұл соңы емес. Вин Дизелдің хабарлауынша, болашақта бізді әлі 2 фильм күтіп тұр. Сондықтан епті да сымбатты, қара көзілдірік киген тақырбас қылмыскермен әлі қоштаспаймыз.

Пікірлер