• Біздің парақшалар:

Ислам кинода: мұсылмандық туралы 5 фильм

Ислам әлеміне арналған деректі фильмдер де, көркем картиналар да жеткілікті. Олардың көптігі сонша бәрін тізіп шығу, немесе ақ-қарасын ажыратып сарапқа салу мүмкін емес. 

Бүгін біз кино әлемінде анағұрлым танымал болған және КС редакторлары тарапынан мақұлданған мұсылмандыққа қатысы бар, Ислам діні төңірегіндегі көркем фильмдердің бірнешеуіне тоқталып көрмекпіз.

Жолдау / The Message / Ar Risalah / Послание

Кинокартина Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың өмірін баяндайды. Өмірбаяндық драмада Исламның қағидарына нұқсан келмегенін рецензияшылар атап жүр. Онда мұсылманшылықтың орнауы мен соған қатысты тарихи деректер дәл келтірілген.

"Жолдау" фильмінде айтылған оқиғалар біздің жыл санауымыздың 600-700 жылдары орын алады. Ежелгі Шығыста соғыстар мен келіспеушіліктер өршіп тұрған кез. Адамдар бір-бірімен татуласудың орнына, билік пен байлыққа қызығып, соғыс ашуға құмартып кеткен. Бұл хаосты тек Аллаһтың елшісі ғана тоқтатып, Құдайдан жеткен сөз арқылы адамдарға үміт сәулесін бере алады. Сөйтіп нәпсінің құлдары Алланың құлдарына айналады. 

Ливан, Ливия, Кувейт, Марокко, Ұлыбритания елдері бірігіп түсірген картинаның екі нұсқасы бар: арабша (1976) және ағылшынша (1977). Фильм өз кезеңінде араб әлемінің №1 блокбастері атанды. Тіпті саундтрегі үшін "Оскар" номинациясына да ілікті. 

Ислам қағидасына сәйкес, әрине Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар фильмде көрсетілмейді. Басты рөлдерде мысырлық актер Абдулла Гайас пен сириялық актриса Муна Уасиф ойнады. Режиссері - Мустафа Аккад.

Трейлер:

 

Малкольм Икс / Malcolm X

Спайк Лидің 1992 жылғы фильмі қаратәнділердің құқығы үшін күресуші, "Исламның ұлты" қозғалысының идеологы Малкольм Литтлдың өміріне арналады. Америкалық кинокартинада тарихи тұлғаны Дензел Вашингтон сомдап шықты. 

Сюжетте Малкольм Икстің гангстер атанып, қылмыскер болған кезеңінен бастап баяндалады. Түрмеге түсіп, сонда Ислам идеясына қанығады. Кейін нәсілшілдікке, жемқорлыққа, заңсыздыққа, сатқындыққа қарсы күреседі.

Фильм "Оскардың" екі номинациясына ұсынылды.

Трейлер:

 

Дат келіні / Danimarkali gelin / Невеста из Дании

Түрік режиссері Салих Дирикли түсірген бұл драма 1993 жылы шықты. Фильмде дінге беріктік, адамдардың жауапсыздығы сөз болады.

Сюжетте Метин есімді түрік жігіті Еуропадан білім алып үйіне оралады. Өзімен бірге болашақ жары - дат қызын алып келеді. Екеуі үйленгеннен кейін келін Ислам дінін қабылдайды. Бірақ күйеуінің туыстарымен таныса келе кейбір келеңсіз нәрселерге қанық болады. Мысалы, өзін мұсылман санайтын кейбіреулер дінге атүсті қарап, шарттары мен парыздарын орындай бермейтін болып шығады. Осыдан кейін екі жастың арасында ұрыс-керіс туындай бастайды.

 

Мұсылман / Мусульманин

Осы бір ресейлік драма өз отанында жоғары бағаланған еді. Владимир Хотиненко түсірген фильм ауған соғысының ардагері туралы баяндалады. Ауғанстанда 7 жыл тұтқында болып, тағдырдың жазуымен аман қалады. Еліне оралғанда орыс жауынгері мұсылман болып оралады. 

Туған ауылы оны суық қабылдайды, төңірегіндегілердің түсінбеушілігіне тап болады. 

1995 жылы жарық көрген бұл картина көптеген жүлделерге ие болып, жылдың үздік фильмі атанды.

Трейлер:

 

Менің атым Кхан / My Name Is Khan / Меня зовут Кхан

Каран Джохардың фильмінде Батыс әлемінің Исламға деген теріс пікірлері, мұсылмандарға қатысты өшпенділігі баяндалады.

Үндістаннан шыққан Ризван Кхан деген мұсылман Американың Сан-Франциско қаласына көшіп келеді. Ризван Аспергер синдромымен ауырады. Десек те бұл оған ғашық болуға, махаббатын табуға еш кедергі болмайды. Ол ағасының қарсылығына қарамастан Мандираға үйленіп, бақытты ғұмыр кешіп жатады.

Бәрі 2001 жылы 11 қыркүйектегі оқиғадан кейін өзгереді. Осыдан кейін мұсылмандарға деген теріс көзқарас қалыптасады. Резванның үйінде де қайғылы оқиға орын алады. Мандира ұлынан айырылып, жұбайлар арасындағы қарым-қатынас суып кетеді. Мандира ашу үстінде күйеуіне АҚШ президентіне барып: "Менің атым Кхан, мен лаңкес емеспін" деп айтуын талап етеді. Ол сүйгені үшін Америка ішіндегі үлкен саяхатына аттанады.

Фильмде басты рөлді Шах Рукх Кхан сомдады. Кинотуынды 2010 жылы жарық көрді.

Трейлер:

 

Біздің қамтығанымыз әзірге осы. Болашақта білім базамыздың толығуына орай бұл шолудың жалғасы да шығып қалар. Ендігі кезекті оқырмандарға берейік: Ал сіз Ислам дініне қатысты және мұсылмандар өмірін суреттейтін қандай фильмдер білесіз?

Пікірлер

    • Bake
    • |
    • 28 қыркүйек 2013 28.09.2013
    • |
    • 19:28

    Мультик бар "Мұхаммед с.ғ.с" деген. 2009 ба, 2010 ба, сондай.

  • wh0cd971846 <a href=http://buy-tadacip.com/>buy tadacip</a> <a href=http://buyelimite.us.com/>elimite cream</a>