• Біздің парақшалар:

Антонио Бандерас: кино мен қайырымдылық елшісі

Осыған дейін де хабарлағанымыздай, кино әлемінің белгілі жұлдызы Антонио Бандерас 2013 жылғы 4 қазанда Алматыда болды. Актердің Қазақстанға сапар шегуінде екі мақсат бар.

Біріншісі – актер Kaspi bank клиенттеріне қызмет көрсетіп, "Сіз үшін тағы не істей аламыз?" атты слоганмен өткізілген жарнама науқанына қатысты. Бұл күні банк клиенттері Антонио Бандерастың өз қолынан депозит ашу қуанышына ие болды.

Сондай-ақ ол "Аяла" қайырымдылық қорына "Тыныс ал, балақай" жобасы үшін 38 миллион теңге көлеміндегі чекті табыс етті. Бұл қаражат Орал, Ақтау, Түркістан қалаларындағы перинаталдық орталықтарға медициналық жабдық сатып алуа жұмсалады.

Бандераспен болған баспасөз-конференциясында әрине жоғарыда аталған мәселелерден бөлек, жеке бас пен шығармашылыққа қатысты, жалпы киноға қатысты сұрақтар қойылды. Біз осы сұрақтар төңірегінде актер берген жауаптардың үзінділеріне тоқталғымыз келеді.

Қазіргі тірлігі туралы

- Кеше Мәскеуде болып, "Джастин және және айбынды серілер" ("Justin and the Knights of Valour") мультфильмін таныстырдық. Жақында "Жанқиярлар 3" фильмінің түсірілімі аяқталды. Алда жер астында қалған Чили шахтерлері туралы шынайы оқиғаға негізделген "33" кинотуындысының жұмысы күтіп тұр. Демек отбасыммен жуық арада қауыша алмаймын. 

Қазақстандық "Бүкіл әлем сіздің табаныңыздың астында" ("The Whole World at Our Feet") фильміне қатысқаны туралы қауесет

- Маған ондай ұсыныс түскен емес. Жалпы баспасөз беттерінде мен туралы шындыққа жанаспайтын ақпараттар жиі шығады. Дегенмен көпшілігі өтірік. 

Антонио Бандерас режиссерлікпен де айналысып жүр. Танымал актерге режиссер болу не үшін керек?

- Түсірілім барысында ойынға қатысты, гримге қатысты, қимыл-әрекетке қатысты өз ойың қалыптасады. Бірақ сен бар болғаны актерсің, сол себепті берілген тапсырманы жай ғана орындап шығасың. Ал режиссер болсаң осындай ойларыңды өз еркіңмен іске асыра аласың. Актер өзгелердің ой-қиялын көрсетеді, ал режиссер өз әлемін құрады.

Жуырда "Соло" деген тағы бір режиссерлік жобамды қолға аламын. Фильм жалғыздық туралы. 

Мультфильмдерді дыбыстау туралы

- Шынымды айтсам, неліктен мені таңдайтындарын білмеймін. Мен Америкаға алғаш келген жылдары ағылшын тілін білмейтінмін. Осыдан он шақты жыл бұрын "Шректегі" Етікті мысықты дыбыстаудан бастадым. Сол кезден кейін Етікті мысықты Зорромен байланыстырып жүр. Мүмкін испандық акцентім әсер еткен шығар. 

Голливуд туралы

- Мен Америкаға алғаш келгенде маған сондағылар былай деді: "Сен ешқашан жағымды кейіпкерді сомдамайсың. Латын тілді болғандықтан үнемі бандиттерді ойнаумен есте қаласың". Бірақ "Зорраға" түскенде соны айтқан көккөздердің өздері зұлым кейіпкерлерді сомдады. 

Қайырымдылық туралы

- Кез-келген халық қандай мемлекетте тұрмасын қолдау табуға құқылы. Өзің пайда көріп отырған қоғамға алғыс ретінде қайырымдылық көрсетіп отыру қажет. Мен қайырымдылық шараларымен айналысамын, оны қандай мақсатпен жасайтыным ешкімнің басын ауыртпауы тиіс. Ол имиджім үшін бе, әлде басқа себеп пе – айырмасы қанша? Ең бастысы мұқтаж балалардың қажетіне жарау. 

Әйелдер құқығы туралы

- Мен 2011 жылдан бері БҰҰ Даму бағдарламасының ізгі ниетті елшісімін. Мен бүкіл әлем бойынша әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтарға қарсы күресемін. Қазақстанда әйелдер құқығын бұзу фактілерін естігенмін. Бұндай келеңсіздіктерге жол берілмеу керек. Әйелді ұрып-соғатын еркекті нағыз оңбаған деп есептеймін. 

Голливуд пен Еуропа киносы арасында қандай айырмашылықтар бар?

- Асып бара жатқан айырмашылық жоқ. Тек Голливуд өнімді нарық үшін жасайды. Яғни түрлі эффектілерімен көп пайда табуды көздейді. Ал Еуропада үлкен нарық жоқ. Ол жақтың киносында адамның ішкі жан-дүниесіне көп көңіл бөлінеді.

Пікірлер