• Біздің парақшалар:

Harmony Lessons: Жүлделер

Қазақстан үшін биылғы жылдың ең марапатты фильмі – "Асланның сабақтары" ("Уроки Гармонии", "Harmony Lessons") десек артық айтқандық болмас. Бұл фильм талай фестивалдарға қатысты, шетелдік БАҚ беттерінде жарыса жазылды, сыншылар талқыға салды. Эмир Байғазиннің алғашқы жұмысы иеленген маратапаттар мен сыйлықтарға жеке тақырып арнауды жөн санадық.

Солдан оңға қарай: режиссер Эмир Байғазин, продюсер Анна Качко, қоюшы-оператор Азиз Жамбакиев

"Асланның сабақтарының" жарық көруінің өзі конкурста жеңіске жету арқылы қол жеткізілді. 2011 жылы VII Халықаралық "Еуразия" кинофестивалі аясында өткен "Қазақстан киножобалар нарығының" ("Spotlight: New Kazakh Cinema") бас жүлдесін жеңіп алып, Қазақфильм тарапынан түсірілім жұмыстарына қаржылай қолдауға ие болған және халықаралық деңгейде насихатталу мүмкіндігін алған. 

Түсіру жұмыстары 2012 жылы аяқталып, алғашқы дайын болған материалдары Босния мен Герцеговина астанасы – Сараевода өткен халықаралық кинофестивальда көрсетілді. Бұл жерде картина Work-in-Progress деп аталатын арнайы конкурстық бағдарламада бірінші орын алды. Дәл осы жылы "Бүкіләлемдік кино қорының" (Berlinale World Cinema Fund) жүлдесін ұтып алды. Жоба 43 елден жіберілген 122 өтініштің ішінен үздік шықты, бұл Қазақстан тарихында атақты қордың қолдауына ие болған алғашқы фильм атанды. 

Осыдан кейін Post Republic деп аталатын немістің постпродакшн-компаниясы монтаждық-тондау кезеңіндегі шығындардың бір бөлігін өз мойнына алып, режиссер Эмир Байғазинді және қоюшы-оператор Азиз Жамбакиевті Берлинге жұмысты жалғастыру үшін шақырды. 

Фильм дайын болғаннан кейін, келесі кинофорумдарда марапатталды: 

Оператор Азиз Жамбакиев "Күміс аюмен" марапатталу сәтінде

- 63-ші Берлин Кинофестивалі (Германия). 2013 жылғы 7-17 ақпан. Марапаттау кешінде фильмді түсірген Азиз Жамбакиев "үздік операторлық жұмыс" номинациясы бойынша "Күміс аю" сыйлығын алды. Сондай-ақ, фестиваль аясында Berliner Morgenpost газеті дайындаған арнайы сыйлыққа да ие болды. 

Эмир Байғазин Трайбека фестивалінде ұйымдастырушылардың бірі - Роберт Де Ниромен бірге

- Трайбека фестивалі (Нью-Йорк, АҚШ). 2013 жылғы 17-29 сәуір. Эмир Байғазин үздік режиссерлік дебюті үшін арнайы дипломмен марапатталды

Режиссер Bildrausch Film Fest Basel фестивалінде (Базель, Швейцария)

- Bildrausch Film Fest Basel (Базель, Швейцария). 2013 жылғы 29 мамыр – 2 маусым. Режиссер Э. Байғазин фестивальдің бас жүлдесі – фильмнің атауы мен режиссердің аты ойып жазылған өңделмеген алмаз көзі бар күміс сақинаға ие болды

- Seattle International Film Festival (Сиэтл, АҚШ). Эмир Байғазин фестивальдің басты марапаты – "Үздік жаңа режиссер" деген әділқазылардың Гран-приін жеңіп алды

Эмир Байғазин Film Art Festival форумында (Тренчин, Словакия)

- 21-ші Film Art Festival кино өнерінің халықаралық фестивалі (Тренчин, Словакия). 2013 жылғы 21-26 маусым. Режиссер "Үздік фильм" аталыммен Гран-приге және қала әкімінің арнайы жүлдесіне ие болды

"Край света" фестивалінде "Асланның сабақтары" алған марапат

- "Край света" ІІІ Сахалин халықаралық кинофестивалі (Южно-Сахалинск, Ресей). 2013 жылғы 23-30 тамыз. Кинокартина "Үздік режиссерлік жұмыс" атағын алып, 250 мың рубль (5 500 еуро) көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болды.

- "KINO. Фильмы из России не только" бірінші халықаралық кинофестивалі (Женева-Лозанна, Швейцария). 2013 жылғы 21-29 қыркүйек. "Асланның сабақтары" Гран-приді жеңіп алды. 

Продюсер Анна Качко мен оператор Азиз Жамбакиев "2morrow" фестивалінде

- "2morrow/Завтра" 7-ші халықаралық тәуелсіз кино фестивалі (Мәскеу, Ресей). 2013 жылғы 1-6 қазан. Фильм Гран-при иегері болды

- 40-шы Гент халықаралық кинофестивалі (Бельгия). 2013 жылғы 8-19 қазан. Қазақ режиссерінің алғашқы еңбегі әділқазылар тарапынан ерекше аталып өтілді. 

- 29-шы Варшава халықаралық кинофестивалі (Польша). 2013 жылғы 11-20 қазан. "Discoveries" бағдарламасының аясында көрсетілген "Асланның сабақтары" НЕТПАК әділқазыларының сыйлығын алды ("Азияның үздік фильмі").

- 22-ші Филадельфия кинофестивалі (АҚШ). 2013 жылғы 17-27 қазан. Картина "Үздік дебют" жүлдесіне ие болып, үздік операторлық жұмысы үшін әділқазылар тарапынан ерекше аталды.

- 37-ші Сан-Паулу халықаралық кинофестивалі (Бразилия). 2013 жылғы 18-31 қазан. "Асланның сабақтары" фестивальдің Гран-при жүлдесін ("Bandeira Paulistra Trophy") алды.

Режиссерді Абу-Дабиде марапаттау сәті

- 7-ші Абу-Даби халықаралық кинофестивалі (БАӘ). 2013 жылғы 24 қазан-1 қараша. Фильм "Showcase" бағдарламасы аясында көрсетіліп, НЕТПАК әділқазыларының атынан "Азиялық үздік фильм" деп танылды.

- 33-ші Амьен халықаралық кинофестивалі (Франция). 2013 жылғы 8-16 қараша. "Уроки гармонии" Гран-при жүлде - "Алтын бірмүйізді" және 10 000 еуро көлеміндегі ақшалай сыйлық алды. Сонымен қатар фильмде басты рөлде ойнаған Тимур Айдарбеков "Үздік еркек рөлі" номинациясында жеңіске жетті.

- Лиссабон және Эшторилдағы 7-ші халықаралық кинофестиваль (Португалия). 2013 жылғы 8-18 қараша. Кинокартина Жоау Бенард да Кошта атындағы арнайы сыйлыққа ие болды.

- 13-ші Filmex фестивалі (Токио, Жапония). 2013 жылғы 23 қараша-1 желтоқсан. Картина әділқазылардың арнайы сыйлығын және ақшалай сыйлық (300,00 жапон йені) алды.

Эмир Байғазин Asia Pacific Screen Awards марапаттауында

Asia Pacific Screen Awards / Азия-Тынық мұхиты аймағы елдерінің киноакадемиясы (Брисбен, Австралия). 2013 жылғы 12 желтоқсан. Эмир Байғазин әділқазылар тарапынан "Режиссурадағы жетістігі үшін" арнайы аталып өтілді.

- 26-шы Premiers Plans кинофестивалі (Анже, Франция). 2014 жылғы 17-26 қаңтар. Фильм Гран-При және Францияда насихатталу мен дистрибуциялану үшін 15 000 еуро көлемінде сыйақы алды.

- 32-ші "Фаджр" халықаралық кинофестивалі (Тегеран, Иран). 2014 жылғы 1-11 ақпан. "Асланның сабақтары" әділқазылардың арнайы жүлдесіне ие болды.

Сонымен қатар, кинотуынды "А" санатына жататын Карловы Варыда (Чехия), Сан Себастьянда (Испания), Локарнода (Швейцария) және Монреальда (Канада) өткен халықаралық фестивальдардың конкурстан тыс бағдарламаларына қатысты.

 

Ақпараттар мен фотоматериалдар "Қазақфильм" киностудиясының сайтынан алынды.

Пікірлер