• Біздің парақшалар:

Біз күткен келер жылдың киносы. Қаңтар-наурыз

Жаңа жылға жарты айдан астам ғана уақыт қалды. Киностан 2014 жылы қазақстандық прокатта жүретін танымал деген кинопремьераларға шолу жазуды құп көрді. Бүгін назарларыңызға қаңтар мен наурыз аралығында болатын фильмдер туралы ақпарат ұсынамыз.

Ескерту! Шолуға сіздің көңіліңіздегі туындылар енбеуі мүмкін, алайда бұл Киностан редакцияның тізімге ілікпеген фильмге, оның түсіру тобына және көрермендеріне деген теріс ниетін білдірмейді. Қазақстандық премьера күндері "Меломан" компаниясының ақпараты негізінде жазылды, өзгеруі мүмкін.   

Қаңтар

47 ронин / 47 Ronin / 47 ронинов

Жылы/ел: 2013, АҚШ

Жанры: Экшн

Ұзақтығы: 127 минут

Режиссер: Карл Ринш

Басты рөлдерде: Ринко Кикути, Киану Ривз, Хироюки Санада, Кэри-Хироюки Тагава, Таданобу Асано және т.б.

Әлемдік премьера: 6 желтоқсан 2013

Қазақстандық премьера: 1 қаңтар 2014

Мазмұны: Жақындары сырт айналған, сатып кеткен, құлдыққа сатылған әлдебір құпия кезбе 47 жауынгердің бірі болып, өлімнің өзіне ашық қарсы шығып, кек қайтармаққа бел буады. Өзге әлемнен келген ол махаббатын сақтап қалу үшін қара ниетті күштермен бел шешіп шайқасады. 

Киностан-пікір: Голливудтың грегі бар, басқасы бар бірқатар жұрттың ертегі-аңыздарын түгесіп, Азияға бет бұрғанына біраз болды. Киану Ривз үшін көремін дейсіз бе, батл-сахналары үшін билет аламын дейсіз бе - қалауыңыз, әйтеуір, Жаңа Жылдық демалыста жақсы бір қан қыздыратын экшн болары анық.

Ескерткіш адамдар / The Monuments Men / Охотники за сокровищами 

Жылы/ел: 2014, АҚШ, Германия

Жанры: Триллер

Ұзақтығы: -

Режиссер: Джордж Клуни

Басты рөлдерде: Джордж Клуни, Мэтт Дэймон, Билл Мюррей, Джон Гудман, Жан Дюжарден, Боб Бэлабан, Хью Бонневилль, Кейт Бланшетт және т.б.

Әлемдік премьера: 16 қаңтар 2014

Қазақстандық премьера: 16 қаңтар 2014

Мазмұны: Фильм шынайы оқиғалардың негізінде түсірілген. Өнертанушылар мен мұражай қызметкерлерінен тұратын команда нацистер көзін жоймақ болып ұрлаған өнер туындыларын құтқару үшін бел буады. 

Киностан-пікір: Фильмді актерлік құрамға немесе қысқаша мазмұнына қарап-ақ көруге тұрарлық деп айтуға болатын секілді, қаншалықты жақсы шыққанын уақыт көрсетер. Оның үстіне, Джордж Клунидың режиссерлік жұмысы да қызығушылық тудырып отыр.

Көңіл толмайтын матч / Grudge Match / Забойный реванш

Жылы/ел: 2013, АҚШ

Жанры: Комедия

Ұзақтығы: 113 минут

Режиссер: Питер Сигал

Басты рөлдерде:  Роберт Де Ниро, Сильвестр Сталлоне, Кевин Харт, Алан Аркин, Джон Бернтал, Ким Бейсингер және т.б.

Әлемдік премьера: 25 желтоқсан 2013

Қазақстандық премьера: 16 қаңтар 2014

Мазмұны: Фильм кәсіби бокспен айналысқан екі шалдың араларындағы алауыздық пен келіспеушіліктің басын ашып алу үшін рингке қайта оралып, қолғап түйістіргені туралы баяндайды. 

Киностан-пікір: Уик-ендті жақсы көңіл-күймен өткізуге арналған фильм дер едік. Әзіл-қалжыңдарының қаншалықты ерекше болатынын кім біледі, бірақ екі қарттың төбелесі мен атақ-даңқы олардан кем емес қосалқы актерлер жобаның сәнін кіргізеді деп үміттенеміз. 

Мистер Бэнксты сақтап қалу / Saving Mr. Banks / Спасти мистера Бэнкса

Жылы/ел: 2013, АҚШ, Ұлыбритания, Австралия

Жанры: Драма

Ұзақтығы: 125 минут

Режиссер: Джон Ли Хэнкок

Басты рөлдерде: Эмма Томпсон, Том Хэнкс, Пол Джаматти, Джейсон Шварцман, Колин Фаррелл және т.б.

Әлемдік премьера: 7 қараша 2013

Қазақстандық премьера: 23 қаңтар 2014

Мазмұны: Disney студиясының классикалық туындысы "Мэрри Поппинстың" қалай экранға шыққаны туралы әңгімелейтін фильм танымал Уолт Диснейдің жазушы Памела Трэверспен бірлесіп, ерекше туындыны жарыққа шығарғанын көрсетеді.

Киностан-пікір: Биопиктерді ұнатып көрсеңіз, жиырмасыншы ғасырдың басындағы АҚШ өмірі ұнайтын болса не Мерри Поппинс пен Диснейдің фанаты болсаңыз нағыз сіз көретін фильм. Жай ғана драма қараймын дегендерге де ұнап қалар, бәлкім. 

Ақпан

Робокоп/RoboCop

Жылы/ел: 2014, АҚШ

Жанры: Фантастика

Ұзақтығы: 121 минут

Режиссер: Жозе Падилья

Басты рөлдерде: Юэль Киннаман, Эбби Корниш, Джей Барушель, Гари Олдман, Сэмюэл Л. Джексон және т.б.

Әлемдік премьера: 30 қаңтар 2014

Қазақстандық премьера: 6 ақпан 2014

Мазмұны: Болашақ. Қылмыстың ордасына айналған Детройт. Жарылыстан тірі қалған, бірақ денесі жарамсыз полиция қызметкері қалада заң мен әділдікті орнату үшін киборг болып жұмысына қайта оралады. 

Киностан-пікір: Бәрімізге көзтаныс кейіпкердің заманауи компьютерлік әсерлер көмегімен экранға қалай оралатындығы қызықты-ақ. Жалпы көрерменге ұнар-ұнамасын білмедік, бірақ ностальгияға ұрынған біраз елдің көмегімен әжептеуір табыс табуы мүмкін. 

Американдық алаяқтық / American Hustle / Афера по-американски

Жылы/ел: 2013, АҚШ

Жанры: Драма

Ұзақтығы: 129 минут

Режиссер: Дэвид О. Расселл

Басты рөлдерде: Кристиан Бэйл, Брэдли Купер, Эми Адамс, Джереми Реннер, Дженнифер Лоуренс, Роберт Де Ниро, Джек Хьюстон, Майкл Пенья және т.б.

Әлемдік премьера: 15 желтоқсан 2013

Қазақстандық премьера: 13 ақпан 2014

Мазмұны: Фильм Abscam деген атаумен 70-ші жылдардың аяғы, 80-ші жылдардың басында ФББ жүзеге асырған операция туралы баяндайды. Әу баста ұрланған тауарды анықтау үшін ойластырылған жоба түрлі деңгейдегі жемқорлықты жоюға бағытталады. 

Киностан-пікір: Пай-пай-оу, актерлік құрамын айтсаңызшы, шіркін... Осы күні экраннан түспей жүрген маман атаулыны тізіп беріпті ғой. "Аргодан" кейін АҚШ операциялары туралы көпгісі келіп тұратын көрерменнің де іші жылып қалған болар. 

Наурыз

300: Империя таңы / 300: Rise of an Empire / 300 спартанцев: Рассвет империи

Жылы/ел: 2014, АҚШ

Жанры: Экшн

Ұзақтығы: -

Режиссер: Ноам Мурро

Басты рөлдерде: Салливан Степлтон, Ева Грин, Лина Хиди, Ганс Мэтисон және т.б.

Әлемдік премьера: 6 наурыз 2014

Қазақстандық премьера: 7 наурыз 2014

Мазмұны: 300 спартандықтың көзін жойған Ксеркс грек қалаларын талан-таражға салу үшін ары қарай аттанады. Оны алдында Фемистокл басқарған Афины шаһары күтіп тұрған болатын. 

Киностан-пікір: Зак Снайдердің өзі түсірмесе де, сценарийін жазып, басы-қасында жүрген соң, үміт күтуге болар, әрине. Алайда, компьютерлік визуалдың тым-тым көп болуын көрермен қалай қабылдар екен...

Рейд 2 / The Raid 2: Berandal

Жылы/ел: 2013, Индонезия

Жанры: Экшн

Ұзақтығы: -

Режиссер: Гарет Эванс

Басты рөлдерде:  Ико Ювайс, Яян Рухьян, Рэйден Интегра, Дони Аламсях және т.б.

Әлемдік премьера: 3 шілде 2014

Қазақстандық премьера: 20 наурыз 2014

Мазмұны: Отбасын аман сақтау қалу үшін және жемқорлыққа белшесінен батқан полиция қызметкерлерін әшкерелеу үшін Рама Джакартаның қылмыстық синдикатының құрамына енеді. 

Киностан-пікір: ТМД-да прокатқа шықпай қалу қаупі туған "Рейдті" көріп, көрермен қуанған болатын. Бар болғаны 1 миллион бюджетпен әлемді адақтап шыққан фильмнің жалғасын ел күтеді деп ойлаймыз.

Рио 2 / Rio 2

Жылы/ел: 2014, АҚШ

Жанры: Анимациялық, отбасылық

Ұзақтығы: -

Режиссер: Карлос Салдана

Басты рөлдерде: Энн Хэтэуэй, Джесси Айзенберг, Лесли Манн, Джейми Фокс және т.б.

Әлемдік премьера: 19 наурыз 2014

Қазақстандық премьера: 20 наурыз 2014

Мазмұны: Рио-де-Жанейрода үш балапанымен, Блюмен бақытты өмір сүріп жатқан Джевел балапандары нағыз өмірді көру керек деп Аманзонкаға аттанады. 

Киностан-пікір: Жеттік-ау, әйтеуір, бір мультфильмге:) Расымен, біз "Рио 2" алғашқы бөлімнен кем емес фильм болады деп үміттенеміз. 

Нұх / Noah / Ной

Жылы/ел: 2014, АҚШ

Жанры: Фантастика

Ұзақтығы: -

Режиссер: Даррен Аронофски

Басты рөлдерде:  Рассел Кроу, Эмма Уотсон, Логан Лерман, Дженнифер Коннелли, Энтони Хопкинс және т.б.

Әлемдік премьера: 27 наурыз 2014

Қазақстандық премьера: 27 наурыз 2014

Мазмұны: Қасиетті кітаптар арқылы есімі бізге жеткен Нұх пайғамбардың үлкен су апаты алдында алып кеме жасап, түрлі қиындықтарға тап болғанын баяндайды. 

Киностан-пікір: Трейлері әдепкі блокбастер екенінен хабар берсе де, режиссердің Аронофски болуы қуантады - бұл маман өзінің ерекше еңбектерімен танымал емес пе!? Кроудың басына қиындық туған кейіпкерді қаншалықты жақсы ойнайтынын да ескерсек, фильм жаман болмауы керек. 

Жалғасы бар. 

Пікірлер