• Біздің парақшалар:

Біз күткен келер жылдың киносы. Сәуір-маусым

Достар, өткен аптада біз 2014 жылдың қаңтары мен наурызы аралығында қазақстандық прокатқа шығатын танымал фильмдерге шолу жасаған едік. Бүгін сәуір, мамыр, маусым айларында көрсетілетін туындылар туралы әңгімелекпіз.

Ескерту! Шолуға сіздің көңіліңіздегі туындылар енбеуі мүмкін, алайда бұл Киностан редакцияның тізімге ілікпеген фильмге, оның түсіру тобына және көрермендеріне деген теріс ниетін білдірмейді. Қазақстандық премьера күндері "Меломан" компаниясының ақпараты негізінде жазылды, өзгеруі мүмкін.   

Сәуір

Капитан Америка: Қысқы жауынгер / Captain America: The Winter Soldier / Первый мститель: Другая война

Жылы/ел: 2014, АҚШ

Жанры: Фантастика

Ұзақтығы: -

Режиссер: Энтони Руссо, Джо Руссо

Басты рөлдерде: Крис Эванс, Скарлетт Йоханссон, Сэмюэл Л. Джексон, Роберт Редфорд, Доминик Купер және т.б.

Әлемдік премьера: 28 наурыз 2014

Қазақстандық премьера: 3 сәуір 2014

Мазмұны: "Кек алушылардағы" оқиғалардан кейін Стив Роджерс Вашингтонда қарапайым өмір кешуге ұмтылады. Алайда, S.H.I.E.L.D. ұйымы шабуылға тап болғанда, түсініксіз жағдайға түскен Стив Роджерс және Қара Жесір Қыранкөзбен бірігіп күтпеген жау - Қысқы жауынгерге қарсы тұрады. 

Киностан-пікір: Алғашқы "Капитан Америка" сәтсіздеу болып саналғанымен, кілең суперқаһарманның басын қосқан "Кек алушылар" кейіпкерді жаңа деңгейге көтеріп кетті. Marvel осы толқыннан қалмай әдемі бір фантастика ұсынады деп үміттенеміз. 

Сүйгендер ғана тірі қалады / Only Lovers Left Alive / Выживут только любовники 

Жылы/ел: 2013, Германия, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Кипр

Жанры: Фантастика

Ұзақтығы: 122 минут

Режиссер: Джим Джармуш

Басты рөлдерде: Том Хиддлстон, Тильда Суинтон, Миа Васиковска, Джон Хёрт және т.б.

Әлемдік премьера: 25 мамыр 2013

Қазақстандық премьера: 3 сәуір 2014

Мазмұны: Адам және Ева атты мың жылдан асқан вампирлердің өміріне қош келдіңіз. Адам өлтіруден бас тартып, емханадан ғана "тамақтанатын" екеу әп сәтте бастарына қайғы түскенін білмей қалады. 

Киностан-пікір: О, бұл ерекше фильм болатын секілді. Әрине, попкорндық дүние емес, алайда әлдебір өзгеше әлем іздеген көрермен үшін бап келеді-ау. Көреміз.  

Артықшылық / Transcendence / Превосходство

Жылы/ел: 2014, АҚШ, Қытай

Жанры: Фантастика

Ұзақтығы: -

Режиссер: Уолли Пфистер

Басты рөлдерде: Джонни Депп, Кейт Мара, Киллиан Мёрфи, Морган Фриман, Ребекка Холл, Пол Беттани және т.б.

Әлемдік премьера: 17 сәуір 2014

Қазақстандық премьера: 17 сәуір 2014

Мазмұны: Уилл атты ғалым, компьютердің жілігін шағып, майын ішкен адам өзінің миын суперкомпьютерге жүктейді. Ол адам секілді ойлай алатын машина жасап шығарғысы келеді, алайда, оның көмекшісі Эвелина процестің дұрыс істемей жатқанын байқайды. Уилл өзін компьютер секілді ұстап, біртүрлі сөйлей бастайды...

Киностан-пікір: Бұл бір жұмбақ жоба болып тұр. Я есі дұрыс трейлері жоқ, я толыққанды түсіндірмесі жоқ. Бірақ, сюжеті аса қызықты, актерлік құрамы керемет. Қысқасы, интрига бар:)

Жаңа Өрмекші-адам 2 / The Amazing Spider-Man 2 / Новый Человек-паук: Высокое напряжение

Жылы/ел: 2014, АҚШ

Жанры: Фантастика

Ұзақтығы: 152 минут

Режиссер: Марк Уэбб

Басты рөлдерде: Эндрю Гарфилд, Эмма Стоун, Джим Керри, Джейми Фокс, Пол Джаматти, Мартин Шин, Стэн Ли және т.б.

Әлемдік премьера: 17 сәуір 2014

Қазақстандық премьера: 24 сәуір 2014

Мазмұны: Питер Паркер мектепті аяқтағалы жатыр, алда Гвен екеуін үлкен өмір күтіп тұр. Адамдарға көмектесмуге ұмтылатын Өрмекші-адамның алдынан күтпеген жау Электро шығады. 

Киностан-пікір: Актерлік құрам байыған, бала Эндрю өскен, сәйкесінше біз де ересек фильм күте аламыз. Әйтеуір, авторлар тек касса қуалап кетпесе болды. 

Робокалипсис / Robopocalypse

Жылы/ел: 2014, АҚШ

Жанры: Фантастика

Ұзақтығы: -

Режиссер: Стивен Спилберг

Басты рөлдерде: -

Әлемдік премьера: 24 сәуір 2014

Қазақстандық премьера: 24 сәуір 2014

Мазмұны: Роботтардың әлемінде өмір сүретін адамдар ғылыми тәжірибе кезінде болған апаттың кесірінен қырыла бастайды. "Аркос" деген жасанды сана өзіне қауіп төнгенін сезіп адамзатқа қарсы соғыс жариялайды. Көлік, лифттен бастап түрлі роботтардың жүргізген соғысынан аз ғана адам тірі қалады. 

Киностан-пікір: "Артықшылықтан" асқан жұмбақ жоба болса, ол осы - "Робокалипсис". Стивен Спилберг түсіреді дегеннен басқа ешқандай ақпарат таппайсың, тек актерлерік құрамы туралы там-тұм мәлімет бар. Алайда, жоба сонысымен адамды қызықтырып отыр. 

Мамыр

Годзилла / Godzilla

Жылы/ел: 2014, АҚШ

Жанры: Фантастика

Ұзақтығы: -

Режиссер: Гарет Эдвардс

Басты рөлдерде: Элизабет Олсен, Аарон Тейлор-Джонсон, Жюльет Бинош, Кен Ватанабе және т.б.

Әлемдік премьера: 14 мамыр 2014

Қазақстандық премьера: 15 мамыр 2014

Мазмұны: Классикалық жапон құбыжығының адамзатқа қарсы соғыс ашуы баяндалады. 

Киностан-пікір: Келер жылы күту керек екі фильм болса, соның бірі осы "Годзилла" шығар:) Франшизаның шығуының 60 жылдығына арналған фильм төңірегінде алып-қашпа әңгіме мен қызықты дерек көп. Алғашқы трейлерінің өзі-ақ фильмнің жапон құбыжығын жаңа деңгейде көрсететінін аңғартқан секілді. 

Икс адамдар: Өткен болашақтың күндері / X-Men: Days of Future Past / Люди Икс: Дни минувшего будущего

Жылы/ел: 2014, АҚШ

Жанры: Фантастика

Ұзақтығы: -

Режиссер: Брайан Сингер

Басты рөлдерде: Майкл Фассбендер, Джеймс МакЭвой, Дженнифер Лоуренс, Эллен Пейдж, Хью Джекман, Питер Динклэйдж, Иэн МакКеллен, Холли Берри және т.б.

Әлемдік премьера: 21 мамыр 2014

Қазақстандық премьера: 22 мамыр 2014

Мазмұны: Икс адамдар Құнуды тарихи оқиғаларды өзгерту үшін өткенге жібереді. Бұл адамдар мен мутанттардың өміріне үлкен ықпал етуі мүмкін.

Киностан-пікір: Икс адамдар бұрынғыдай емес деген пікірді жоққа шығара алады-ау деген үміт беріп отыр. Қайткен күнде де компьютерлік, визуалдық әсерлерден бас көтеріп, фильмнің басқа қырына жаңаша үңілуге тырысқан дүние секілді. 

Болашақтың шегі / Edge of Tomorrow / Грань будущего

Жылы/ел: 2014, АҚШ

Жанры: Фантастика

Ұзақтығы: -

Режиссер: Даг Лайман

Басты рөлдерде: Том Круз, Эмили Блант, Билл Пэкстон және т.б.

Әлемдік премьера: 29 мамыр 2014

Қазақстандық премьера: 29 мамыр 2014

Мазмұны: Мимик атты жат ғаламшарлық нәсіл Жерге шабуыл жасап, адамзатты қырғынға ұшыратады. Осы шайқастың бел ортасында жүрген Билл Кейдж қаза табады, алайда біраз уақыттан соң ол сол соғыс болар күннің таңында қайта оянады. Қайта өліп, қайта тіріліп өмір сүрген Билл жауды қалай жеңудің сырын білуге ұмтылады. 

Киностан-пікір: Сюжеті ерекше екен. "Том Круз әлемді тағы құтқарады" деп ұрандатуға да себеп. Әйтсе де, ана мазмұнның экран бетінде қалай жүзеге асқанын көруге болатын секілді. 

Маусым

Айдаһарды қолға қалай үйрету керек 2 / How to Train Your Dragon 2 / Как приручить дракона 2

Жылы/ел: 2014, АҚШ

Жанры: Анимация

Ұзақтығы: -

Режиссер: Дин ДеБлуа

Басты рөлдерде: Джей Барушель, Джерард Батлер, Джона Хилл, Кейт Бланшетт және т.б.

Әлемдік премьера: 12 маусым 2014

Қазақстандық премьера: 12 маусым 2014

Мазмұны: Айдаһарлар мен викингтердің татуласқанына бес жыл өтті. Иккинг пен оның досы, түнгі фурия айдаһары бос уақыттарын белгісіз жерлерді зерттеуге арнайды. Күндердің-күнінде олар әлдебір құпия үңгірде жаралы айдаһарлар мен бетперде киген адамды кезіктіреді. Бұл үлкен соғыстың бастауы болатын... 

Киностан-пікір: Үлкен мен кішіге бірдей қызықты анимациялық фильмдердің сиреуі бел алып тұрған кезде, бұл мультфильм ескі дәстүрдің әдемі үлгісі бола алатын секілді. 

Трансформерлер: Қырылу дәуірі / Transformers: Age Of Extinction / Трансформеры: Эпоха вымирания

Жылы/ел: 2014, АҚШ

Жанры: Фантастика

Ұзақтығы: -

Режиссер: Майкл Бэй

Басты рөлдерде: Марк Уолберг, Никола Пельтц, Стэнли Туччи және т.б.

Әлемдік премьера: 25 маусым 2014

Қазақстандық премьера: 26 маусым 2014

Мазмұны: Автоботтар мен десептикондар Жерді тастап, адамзатқа тас-талқаны шыққан ғаламшарды қалдырып кете барады. Бір топ ғалым мен бизнесмен технологияларды дамытып, өзге әлемдерді зерттемекші болады, ал бұл кезде трансформерлердің көне қуатты тобы адамзатты жоюды ойластырып жатқан болатын...

Киностан-пікір: Жаңа фильм, жаңа актерлік құрам, жаңа сюжет. Егер бұл жоба табысты болса, салаланып кетуі мүмкін екенін де еске саламыз. Яғни ескі сипатты су жаңа әлемді көруге, көріп қана қоймай тағы-тағы жалғасын күтуге мүмкіндік бар. 

Жалғасы. 

Біз күткен келер жылдың киносы. Қаңтар-наурыз

Пікірлер