• Біздің парақшалар:

Жыл қорытындысы-2013: Көктем

2013 жылдың қорытындысы, биыл есте қалған премьераларға шолу. Жалғасы, басы өткен материалда.

Наурыз

«Ұлы да құдіретті Оз» - ең көп күтілген, бірақ өзін ақтай алмаған картиналардың бірі болды. Джеймс Франко, Мила Кунис, Рейчел Вайс, Мишель Уильямс секілді жұлдыздардың басын қосқан ертегіні мақтағандардан гөрі, көңіл толмаушылық білдіргендер көбірек болған секілді. Айтпақшы, осыған ұқсас сәтсіздікті ауқымдылығына қарамастан Брайан Сингердің «Дәу өлтіруші Джек» фэнтези хикаясы да басынан өткізді. 

Гильермо дель Торо продюсер болған «Мама» үрейлі триллерін, Холли Берри ойнаған «Қоңырау» триллерін, «Крудс» мультфильмін, «Жеке тұлға ұрлығы» комедиясын, жауынгер Джо бастаған жасақтың хикаясын жалғастыратын «G.I. Joe: Кек» боевигін наурыздың премьералары арасынан ерекше атап өтуге болады. 

Сәуір

Сәуір айы — көңілден шыққаны бар, шықпағаны бар — әйтеуір боевик-триллерлерге толы болды. Колин ФарреллНуми Рапас ойнаған «Бір өлікке кем», Джерард Батлер оққағар болып, Аарон Экхарт АҚШ президенті болған «Олимптің күйреуі», Джош Дюамель, Розарио ДоусонБрюс Уиллис қатысқан «Өртті өртпен», Джеймс МакЭвой мен Марк Стронгтың қатысуымен шыққан «Тұзаққа қош келдіңіз», жас отбасын асырау үшін ұрлыққа барған мотошабандоздың өмірін баяндайтын «Қарағай астындағы орын» (Райан Гослинг, Брэдли Купер, Ева Мендес), Люк Эванс пен Эделейд Клеменс ойнайтын «Ешкім тірі қалмады», қылмыскерге айналған спортшылар туралы Майкл Бэйдің «Бейнет пен зейнет» (Марк Уолберг, Дуэйн Джонсон, Энтони Маки) секілді бір-екі рет қана көруге болатын қылмыстық триллерлер мен боевиктер шықты. 

Десек те ерекше атап өтуге тұрарлық премьералар да болды. Джеймс МакЭвойВенсан КассельРозарио Доусон триосымен ерекшеленген Дэнни Бойлдың «Транс» драматикалық триллері британдықтардың да қолынан әдемі дүниелер келетінін кезекті рет дәлелдеді. Том Круз, Морган Фриман, Ольга Куриленко қатысқан Джозеф Косинскидің «Обливион» фантастикалық боевигі де көпшілік күткен премьералардың бірі еді. 

Жоғарыда аталған Голливуд өнімдері мен Голливуд көрермендеріне шақталған фильмдерден бөлек фестивальдік деуге де тұрарлық қызықты премьералар болды. Соның ішінде: шынайы оқиғаға негізделген «Кон-Тики» тарихи хиякаясын, шығыс жұлдызы - Такеши Китаноның «Бассыздық» қылмыстық драмасын, қазіргі кино әлемі үшін өте сирек жағдай — қолмен салынған «Эрнест пен Селестина» француз мультфильмін атап өту қажет. 

Мамыр

Мамырда ең көп күтілген премьералардың алғашқысы болып «Темір адам 3» прокатқа шықты. Одан бөлек Стартрек әлемінің кезекті туындысы - Джей Джей Абрамстың қолынан шыққан «Түнек» бөлімі, атақты киносериал — «Форсаждың» алтыншы сериясы, сондай-ақ үнемі бас жазып, кеше не болғанын еске түсіріп жүретін достардың кезекті хикаясын баяндайтын «Бас жазу: ІІІ бөлім» комедиясы жарық көрді. Аталған фильмдер ірі бюджеттерін толықтай ақтай алды, көрермендер тарапынан да негізінен жақсы лебіздерге ие бола алды.

Фрэнсис Скотт Фицджеральдтың «Ұлы Гэтсби» шығармасы осыған дейін бірнеше рет экранға шығарылған. Баз Лурман Леонардо ДиКаприоның қатысуымен түсірген биылғысы көркемдік ерекшелігі, актерлік құрамы, жалпы ауқымдылығы жағынан бәрін басып озды деуге болады. Фильмнің көрермендерге әсер еткені сонша, «Ұлы Гэтсби» прокатқа шыққаннан кейін тіпті осы кино үлгісінде сауық кештерін өткізу сәнге айналды. Егер авторлар қоғамда көп талқыланатын ерекше дүние жасауды көздеген болса, онда олар өз мақсаттарына жетіп отыр. 

Такеши Китаноның сәуірде шыққан «Бассыздық» қылмыстық драмасы мамырда жалғасын тапты. Екінші фильм де дәл солай аталады: «Бассыздық: Жалғасы». Ал анимациялық картиналардың ішінен «Эпикті» атап өтуге тұрарлық.

Пікірлер