• Біздің парақшалар:

Жыл қорытындысы-2013: Жаз

2013 жылдың елеулі премьераларына шолуымыз жалғасуда. Бүгін жазда жарық көрген фильмдер туралы

Маусым

«Гагарин. Ғарышта бірінші» фильмі Ресей киносының деңгейін бір сатыға көтеруға үміт бергендей еді. Алайда жарнамасы ауқымды, бірақ өз мақсатына жете алмаған амбициямен шектелгенжобалардың бірі болып қала берді. 

Бен АффлекХавьер БардемОльга КуриленкоРэйчел МакАдамс ойнаған «Ғажап» драмасы сыншылар тарапынан да, көрермендер атынан да жоғары бағалана қоймады. Терренс Малик үнсіздік арқылы ішкі сезімдерді жеткізу және белгілі бір ойды пәлсапамен көрсету тәсілін осыған дейін «Өмір ағашында» («The Tree of Life») пайдаланып қойған. Сондықтан екінші рет бұл амал өтпей қалды.

Әкелі-балалы Смиттер ұсынған «Біздің заманнан кейін» фантастикалық боевигі де көпшілік күткен деңгейге сай келе алмаған тәрізді. Әсіресе көрермендер Уилл Смит басты рөлде емес екеніне және ұлы Джейден Смиттің сенімсіз ойынына реніш білдіріпті.

Есесіне, Google кереметтерін барынша шынайы көрсетуге тырысқан «Тәжірибе» комедиясы қуанта алды. «Бір сарынды», «жалықтырған», «күлкілі емес» деген мін тағыла бастаған актерлер - Винс Вон мен Оуэн Уилсонның мерейі бір көтеріліп қалған шығар.

Бір типтілігімен жалықтыра бастаған актерлер тізімі жасалса, сірә Джейсон Стэтхэм есімі де сол тізімде жүретін шығар. Кезекті боевик – «Колибри» аса бір сүйсініс сезімдерін туғыза қоймады. Десек те бұл актердің әлі де табынушылары аз емес екенін айта кету керек.

«Енді сіз мені көріп тұрсыз». Иллюзионистер туралы қылмыстық триллердің түпнұсқа атауы осы мағынаны білдіреді. Марк Руффало, Джесси Айзенберг, Вуди Харрельсон, Айла Фишер, Дэйв Франко, Мелани Лоран, Морган Фриман, Майкл Кейн секілді жұлдыздарды жинаған фильм фокус құпияларын ұнататын көрермендерге керемет әсер сыйлай алды. Сондай-ақ, аз бюджетпен шығынын 30 есе өндіріп алған, Майкл Бэй продюсер болған «Тазарту» триллерін де атап өту керек. Бұндай табысты болудың құпиясын Киностан кезінде жазды да.

Маусымда 2013 жылдың алғашқы қазақша дубляжбен шыққан Голливуд өнімі – «Монстрлар университеті» көрермендерге жол тартты. Қазақстан үшін қаншалықты табысты болғанын айту қиын, бірақ мульфильм елімізден 155 миллион теңге көлемінде касса жинаған.

Айдың соңында шыққан екі ірі жоба: Зак Снайдер түсірген Супермен туралы «Болат адам» және Брэд Питт ойнаған «Дүниежүзілік соғыс Z». Екеуін де бұқара асыға күтті. Бұлар туралы екі жақты пікір айтылса да, жалпы тұрғыда аталған жобалар өз деңгейлерін ұстай алды деуге толық негіз бар.

Шілде

Жаздың екінші айын Сандра Буллок пен Мелисса МакКарти дуэтінен құралған «Ыстық» қылмыстық комедиясы ашып берді. Одан кейін әлемдік ауқымы зор деп есептелген «Жалғыз рейнджер» прокатқа шықты. Джонни Депп пен Арми Хаммер ойнаған Гор Вербинскидің бұл вестерні 2013 жылы қазақ тіліне аударылған екінші Голливуд жобасы. Өкіншісі сол – фильмнің прокаттағы жолы сәтсіз болды.

Ауқымдылық жағынан Гильермо дель Тороның «Тынық мұхиты шебі» фантастикалық боевигі де кем түскен жоқ және табысы да «Жалғыз рейнджерге» қарағанда шүкір болды.

«Турбо» - шілденің басты анимациялық туындысы десек артық айтқандық болмас. Ал поп-корндық боевиктерден: өліктер әлемінің полицейлері туралы «О дүние департаменті», Америка президентін құтқаруға арналған кезекті туынды – «Ақ үйдің құлауы» секілді премьераларды атап өтуге болады.

Джеймс Ванның қолынан шыққан «Дуа» үрейлі триллері аса қорқыныштылығымен есте қалды. Голливуд деңгейімен микробюджетті фильм шығынын кем дегенде 15 есе үстемелетіп алды.

«Х адамдар» әлемінің жоспарлы релизі – «Құну» шілденің премьералар легін сәтті аяқтады. Самурайлармен шайқасқа түскен Хью Джекманды қайта көргісі келетіндерге жағымды жаңалық: Құну туралы үшінші дербес фильм болашақта жарық көреді.

Тамыз

«Керемет ұсыныс» драматикалық триллері Италия секілді кино әлемінде елеусіздеу жатқан елден де жоғары деңгейде картиналар шыға алатынын дәлелдеп берді. Сонымен қатар француздардың «Жас та көркем» драмасы да тамыздың ерекше премьераларының бірі болды.

Брюс Уиллис, Джон Малкович, Хелен Миррен, Энтони Хопкинс секілді «кәрі» жұлдыздарды жинаған «Рэд 2» алғашқы бөлімін жоғары бағалағандар үшін тамаша сыйлық болды. Лиам Хемсворт, Гари Олдман, Эмбер Хёрд, Харрисон Форд секілді жұлдыздар шоғырының басын қосқан «Паранойя» триллері көп нәрсе уәде еткендей еді. Бірақ жобаның прокаттағы жолы сәтсіз болды. Ал, Мэтт Дэймон ойнайтын Нил Бломкамптың «Элизиумы» режиссердің өзіне тән стилистикасымен есте қалды.

Кішкентай қыздарды асырап алып, зұлымнан мейірімді агентке айналған Грю хикаясын жалғастыратын «Жексұрын мен 2» мульфильмі – тамыздың ғана емес, жылдың басты анимациялық туындыларының бірі атануға лайық. «Көліктерге» спин-офф ретінде қарастырылған «Ұшақтар» да осы тамызда көрермендерге жол тартты.

Достармен жиналып көруге тұрарлық комедиялардан Дженнифер Энистон қатысуымен шыққан «Біз – Миллерлер» және Адам Сэндлер ойнаған «Ересектер 2» кинотуындыларын атап өтуге болады.

Қызық оқиғалы жастар фэнтезиін ұнататындар үшін де талапқа сай премьералар болды: Германия-Канада бірігіп шығарған «Өлтіру құралы: Сүйектер қаласы» және голливудтық «Перси Джексон: Құбыжықтар теңізі».

 

Осыған дейін жазылған сабақтас материалдар:

1. Жыл қорытындысы-2013: Қыс

2. Жыл қорытындысы-2013: Көктем

Пікірлер