• Біздің парақшалар:

Кино импорттаушы компаниялар қосымша салық пен айыппұл салдарынан банкрот алдында тұр

Сарапшылар соңғы кезде Қазақстанға әлемнің брендтік тауарлары мен кино өнімдерін импорттаушы компанияларға жүргізілетін тексерулер көбейіп, оларға қосымша салық салына бастады дейді. Олардың Қазақстанға кіргізіп жатқан тауарға деген лицензияның бар-жоқтығына қарамастан, компаниялар тауарды қолдануға төлеген салығынан өзге брендті қолдануға, яғни роялти үшін де салық төлеп келеді. 

Мамандар тауар үшін бұрын тек кедендік төлем ғана алатын кеден органдары соңғы кездері роялтиді де тауардың бір бөлігі ретінде қарап, оны кеден төлеміне қосып отыр деп мәлімдеді. Олардың айтуынша, осы мәселе бойынша бұрыннан кино импорттаушы компанияларға айыппұл салынуда. Соның салдарынан бірқатар кино прокаттаушы компаниялар банкротқа ұшырағалы отыр.

«Кино қызмет пе, әлде тауар ма? Бұл қазір үлкен мәселе болып отыр. Яғни, біз роялтиді қызмет деп, Салық Кодексімен төлеуіміз қажет пе, әлде оны тауар деп есептеп, Кеден Кодексімен төлеуіміз қажет пе?! Өйткені қазіргі уақытта ролятиді қызмет деп те, тауар деп те есептеліп, бізден екі рет салық алынуда», – дейді «Қазақстан киональянсы» қауымдастығының тең төрағасы Бауыржан Шүкенов. 

Ол кеден органдары 2007 жылдан бастап Салық Кодексі бойынша төленіп келген салықтардың үстіне роялти үшін кино импорттаушы алты компанияға соңғы 5 жылға 2 миллионнан астам айыппұл салып отырғадығын айтты. 

«Біз осы мәселемен Кеден Органдарына да, Қаржы Министірлігіне де, сотқа да жүгіндік. Бірақ бізді қанағаттандыратын толыққанды жауапты әлі ала алмаудамыз. Арты не боларын білмей отырмыз», – дейді Шүкенов. 

Сарапшының айтуынша, мұның соңы елдегі көптеген кинопрокаттаушы компаниялардың банкротқа ұшырауына, пираттық және көлеңкелі экономиканың етек жаюына әкеліп соғады. 

«PROF-фильм» және «КиноПолис» жауапкерлігі шектеулі серіктестіктерінің бас директоры Салтанат Жекембаева: «Тамыз айындағы Universal кинокомпаниясының Қазақтан территориясына фильмдерін жібермеуінің басты себебі осы мәселе болған-ды. Өйткені Қазақстан нарығындағы Universal-дің өкілі «PROF-фильм» компаниясына кеден органдары үлкен айыппұл салып, салық төлеудің жүйесін өзгертіп жіберді. Кезіндегі бар тиісті салықты төлегенімізге қарамастан біздің компанияларға миллионнан астам айыппұл салынды. Енді мемлекеттік органдар бізге кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екендігін анықтап беруін сұрап осында жиналып отырмыз» , – деді. 

Бас директордың айтуынша, «Nestlé», «Procter & Gamble» сынды америкалық компанияларға үлкен айыппұлдар салынған, алайда кейін олар босатылыпты. Ал сот кино прокаттаушы компанияларға прецеденттік құқық жоқтығын айтып, айыппұлдан босатудан бас тартып отыр екен. 

«Егер роялтиді кедендік төлемге қосатын болса, оны салық салымынан алып тастау қажет. Тіпті кедендік төлемге қосылған күннің өзінде, өткен жылдарға айыппұл салынбай, кешірім берілуі керек. Біз тек соны сұрап отырмыз», – деді тәуелсіз салық кеңесшісі Капацина Вера. 

«PROF-фильм», «Центрально-Азиатская прокатная компания», «КиноПолис» және «Синема Партнерс» ЖШС-нің заңгері Галина Костенко кеден қызметкерлері мен салықшылардың барлығы бір үстел басына жиналып, осы мәселенің анық-қанығын бетпе-бет шешу керек деген пікір айтты.

 

Автор: Айнұр Рақышева 

Фото: wikimedia.org, Creative Commons лицензиясы 

Мақала kk.kloop.kz жаңалықтар сайтынан алынды.

Пікірлер