• Біздің парақшалар:

2013 жылы шыққан Қазақстан фильмдері

2013 жылы Қазақстан режиссерлері мен студиялары түсірген 15 шақты фильм отандық кинотеатрлардан көрсетілді. Бұл сан еліміздің нарығы үшін қаншалықты қуантарлық, немесе күйінтерлік жағдай екенін айту қиын. Бірақ айқын фактыны жоққа шығара алмаймыз – бары да жоғы да осы. Бүгін соларды бір шолып, еске алсақ.

Сонымен назарларыңызға 2013 жылы прокатқа шыққан Қазақстан фильмдерін ұсынамыз.

«Запрещенные танцы». Қазақша айтсақ – «Тыйым салынған билер». «Орда» тобының мүшелері бастап, көпшілікке «Jado» бренд-атауымен белгілі - Жадыра Сахиева қостаған картина аты айтып тұрғандай көше биіне арналады. Фильм 1 миллион долларға түсіріліп, елімізден 236 мың доллар шамасында пайда тапты.

«Жеңіс семсері». Анасы мен ұлы: Әсия Сүлеева мен Әнуар Райбаев бірігіп түсірген балалар фильмі Қазақстанда көрсетіліп қана қоймай, бірқатар халықаралық фестивальдарға да қатысып қайтты.

«Бір кем дүние». Ар тазалығын дәріптейді деп анонсталған картина 7-ші наурызда жарық көрді. Прокатта жолы болды деп айту қиын, әйтпесе БАҚ беттерінде бір жылт етіп көрініп қалар еді-ау…

080f5f77ea294bf5605174b48f03539c

«Ер Төстік және Айдаһар». Ұзақ күтілген релиздердің бірі. Қазақстанның ең алғашқы толықметражды анимациялық 3D фильмі. Мультфильмді жасауға 3 жылдай уақыт пен 1 миллион доллардан астам қаржы жұмсалған. Туынды алғашқы уикендте 207 мың доллардай табыс тапты. Әрі қарайғы прокаттағы тағдыры белгісіздеу.

«Өкініш». Әнші Қайрат Нұртастың өміріне арналған байопик фильм. Бір қызығы – Қайраттың рөлін картинада әншінің өзі сомдады, продюсер анасын да сол Гүлзира Айдарбекова сомдады. Биыл ең көп талқыға салынған картиналардың бірі десек - қателеспеспіз.

Фильм блогерлер мен сыншылар тарапынан үлкен сынға ұшырағанымен, бұл оның прокаттағы сәтті жолына кедергі болған жоқ. 500 мың долларға түсірілген фильм отандық кинонарықтан 95 миллион теңгеге жуық (шамамен 630 мың доллар) табыс тапты. Фильм еліміздің экрандарына 46 көшірмемен шығарылған, бұндай тираж отандық кино үшін рекорд болып есептеледі.

Дамир Манабайдың «Лотерея» кинотуындысы 18 сәуірде көрермендерге жол тартты. Дулат Исабековтың шығармасына негізделген картинада адамдардың ашкөздігі, байлыққа құмарлығы сөз болады.

«Препод» - әнші Батырхан Шүкеновтың қатысуымен түсірілген музыкалық мелодрама. Басты рөлдерде Дастан Оразбеков пен Айсұлу Әзімбаева ойнады.

«Молоко! Cметана! Творог!». Бастапқыда телевизиялық жоба ретінде қарастырылған фильм шілде айында прокатқа шығып кетті. Эля Гильман түсірген комедия «Хабар» арнасында жарық көрген «Одноклассники: Невозможное –Возможно» сериалының жалғасы болып шығуы тиіс екен. Үш сериясы түсіріліп біткеннен кейін жобаны толықметражды кино ету идеясы пайда болады.

Ауылдағы сүт сатушы мен қаладағы банк қызметкерінің өзара шатасып кеткен тағдырларын баяндайтын фильмде басты рөлдерде Линда Нигматулина мен Гүлнар Силбаева ойнайды. Комедия еліміздің кинотеатрларынан 3 миллионнан астам теңге жинады.

12 қыркүйекте Уалихан Исабайдың жетімдер тағдырын суреттейтін «Біз балалар үйіненбіз» драмасы шықты. Фильмнің прокаты шектеулі болды. Ал 19 қыркүйекте «Сломанный» деген тағы бір тәуелсіз кино жарық көрді. Қылмыстық драмада қарыз аламын деп басы бәлеге қалған кәсіпкер туралы баяндалады.

Ақ-қара түсті, «Күнәлар қаласы» стиліндегі «Джокер» боевигі көпшілік күткен таңдаулылардың бірі еді. Фильм -  Талғат Жәнібековтың алғашқы толықметражды режиссерлік жұмысы. Осыған дейін ол бірқатар ресейлік фильмдерге сценарий жазған.

Қыркүйектің соңында шыққан картина Қазақстан прокатынан 4 миллин 7 жүз мың теңге шамасында табыс тапты.

«Он и она» («Сен және мен») романтикалық комедиясы анонсталған кезеңнен бері фильмнің ауқымдылығы туралы біршама айтылды. 300 мың долларға түсірілген Сәкен Жолдастың картинасы елімізде жылы қабылданды. Тіпті, Қырғызстан мен Өзбекстан прокатына да шығыпты-мыс.

Қазан айында «Ход конем» деген Қазақстан мен Армения бірігіп түсірген комедия жарық көрді. Елімізден Әсел Сағатова, Санжар Мәдиев қатысқан қызық оқиғалы картина рецензенттер тарапынан жоғары бағаланды.

«Асланның сабақтары» («Уроки гармонии») – Қазақстанның 2013 жылғы ең марапатты, ең жүлделі фильмі. Эмир Байғазиннің артхаус драмасы отандық көрерменін сарықтырып көп күткізді. Ақыры 4 желтоқсанда шектеулі прокатпен шығып, бір-екі апта ғана көрсетілді.

Фархат Шәріповтың кезекті туындысы – «Инопланетяне ни при чем». Жаңа жыл қарсаңында ұсынылды. «Өзге ғаламшарлықтардың шынымен түк те қатысы жоқ», - десіп жатты киноға барған Интернет қолданушылар.

Рүстем Әбдірашевтің «Елбасы жолы» («Путь лидера») өмірбаян фильмі 2013 жылы шыққан отандық фильмдер легін соңғы болып аяқтады. Елбасының өмір жолына арналған киноэпопея - 2011 жылғы «Балалық шағымның аспаны» картинасының жалғасы болып есептеледі.

Пікірлер