• Біздің парақшалар:

Робокоптың тарихы

«Робокоп» деген есіммен белгілі киборг-полицей көрермендерге 1987 жылдан бері таныс. Ал көп кешікпей жаңа нұсқасы жарық көретіні белгілі. Премьера қарсаңында осы франшизаның құрамына кіретін туындылар мен өнімдер туралы әңгімелеуді жөн санадық.

Пол Верховеннің қолынан шыққан алғашқы «Робокоп» 1987 жылы жарық көрді. Питер Уэллердің орындауындағы робот-полицей осыдан бастап аттас комикстер мен видеоойындардың көбеюіне себепші болды. Фантастикалық боевиктің өзі дыбыс монтажы үшін «Оскар» алып, кинодағы культ туындылардың біріне айналды.

Фильм 13 миллион долларға түсіріліп, 53 млн пайда әкелді. Бұл оның жалғасын жасауға жол ашып берді.

1990 жылы Ирвин Кешнердің режиссерлік етуімен екінші бөлімі шықты. Питер Уэллер бастаған негізгі актерлердің қатысқанына қарамастан «Робокоп 2» прокаттық тұрғыдан аса сәтті бола қоймады — 35 миллион долларға шығындалған фильм 45 млн. ғана касса жинай алды.

Екінші бөлімнің сценарийін жасауға атақты комикстер авторы Фрэнк Миллер тартылғаны белгілі. Оның сюжеттік нұсқасы продюсерлердің көңілінен аса шыға қоймапты. Ал басты кейіпкерді сомдаушы Питер Уэллерге сценарийдің ұнамағаны сонша, үшінші фильмге түсуден үзілді-кесілді бас тартты.

Фред Деккер режиссер болған үшінші фильм Питер Уэллердің қатысуынсыз түсірілді. Оның орнын Роберт Джон Бёрк басты. Мардымды табыс таба алмаған алдыңғысының қателігіне қайтып ұрынбауды мақсат еткен авторлар «қанды» көріністерін азайту арқылы аудитория ауқымын кеңейтпек болды. Сөйтіп фильм 1993 жылы PG-13 рейтингімен жарық көрді (алдыңғы екі фильм R рейтингімен шыққаны белгілі). Бірақ өндіріске жұмсалған 22 миллион доллардың 10 миллионы ғана қайтарылып, прокатта сәтсіздікке ұшырады.

2014 жылдың 13 ақпанынан бастап Бразилия режиссері Жозе Падилья түсірген жаңа «Робокоп» Қазақстан кинотеатрларында көрсетіледі. Бюджеті 100 млн долларды құрайтын картина 1987 жылғы түпнұсқаның ремейкі болып есептеледі. Бірақ сюжеттік желісі алғашқысынан көп өзгеше болады. Басты кейіпкерді сомдаушы - швед актері Юэль Киннаман.

Бұлардан бөлек, осы Робот-полицейге арналған телесериалдар бар:

- 1994 ж.: Робокоп / RoboCop;

- 2000 ж.: Робокоп: Негізгі нұсқаулар / RoboCop: Prime Directives / Робокоп возвращается;

Мульсериалдар:

- 1988 ж.: Робокоп: Анимациялық сериялар / RoboCop: The Animated Series;

- 1998 ж.: Робокоп: Альфа командасы / RoboCop: Alpha Commando.

Сондай-ақ, "Робокоп" франшизасына бірнеше видеоойындар, комикс кітаптар кіреді.

Пікірлер