• Біздің парақшалар:

Аққыз, аққу, аңыз: жабық көрсетілімнен репортаж

Қазақтың аңызы бойынша, Алла Тағала ең алғаш аққуды жаратқан екен. Аққу ұшып келе жатқанда көкте көгілдір аспан, төменде тек қана түпсіз терең теңіз болған екен. Қанаты талғаннан соң ол теңізге келіп қонады да, өз жүнін жұлып ұя жасайды, ал ұяға қойнындағы жұмыртқасын салады. Сонда бір жұмыртқа судың түбіне кетіп қалып, сол жұмыртқадан теңіздегі тіршілік пайда болады. Ал аққудың ұясынан жер, ондағы жұмыртқадан жер бетіндегі тіршілік пайда болыпты...

Фильмнің желісі ежелгі аңыздан хабары болмасада көлдегі құстарды қорғап, жетім қалған балапандарды аялап, оларды аман сақтап қалғысы келетін теңіздің жағасында тұратын жаны таза, сезімтал Аружан есімді кішкентай қыздың іс-әрекеттеріне құралған.

48cc1c8a4d4c8395adb503e74b5055e3

"Аққыз" бұл жәй фильм емес, бұл қазақ халқының дүниенің пайда болуы туралы мифологиялық көзқарасы негізінде құрылған тың дүние. Фильмнің сценариінің авторы әрі қоюшы-режиссері Жаңабек Жетіруов бұл фильм жайында:

- "Аққызды" түсіргендегі ең бірінші мақсатым көрермендердің қазақи сана-сезімін қалыптастыру. Яғни назарларын өзіміздің мәдениетімізге, бұлағымызға бұру. Бұл фильмнің негізгі оқиғасы бүгінгі заманда өтіп жатқанымен, фильмде көрініс табатын Асан қайғы, Қорқыт ата, Қарлығаш билер өткен заманда өмір сүрген ата-бабаларымыз біздерді өз назарынан тыс қалдырмайды, біз солардың назарындамыз деген ойды білдіреді.

e6ad2d3e5f38c34c235c4739b92e1b2b

Күні кеше (14-20 қараша аралығында – авт.) Бостон және Вашингтон қалаларында өткен «Дала гүлдері» кинофестиваліндекөрсетіліп, жақсы бағаланған «Аққызды» алғаш рет елімізде көріп, бағасын берген режиссер Ермек Шынарбаев бұл фильм жайында:

- Аққыз қазақ киносы үшін маңызды картина деп білемін. Осыдан бір ай бұрын «Аққыз» Вашингтондағы бұрыңғы Совет Одағының құрамындағы елдердің жағдайын қадағалап отырған Кенан институтында көрсетілген кезде көрермендер оны өте жақсы қабылдап, бүгінгі Қазақстанның келбетін көргендіктерін жеткізді. Ең бастысы олар бұл фильм арқылы қазақ халықыныңжанын көрді деп айтуға болады.

0121caa51cef58bef0c2628fecccc855

Айжан Жетіру, «Аққыз» фильмінің басты рөлін сомдаушы:

- Фильмді түсірген кезде ең бір қиын кезең аққуды түсірген уақыт болды. Өйткені зообақта белгілі бір жағдайларға байланысты сұрасақ та, ақшасын төлейміз десек те бізге аққу берген жоқ. Содан фильм түсіріліп жатқан Қапшағай бөгенінің жағалауында не істерімізді білмей демалып отырғанбыз, сол кезде жалғыз аққу ұшып келді. Қапшағайға, оның үстіне қос болып жүретін аққудың жалғыз ұшып келуі біз үшін таңғаларлық жағдай болды. Сөйтіп оператор тез-тез камерасын құрып оны түсіріп алды. Аққу сол кезде қанаттарын жайып, дауысын шығарып өте сәтті кадр шықты.

13ddd69be450916e5ab4300dddfe16d6

Арман Жаңабекұлы, «Аққыз» фильмінде рөл сомдаушы:

- Менің айтарлықтай актерлік шеберлігім жоқ. Бірақ кино түсірейін деп жатқанда әкем «Бұл фильмнің сценариі сен үшін жазылған, кинодағы басты рөлдегі жігітті бейнелеп отырғанда сені елестетіп отырғанмын. Сондықтан өзіңді ойна» деді. Сөйтіп мен кинодағы жағдайға қатысты тек өзімді ойнап шықтым.

57aca2edd0435c0236e1c8d9dee0d759

Somasundaram Subramanian, көрермен:

- Бұл тек «Аққыз» емес, ақ картина деп айтар едім. Өзім қазақ тілін мүлдем білмесем де картинада барлық сезімдер қанық жеткізілгендігі соншалық бұл киноны жүрегіммен қабыл алдым. Өзім киноиндустрия дамыған Индия елінен боламын. Ол жақта жылына 100-ден астам кино шығарып жатса да оның барлығы адамның есінде қала бермейді. Кішкентайымнан сол киноларды көріп өстім, бірақ оның ішіндегі тек жүрекпен, шынайы жасалған фильмдер ғана жадымда сақталып қалған. Бұл «Аққыз» да бүгіннен бастап сол менің жадымда мәңгі сақталып қалатын фильмдердің қатарына енді.

a491513775f36ef6176730180ba8f87c

Алибек Дүйсенбиев, көрермен:

- Фильм өте ұнады. Әсіресе әуені италяндық неореализмді есіме салды. Ермек Шынарбаев айтпақшы өте сезімтал, шынайы, жүрегіңді тебірентпей қоймайтын фильм.

53ca033e0c88353f07ab65b89650519c

Георги Афонин, көрермен:

- Режиссердің көрермендерге жеткізгісі келген нақты мазмұны бар сезімтал фильм. Өте ұнады. Бұл коммерциялық фильм болмағандықтан, оған көрермендердің көңілінен шығуын тілеймін. Өте талантты, өзінің алдында, өнердің алдында, халқының алдында ары таза режиссер Жаңабекке мемлекет назар аударып, оның тағы да осы сынды картинаны дүниеге алып келуіне мүмкіндік берсе екен деймін.

b7499ff827e6050bfb7374a4472698d6

Нәзира Бұрхан, көрермен:

- Жаңабек Жетірудың «Аққыз» фильмі әрбір көрерменге ой салатын фильм. Жалпы фильмнің оқиғалары жинақы, композициялы, сюжеті тартымды. Әртістердің барлығы өз рөлдерін шебер ойнап шыққан. Басты рөлдегі ағайынды Айжанмен Арман актер болмаса да өздерінің рөлдерін өте шынайы ойнап шыққан. Ал анасын ойнаған Майра Омар ананың образын жан-жақты аша білді деп білемін. Тек әртістердің ішінде Аша Матайдың ойнағаны ұнамады. Ол өзінің рөлін соншалықты жақсы ойнап шықты деп айта алмаймын. Себебі жүріс-тұрысында, сөздерінде жасандылық басым. Бір сөзбен айтқанда мен Ашаны бұл рөлде қабылдай алмадым. Фильм ұнады. Жаңабек Жетірудың дәл осындай фильм түсіргеніне өте қуаныштымын, алғысымды айтамын. Алдағы уақыттада режиссерден осы сынды мәнді де мағыналы фильмдер күтеміз.

 

Материалды дайындаған: Айнұр Ракишева

Фотосуреттер автордан.

Пікірлер