• Біздің парақшалар:

Малефисента образдары

Малефисента (Maleficent) – Уолт Диснейдің «Ұйқыдағы ару» («Sleeping Beauty») мультфильміндегі басты зұлым кейіпкер. 

Малефисента Диснейдің ең ұлы, құдіретті және жауыз зұлымы деп болып есептеледі. Аты да ағылшын тілінен аударғанда «зиянды», «кесірлі» деген мағынаны береді. 

Малефисентаның алғашқы сызбанұсқалары / сурет: ru.wikipedia.org

Малефисантаның алғашқы сызбанұсқаларында оның бейнесі қарт қарға түрінде болған екен. Аниматор Марк Дэвис өз үйінен ортағасырлық өнер туралы кітап тауып алып, сонда бейнеленген қара киімді әйелдің суретін Малефисентаның бейнесін жасауда негізге алған.

Ертеректегі образдары 

«Sleeping Beauty» (1959) мультфильміндегі Малефисента бейнесі / сурет: kinopoisk.ru

Зұлым әйел экранда алғаш рет 1959 жылғы «Ұйқыдағы ару» мультфильмінде пайда болады. Сюжетте патшаның Аврора есімді қызы дүниеге келіп, соның құрметіне үш мейірімді пері шақырылады. Малефисента шақырусыз қалса да, өзі келіп қызға «сый» жасап кетеді. 

Шарль Перроның аттас ертегісінің желісімен түсірілген анимациялық туындада ол Аврора ханшайымды дуалап, ару он алтыға толғанда ұршықтың ұшына саусағын түйреп алып, мәңгі ұйқыға кетеді деп қарғайды. Ұйқыдағы арудың дуасы тек ержүрек ханзада сүйгеннен кейін ғана қайтады. Филипп есімді ханзада зұлымға қарсы шығып, оның айдаһарға айналған бейнесімен шайқасқа түседі. 

Малефисентаның «House of Mouse» мультсериалындағы бейнесі / сурет: disney.wikia.com

Малефисента Микки Маус пен оның достарына арналған «Тышқанның үйі» («House of Mouse») мультсериалында және «Тышқанның үйіндегі Зұлымдар» ("Mickey’s House of Villains") толықметражды мультфильмінде көрініс тапты. 

«Once Upon a Time» сериалындағы Малефисента бейнесі / сурет: disney.wikia.com

«Ерте, ерте, ертеде» («Once Upon a Time») деген тағы бір америкалық телесериалда Малефисента екінші дәрежедегі кейіпкер ретінде көрінеді. Бұнда оны Кристин Бауэр сомдады. 

Басқа Малефисента

«Малефисента фильмінде Анджелина Джоли сомдаған бейне / сурет: kinopoisk.ru

Уикипедиада оның мінез-құлқына: «Өте зұлым, қаһарлы. Мейірімділік пен махаббат туралы ештеңе білмейді. Оның басты мақсаты – адамдарға зиян келтіру», - дегендей сипаттама беріліпті. Бірақ биыл 29 мамырда жарық көретін Анджелина Джолидің орындауындағы «Малефисента» зұлым әйелді басқа қырынан танытпақ. Бұл кинотуындыда біз оның неліктен зұлымдыққа бейім екенін, адамдарға, әсіресе – Стефан патшаның отбасына өшігу себебін көреміз. Осыдан кейін тіпті оны зұлымдар санатына жатқызуға күмән туып жатса - таң қалмаңыз.

«Малефисента» фильмінің қазақша дубляждалған трейлері:

Пікірлер