• Біздің парақшалар:

Айдаһарды қолға үйретудің тәсілдері

Айдаһарды қолға үйретудің амал-айласын білгісі келетін жандар үшін тамаша мүмкіндік: Киностан сіздерге арнап өзінің базасына «Айдаһарды қалай қолға үйрету керек» анимациялық туындысының барлық бөлімдерін жинады.

Сонымен, ең алғашқы мультфильм 2010 жылы жарық көрді. Анимациялық картинада викинг бала мен айдаһар арасындағы достық баяндалады. Туынды «Оскар» жүлдесінің 2 номинациясына үміткер болды.

«DreamWorks Animation» студиясының туындысы көрермендер арасында керемет танымал болып, әлемдік прокаттан 500 миллион долларға жуық пайда тапты.

Сыншылар да визуалды эффектілерінің сапасын және кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынастың әдемі жеткізілгенін мақтап, жоғары бағаларын берді. Бұндай жетістік оқиғаның жалғасына өздігінен сұранып тұрғандай еді.

Франшизаның екінші бөліміне аниматорлар кірісіп кеткенде, айдаһардың «ізі суып кетпесін» деп 3 қысқаметражды мультфильм шығарылды: «Сүйек айдаһар туралы аңыз» (2010), «Айдаһарлар кітабы» (2011), «Айдаһарлар: Түнгі Фурияның сыйы» (2011). Бұларды көрермендер бірінші бөлімге тамаша бонус ретінде жылы қабылдады.

Бірақ студия қысқаметраждармен шектеліп қалмады. Ғасырлар бойы жауласып, баланың арқасында достасып кеткен адамдар мен айдаһарлар хикаясын жалғастыратын «Айдаһарлар: Берк аралының шабандоздары» деген анимациялық сериал 2012 жылдан бастап Cartoon Network арнасынан көрсетілуде.

Жуырда, 2014 жылғы 12 маусымда франшизаның екінші толықметражды туындысы шығады. Бұл аз десеңіз, Түнгі Фурия бастаған айдаһарлардың фанаттарын тағы бір тамаша жаңалық күтіп тұр: 2016 жылы «Айдаһарды қалай қолға үйрету керек 3» мультфильмі жарық көреді деп жоспарланған.

Осы тамаша мультипликациялық фильмдер сериясын көріп шыққаннан кейін, айдаһарды "ат қып" мінуді арман еткендер армиясына қосылып кеткеніңізді байқамай қалуыңыз ғажап емес. 

 

"Айдаһарды қалай қолға үйрету керек 2" трейлері:

Пікірлер