• Біздің парақшалар:

Жыл қорытындысы-2012. І эпизод: Қыс

Жылдың соңы да таяп қалды. Жаңа жылғы қарбалас пен өткен айларға есеп беру аралығындағы жанталас кезеңінде Киностан кинематография саласын тарих қойнауына енгелі тұрған жыл бойынша қорытуға тырысты. Бірнеше бөлімнен тұратын бұл бастаманы жылдық дәстүрге айналдыру жоспарда бар.

І эпизод. Әлем киносы: оқиғалар, премьералар...

Қыс: жыл басы 

2012-ші жаңа жыл ерекше бір кино оқиғамен басталғаны белгілі: «Айдаһар татуы бар қыз» («Девушка с татуировкой дракона»; «The Girl with the Dragon Tattoo») көрермендер тарапынан да, сыншылар тарапынан да жақсы баға алды. Дэвид Финчердің триллерінде детектив кейпіндегі Дэниэл Крэйг пен денесін тату басқан хакер қыз бейнесіндегі Руни Мара шеберліктеріне тәнті болдық

Қаңтар айы бұнымен шектеліп қалмай, басқа да премьераларымен қуанта алды: Мартин Скорсезе ақсақалдың «Хьюгосы» («Хранитель времени»; «Hugo») ерекше қиял-ғажайып көріністерімен таң-тамаша қылса, Кейт Бекинсейл мен Марк Уолберг ерлі-зайыптыларды сомдаған «Контрабанда» («Contraband») боевигі «отбасы үшін отқа түсудің» не екенін көрсетіп берді. 

Айтпақшы, Кейт Бекинсейл мен Марк Уолбергтің биыл баптары да, бақтары да сәтті шапты десек артық айтпағандық болар. Бекинсейлді жұлдыз етуге сүбелі үлесі бар, вампирлер мен ликандар арасындағы бітіспес текетіресті баяндап келген «Бөтен әлем» франшизасының кезекті жалғасы «Бөтен әлем: Жандану» («Другой мир: Пробуждение»; «Underworld: Awakening») хоррор-боевигі де 2012 жылы жарық көрді. Актрисаны сондай-ақ, Колин Фарреллмен бірге «Бәрін еске түсіру» («Вспомнить всё»; «Total Recall») ремейк-фантастикасынан да көре алдық. 

Ал, Уолбергке биыл «респект пен құрмет» «Контрабанда» үшін емес, «Тед» («Третий лишний»; «Ted») атты қара комедия элементтері бар фэнтезидегі рөлі үшін жауғаны анық. Сонымен қатар, актердің болашақ «Трансформерлер 4» фильміне түсетіні туралы ақпар дәл осы жылы белгілі болды. Марк Уолбергтің өзі осы оқиғаны «өміріндегі басты рөлі» деп атап өтті. Ендеше оған сәттілік! 

Қаңтар айында аталған премьералардан бөлек Николас Кейдж түскен «Әділет жолында» («Голодный кролик атакует»; «Seeking Justice»); Жан-Клод Ван Дамм түскен «Жендеттердің ойыны» («Игры киллеров»; «Assassination Games»), комедия актері Сергей Светлаковтың өзіне тән емес қалыпта тым салмақты болып түскен «Камень», Джина Карано түскен «Нокаут» («Haywire»), Рэйф Файнс пен Джерард Батлер түскен «Кориолан» («Coriolanus») секілді біртекті боевик-триллерлер легі ағылды. Аталған фильмдердің бас актерлері таңдаулылар қатарынан болғандары не керек, жобалар ешқандай жаңалық әкеле алмады. Бұлардың көпшілігін көрермендер ұмытып та қалған шығар. Өкінішті. 

Қаңтардағы премьералардан Стивен Спилбергтің «Соғыс жылқысы» («Боевой конь»; «War Horse») мен мұңды Джордж Клуниді көрсеткен Александр Пэйннің «Ұрпақтар» («Потомки»; «The Descendants») драмалары ерекше есте қалады. Жасы келіп қалған Лиам Нисонды қасқырлармен арпалыстырып қойған Джо Карнаханның «Сұр» («Схватка»; «The Grey») триллері қаңтарлық премьералар легін аяқтады. 

Әнші Мадоннаның режиссерлік жұмысы («МЫ. Верим в любовь»; «W.E») ақпанның шымылдығын ашты. Қаңтар ерекше премьераларға қалай толы болса, ақпан да одан кем түспеді. Көп қабатты үйден құлағалы тұрған Сэм Уортингтонды «На грани» («Man on a Ledge») трейлерінен көргендер бір елең еткені анық. Өкінішке орай, көрерменнің үміті ақталмаған тәрізді. Бұған оның мардымсыз табысы дәлел. 

Жан түршіктірер жанр фанаттары «Іштегі шайтан» («Одержимая»; «The Devil Inside») «Экстрасенс» («The Awakening») хоррорларын тамашалай алса, юмор іздеген көрермен «Джек пен Джилл» («Такие разные близнецы»; «Jack and Jill»), «Соғыс дегеніміз осы» («Значит, война»; «This Means War»), «Үлкен қаладағы еркектер 2» («Мужчины в большом городе 2»; «Männerherzen... und die ganz ganz große Liebe») секілді бір реттік комедиялармен сусындады.

«Оскардың» 5 номинациясын жеңіп алған «Артист» («The Artist») «сақау және ақ-қара» картинасының Қазақстандағы премьерасы да осы айға сәйкес келді. Ауыз толтырып айтуға тұрарлық премьералардың ішінен, әрине Клинт Иствудтың Леонардо ДиКаприо ойнаған «Дж. Эдгар» («J. Edgar») драмасын атауға болады.

Жалғасы бар...

Пікірлер