• Біздің парақшалар:

Тақтар ойыны: Бесінші маусымда не күтіп тұр?

Сөйтіп, атышулы "Тақтар ойыны" сериалының төртінші маусымы аяқталды. Бұл шоуға бауыр басып қалғандар бесіншісін асыға күтетіні сөзсіз. Сериалды жасаушы мамандардың түрлі басылымдарға берген сұхбаттарын негізге ала отырып, "Бесінші маусымда бізді не күтіп тұр?" деген сұраққа жауап іздеп көрмекпіз. 

Ескерту: Төмендегі мәтіннен спойлер табылуы мүмкін. 



 

1. Бесінші маусымдағы оқиғалар кітаптағы түпнұсқа сюжеттен өзгеше болады.

Жазушы Джордж Р.Р. Мартиннің бесінші және алтыншы романдары - "Құзғындардың тойы" мен "Айдаһарлармен күрес" кітаптарында оқиғалар бір мезгілде параллель өрбиді. Сондықтан жалпы саны 20 сериядан құралатын бесінші және алтыншы маусым үшін жаңа оқиғалар ойлап табу қажет болады.

Осы сериалдың режиссері Мишель Максвелл МакЛарен мен сценарийшісі әрі продюсері Дэвид Бениофф та сюжеттік желінің кітаптан біршама ауытқитынын растаған.

2. Серсея оңбай опық жейді.

Төртінші маусымды көргендер біледі: Патшайым әкесінің аузын жапқызып, көңілдес-бауыры Джеймені өз жағына шығарғандай болып еді. Алайда, Тирионның қашып кеткенін, арқа сүйер тірегі - әкесінің өлтірілгенін естігенде Серсея қандай күйде болар екен? Бесінші маусымда бейшара жағдайға тап болған Серсеяны көретін сияқтымыз.

3. Болтондардың билігі күшейеді.

Сатқын Русе Болтонның қаныпезер бастард-ұлы Солтүстікті бағындырды. Енді Рамси Сноу - бастард емес. Теон Грейджойдың ақымақтығының арқасында Болтондар отбасының ресми мұрагері атанды. Бесінші маусымда әкелі-балалы Русе мен Рамсиге көбірек көңіл бөлінетін тәрізді.

4. Мартеллдер отбасымен, Дорн өлкесімен жақын танысамыз.

Төртінші маусымдағы Оберин Мартелл мен Григор Клиганның арасындағы жекпе-жекті бәрі біледі. Осындай жан түршіктірерлік оқиғадан кейін, көрермендер тарапынан жаужүрек Мартеллдер отбасын танып-білуге деген қызығушылық арта түсетін тәрізді. Ал авторлар осыны ескеріп Дорн өкілдері туралы көбірек әңгімелеуге тырысады. 

5. Дейенеристің жағдайы қиындайды.

Асау айдаһарларын шынжырлап тастады, сенімді серігі - Джорах аластатылды. Енді ол жалғыздықты шынымен сезіне бастайды. Осындай күйзелістің әсерімен өзіне кейін кесір болып тиетін теріс шешімдер қабылдап тастауы ғажап емес.

6. Арьяның тағдыры туралы

Арьяның қатігездігін төртінші маусымда көрдік: сүйектері қирап, өле алмай қиналып жатқан Төбетті азаптан құтқарудан бас тартып, үстінен аттап өтіп жайбарақат кете барды. Бұл оның болашақтағы жолын айқындай түсетін тәрізді: Арья енді кішкентай тентек қыз емес, ол өз тағдырына өзі жауап бере алады және алған бағытын ескерсек - ол өмірдің қара жағын таңдағандай.

Сондықтан Джордж Р.Р. Мартиннің барлық кітабын оқып алған білгірлерді де, тек сериалдың желісін көруді құп көрген көрермендерді де үлкен сюрприздер күтіп тұр.

Пікірлер