• Біздің парақшалар:

Жұлдыз балалар. Қазір олар қандай? (2 бөлім)

Бала рөлдерімен танымал болған актерлердің қазіргі өмірі. Жалғасы.

"Үйде жалғыз" ("Home Alone") комедиясын көрмеген бала кемде-кем шығар. Көп балалы үйде тұратын балдырғанның, отбасылық саяхат кезінде байқаусызда үйде ұмыт қалдырылуы, үйді тонамақ болған қылмыскерлерге жалғыз өзі тойтарыс беруі - көпшілігіміздің сүйікті оқиғамызға айналғалы қашан! 

"Үйде жалғыз" (1990) фильмінен кадр

Фильмде басты рөлде ойнайтын Маколей Калкин да көп балалы отбасынан шыққан. Оның актерлік карьерасының сәтсіздікке ұшырауына әкесі кінәлі екен. Бірнеше фильмде бала рөлдерін сәтті сомдағаннан кейін Маколейге сұраныс арта түседі. Осы кезде әкесі баласының актерлік болашағына емес, оның табысына көп көңіл бөліпті. Әр рөл сайын ұлына төленуі тиіс ақыны көтере түскен. Бұл қанағатсыздық ақыры анасы мен әкесінің ажырасуына алып келді, ал Маколей көпшіліктің жадында сол бала образымен ғана сақталды. Әрине, ол түрлі деңгейдегі фильмдер мен сериалдарға қатысады, бірақ бұрынғыдай даңқын көтерерлік рөлдер әзірге оған бұйырмай тұр.

Маколей Калкин және Мила Кунис (2010) / Фото: Chris Polk/FilmMagic

Жеке өмірінде де жағдай мәз емес. 17 жасында актриса Рэйчел Майнерға үйленіп, 2002 жылы ажырасып кетті. Одан кейін бірнеше жыл Мила Куниспен кездесті.


"Жасанды сана" (2001) фильмінен кадр

Хэйли Джоэл Осмент есімді актерді біз бір емес, бірнеше атақты рөлдері арқылы білеміз: "Форрест Гамп" ("Forrest Gump"), "Богус" ("Bogus"), "Алтыншы сезім" ("The Sixth Sense"), "Келесі адамға төле" ("Pay It Forward"), "Жасанды сана" ("Artificial Intelligence: AI"), т.б..

Хэйли Джоэл Осменттің қазіргі кезі

"Алтыншы сезімдегі" рөлі оған "Оскар" номинациясын алып келді. Бұдан бөлек бірқатар беделді жүлделерге ие болды. Есейген Хейлиді үлкен кинодан көру сиреп кетті. Өмірде де үлгілі тәртібімен ерекшеленді деп айту қиын: бірнеше рет мас күйінде көлік айдағаны үшін ұсталды, бір рет тіпті алкогольдің кесірінен апатқа ұшырады.


"Стюарт Литтл" ("Stuart Little") деген ақылды тышқан туралы отбасылық фэнтезиді біразымыз білуіміз керек. Осы фильм арқылы Джонатан Липники көзілдірікті бала рөлімен есте қалды.

"Стюарт Литтл" (1999) фильмінен кадр

Актер қазір бірқатар теле және кино жобаларға қатысумен қатар, аралас жекпе-жек түрімен кәсіби айналысады. Сонымен қатар түрлі қайырымдылық шараларға белсене атсалысып жүр.

Джонатан Липникидің қазіргі кезі


Эдвард Ферлонгтың бала келбетін "Терминатор 2: Ақырет күні" ("Terminator 2: Judgment Day") боевигі арқылы білеміз. Джон Коннор рөлінен кейін оны Эдвард Нортонмен бірге түскен "Американың Х оқиғасы" фильмінен скинхед образында көруге болады.

"Терминатор 2: Ақырет күні" (1991) фильмінен кадр

Карьерасы одан әрі өрлей түсер ме еді, егер арақ пен есірткіге әуестігі болмағанда. Үшінші "Терминаторға" түсуге де осы құмарлығы кедергі болған көрінеді. Қазір Ферлонг аз бюджетті картиналарға және шағын рөлдерді ойнайды.

"Уолл-Стритке шабуыл" (2013) фильмінен кадр

Өздеріңіз байқағандай, көп актер балалардың жетістігі есейе келе қайталана бермейді. Бірақ бұл біздің сүйікті кейіпкерлерімізге деген жақсы ниетімізге еш кедергі бола алмайды. 

Сабақтар материал:

Жұлдыз-балалар. Қазір олар қандай? (1 бөлім)


Пікірлер