• Біздің парақшалар:

Жыл қорытындысы-2012. І эпизод: Көктем

І эпизод. Әлем киносы: оқиғалар, премьералар...

(Жалғасы...)

Көктем

Көктем – жаңғыру, жаңару маусымы. Содан да шығар биылғы көктемде көрерменге рухани ләззат пен ерекше сезімдер сыйлауды мақсат ететін драма мен мелодрама жанрындағы картиналар көптеп шықты. Солардың ішінде Мэрил Стриптің орындауындағы («Темір әйел», "Железная леди", "The Iron Lady") Маргарет Тэтчердің өмірінен сыр шертетін, Рэйчел МакАдамс пен Ченнинг Татум арқылы жас отбасылық өмір қатынастарын баяндайтын («Серт»; «Клятва»; «The Vow»), француздың белгілі әртістерінің бірі Одри Тоту ойнайтын («Нәзіктік»; «Нежность»; «La délicatesse»), Мэтт Дэймон, Скарлетт Йоханссон секілді жұлдыздарды жинаған отбасылық зообақ туралы («Біз зообақ сатып алдық»; «Мы купили зоопарк»; «We Bought a Zoo»), Роберт Паттинсон, Кристина Риччи, Ума Турман сынды актерлердің орындауындағы («Аяулы дос»; «Милый друг»; «Bel Ami»), достықты жыр етіп, әлемдік рейтингке тез көтерілген («Қол тигізбес»; «1+1»; «Intouchables»), би арқылы сезімдерін білдірткен («Көше билері 2»; «Уличные танцы 2»; «StreetDance 2»), немістермен футбол ойнаған кеңес жұмысшылары жайындағы («Матч»), Ирак соғысында жүріп қыз суретіне ғашық болған жауынгер туралы («Бақытты жан»;«Счастливчик»; «The Lucky One») драмалар мен мелодрамалар болды. Былайша айтқанда, «не көремін?» дегізген жоқ бұл көктем. 

Осы көктем үшін сиквелдер мен приквелдер, сондай-ақ прокатқа жаңарып қайта шыққан премьералар әңгімесі бір бөлек. Поттер болып көзге үйренген Дэниэл Рэдклиффті жаңа қырынан таныдық. Ол түскен «Қара киімді әйел» («Женщина в черном»; «The Woman in Black») хорроры шынымен жылдың ең қорқынышты кинотуындыларының бірі атануға лайық. Тоқсаныншы жылдары жарық көрген «Арыстан патша» («Король Лев 3D»; «The Lion King 3D»), «Титаник» («Titanic») секілді әлемдік классикаға айналып үлгерген фильмдерді 3D форматта қайтадан тамашаладық.

Енді үлкен премьералар да аз болған жоқ. «Джон Картер» («John Carter»), "Аштық ойындары" («Голодные игры»; «The Hunger Games») бестселлер әдеби шығармалардың тамаша экранизациясы бола алды.

2010 жылғы «Титандардың шайқасын» хикаясын жалғастырушы, грек аңыздарының негізінде Персей туралы «Титандардың қаһары» («Гнев Титанов»; «Wrath of the Titans»),  жастардың ересек өмірге қадам басуын келеке етіп келген «Америка бәлішінің» қоштасу түріндегі (солай шығар деген үміттеміз) бөлімін («Американский пирог: Все в сборе»; «American Reunion»), телесериалдар мен бағдарламалардың қуыршақтарын жинап, толықметражға қадам басқан«Маппеттер» («The Muppets»), сексенінші жылдар соңында танымал болған сериалдың негізінде жарық көрген «Джамп көшесі, 21» («Мачо и ботан»; «21 Jump Street»), «Қара киімділер 3»(«Люди в черном 3»; «Men in Black III») секілді сиквелдер мен жаңа нұсқа болып шыққан туындылар жарық көрді.

Залды «жарған» көктемгі премьералардан «Х жобасы» («Проект X: Дорвались»; «Project X») жастар комедиясын, «Рейд» деген атпен шыққан («Serbuan maut») индонезиялық боевикті, өзгеге ұқсамайтын біртүрлілігі үшін «Ормандағы лашық» («Хижина в лесу»; «The Cabin in the Woods») хоррорын, суперқаһармандардың басын қосып әлем құтқару жолында «асар» жасағаны үшін «Кек алушылар» («Мстители»; «The Avengers») фантастикасын, Американы қазақтар арқылы емес, бұл жолы арабтар арқылы әжуа еткен Саша Барон Коэннің «Диктатор» («The Dictator») комедиясын, адамзат жарытылысына жаңа нұсқа алып келіп, «Бөтен» (1979) триллеріне дейінгі оқиғаны баян еткен, жалпы кино әлеміне жаңаша бағыт алып келгені үшін «Прометей» («Prometheus») фильмін ерекше атау керек шығар.

Жалғасы бар...

 

Осыған дейін:

Бірінші мақала: Жыл қорытындысы. І эпизод: Қыс

Пікірлер