• Біздің парақшалар:

"Нағима": 2014 жылдың ең үздік тәуелсіз отандық киносы

Былтыр, 2013 жылы Эмир Байғазин түсірген «Асланның сабақтары» әлемнің талай ірі фестивальдарына қатысып, жай қатысып қана қоймай – көрермендер мен сыншылардың таңдайын қаққызып, талай Гран-приді елге алып қайтқан еді. Отандық көрермендер де бұл туындыны асыға күтті, ал Алматыдағы көрсетілімінен шыққан жұрт Интернет парақтарында талдап, өзінше түйген ойымен, фильмнен алған әсерімен бөлісуге асықты. Жалпы айтқанда режиссер де, картина өз мақсатына артығымен жетті деуге болады. 

Фильмнен кадр

Биыл да осындай құрметке әбден лайықты, талай кинофорумдарды бағындырып келген және әлі де бағындыратын мүмкіндігі жетерлік картина бар. Ол – Жанна Исабаеваның «Нағима» драмасы. Бұл картинаның «Асланның сабақтарынан» айырмашылығы сол – «Қазақфильмнің» өнімі емес, мемлекет алдында қаржылық және басқа да міндеттерден тәуелсіз, халықаралық фестивальдарға өз бетімен қатысып жүрген туынды. 

2014 жылды қорытындылай келе, «Нағима» Қазақстанның биылғы ең табысты фильмі деп батыл айта беруге болады. Осы орайда, оның қатысқан шаралары мен қол жеткізген жетістіктеріне бір шолу жасап көрдік (хронологиялық ретпен). 

Түсіру тобы Пусан фестивалінде

Негізі картинаның көрермендермен таныстығы 2013 жылдың соңына таман басталды. "Нағима" драмасының әлемдік премьерасы Оңтүстік Кореяның 18-ші Пусан халықаралық кинофестивалінде өтті. Фестиваль 2013 жылы 3-12 қазан аралығында өткен болатын.

18-ші Пусан халықаралық кинофестиваліндегі трейлер:

Ал 2014 жылы ақпан айында отандық режиссердің еңбегі 64-ші Берлин кинофестиваліне шақырту алды. «Форум» секциясының аясында өткен көрсетілімнен кейін көрермендер залдан үлкен әсермен шығыпты. 

Түсіру тобы Deauville Asian Film Festival кинофестивалінде марапатталу сәтінде

Осы екі үлкен форумнан кейін «Нағиманың» жеңісті жолы басталады. Алдымен наурызда Францияда өткен Азия киносына арналған Deauville Asian Film Festival шарасында Гран-при алды

Өкінішке орай, Мароккоға түсіру тобынан ешкім бара алмапты

Келесі Гран-при қазан айында ХІ Марокко халықаралық кинофестивалінде берілді. Осы форумда әділқазылар төрағасы Мишель Халифех фильмнің көркемдік ерекшелігіне жоғары баға беріп, киносыншылар жүлдесін қоса ұстатқан. 

Алматыдағы премьера

Әлемдік премьерасынан 1 жыл өткен соң Жанна Исабаеваның төл туындысын көруге Қазақстан көрермендері де мүмкіндік алды. Алматыда 6-9 қараша аралығында алғаш рет ұйымдастырылған Clique Film Fest авторлық кино фестивалінде бірқатар шетелдік картиналармен бірге «Нағима» да көрсетілді. Ал оның отандық кең прокаттағы өмірі 13 қарашадан басталды. 

Карловы Вары халықаралық кинофестиваліндегі трейлер:

Жалпы күз мезгілі, әсіресе қараша айы «Нағима» үшін түрлі оқиғаларға толы болды. Кезекті Гран-при еліміз үшін экзотика болып есептелетін – Сальвадордан келді. Латын Америкасында өткен Panorama халықаралық фестивалінде үздік толықметражды фильм деп аталған. 

Француз прокатына арналған постер

Бұлардан бөлек, қарашада Жанна Исабаеваның картинасы Ливанда өткен кинофорумды ашып берді және Вьетнам астанасы – Ханойда өткен жас халықаралық кинофестивальға да қатысыпты. Ал күздің соңғы күндерінде «Нағима» Франция прокатына шығып, осы елдің бірнеше қалаларында көрсетілді. 

Франция прокатына арналған трейлер:

Исабаеваның қолынан шыққан әлеуметтік драманың фестивальдік өмірі Лондон олимпиадасына қатысқан Қазақстан спортшыларын еске түсіреді. Олимпиадаға барған отандастарымыз «алтын» медальдар сериясымен таңғалдырса, «Нағима» алған Гран-прилерімен тәнті етті. 

Осы материалды дайындау кезінде тағы бір жағымды жаңалық жетті. Кинотуынды NETPAC Asian Film Festival (JAFF) фестивалінде тағы бір Гран-при алыпты (Golden Hanoman Awards). Аталған байқау бәрінен де салмақты, өйткені бұл фестивальға жыл бойына түрлі шараларда жүлделер алған үздік картиналар жиналып, олардың ішінен ең мықтысы марапатталады.

 

Ернар Бекенов

Пікірлер