• Біздің парақшалар:

2014 жылы қайтыс болған актерлер

Филип Сеймур Хоффман (Philip Seymour Hoffman) – театр өнері мен кинематографтың түрлі жанрларында жұмыс істеген актер. Оның жұмыстарынан мейнстримдік блокбастерлерден бастап артхаустық тәмсілге дейінгі саналуан туындыларды кездестіруге болады.

Оның танымалдылық деңгейі 2000-2010 жылдары ерекше жоғары болды. Хоффман 1989 жылы театр мектебін аяқтап, телевидениеде 1991 жылдан бастап пайда болды. Өз карьерасында 60-тан астам кинофильмге түсіп, 20-дан астам театр қойылымдарына қатысқан. Режиссер Пол Томас Андерсонмен танысқаннан кейін, оның барлық дерлік картиналарына түсті.

Филип Сеймур Хоффман өзіне "Оскар" алып келген "Капоте" фильмінде

2006 жылы актер алған марапаттарымен ерекшеленді. «Капоте» («Capote») байопигіндегі атақты жазушының рөлін сомдағаны үшін «Оскар», «Алтын глобус» сыйлықтарын, Америкалық актерлер гильдиясының және Британ академиясының жүлделерін алды.

Филип Сеймур Хоффман өзінің жалғыз режиссерлік жұмысында өзі басты рөлді сомдады

Филип Сеймур Хоффман 2010 жылдан бастап режиссерлікке бет бұрып, «Джек жүзуге аттанады» («Jack Goes Boating») картинасын түсірді. 2012 жылы «Ұстаз» («The Master») фильміндегі рөлі үшін Венеция фестивалінің бас жүлдесі – Вольпи кубогына ие болды.

Кинода талай жетістіктерге жетсе де, ол театр өнерінен алыстаған жоқ. Актер театрды екінші үйім деп атаған екен. Хоффман сахнада шебер актер ғана емес, дарынды қоюшы-режиссер ретінде де көрсете алды.

Жас кезінен бері әуестенген есірткі ақыры актердің түбіне жетті. Филип Сеймур Хоффман 2014 жылы ақпанда әсері күшті препараттарды шамадан тыс қолданудың кесірінен қайтыс болды. Актер 46 жаста еді.

Филип Сеймур Хоффманның соңғы фотосуреттерінің бірі (сол жақ шетте), "Санденс" кинофестивалі (2014, қаңтар)

Ол соңғы рөлін «Аштық ойындары» фильмдер сериясының 2015 жылы шығатын соңғы бөлімінде орындады («Құйқылжық торғай – 2 бөлім»). Актер бірнеше көрініске түсіп үлгермеді, сондықтан оның бейнесі компьютерлік графика арқылы толықтырылады.

"Аштық ойындарының" "Құйқылжық торғай" бөлімінен ол қатысқан видеоүзінді табылмады, сондықтан оған дейінгі "Тұтанған от" бөлімінен ролик ұсынамыз:

 


 

Ричард Сэмюэл Аттенборо, барон Аттенборо (Richard Samuel Attenborough, Baron Attenborough) – ағылшынның театр, кино актері, режиссер, продюсер.

Ричард Аттенборо Корольдік драматикалық өнер академиясынде білім алған, кейін осы оқу орнын басқарды. Ол Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, кейін әскери фильмдерге түсу арқылы белгілі болды.

Ричард Аттенборо "Брайтон жартасы" ("Brighton Rock") фильмінде

1967 жылы Аттенборо Британ империясы орденінің командары, 1976 жылы рыцарь шендерін алды. Ал 1993 жылы Біріккен корольдіктің пэрлігінде барон титулына ие болды.

Аттенбороның режиссерлік дебюті Бірінші дүниежүзілік туралы 1969 жылы шыққан «О! Не деген керемет соғыс» («Oh! What a Lovely War») деген музыкалық сатира болды. Фильм Британ киноакадемиясының он номинациясына ұсынылып, оның алтауын ұтып алды.

Ричард Аттенборо және Гандиді сомдаған Бен Кингсли "Оскармен" марапатталған сәт

Бірақ оның режиссер ретіндегі ең сәтті жобасы 1982 жылы келді. Үнді басшысына арналған «Ганди» байопигін түсіруге ол 20 жыл дайындалыпты. Оған ірі кинокомпаниялар қаржы бөлуден бас тартқан. Бірақ ол мойымастан, өз үйін кепілге қойған, барлық автокөліктерін сатып жіберген және ақы үшін кез-келген төмен деңгейлі фильмдерге түсуге келісім берген.

Бас рөлде Бен Кингсли ойнаған картина 11 «Оскарға» ұсынылып, оның сегізіне қол жеткізді. Ричард Аттенборо продюсер және режиссер ретінде екі «Оскар» алды. Сонымен қатар бұл фильм 5 «Алтын глобус», Британ киноакадемиясының бес сыйлығына ие болды.

Оның ең сүйікті тұлғаларының бірі – Чарльз Чаплин еді. 1992 жылы кіші Роберт Даунидің қатысуымен осы ұлы актердің өміріне арналған драманы жарыққа шығарды.

Ричард Аттенборо «Юра дәуірінің бағы» фильмінде

Қазіргі заманның көрермендері Аттенбороны Стивен Спилбергтің «Юра дәуірінің бағы» фильмі арқылы таниды.

Актер 2014 жылы тамызда, 91 жасына бір апта қалғанда қайтыс болды.

 


 

Робин Маклорин Уильямс (Robin McLaurin Williams) – америкалық актер, сценарийші, продюсер. Карьерасын 1970 жылдары стендап-комик ретінде Сан-Францискода және Лос-Анджелесте бастаған. Көрермендерге «Морк пен Минди» («Mork & Mindy») сериалынан кейін танымал бола бастады.

Робин Уильямс «Морк пен Минди» ситкомында

Бүкіл актерлік еңбек жолында Уильямс 100 шақты картинаға түсті, өмірінің соңғы күндеріне дейін кинодан ажыраған емес. Халық арасында юмор жанрындағы жетістігі үшін «Комедия Эйнштейні» деген атаққа ие болды. Біз оның үлкен экрандағы бейнесін соңғы рет 2014 жылы 22 мамырда шыққан "Бруклиндегі ең ашулы адам" комедиясында көріппіз. Ол біздің жадымызда "Өлі ақындар қоғамы" ("Dead Poets Society"), "Жандану" ("Awakenings"), "Балықшы патша" ("The Fisher King"), "Джуманджи" ("Jumanji"), "Ақылды Уилл Хантинг" ("Good Will Hunting"), "Арман қайда апарады" ("What Dreams May Come"), "Емші Адамс" ("Patch Adams"), "Екі жүз жылдық адам" ("Bicentennial Man"), "Август Раш" ("August Rush"), т.б. картиналардағы рөлдері арқылы қала бермек.

Робин Уильямс «Ақылды Уилл Хантинг» фильмінде

Үш рет «Оскар» номинациясына ұсынылып, «Ақылды Уилл Хантинг» («Good Will Hunting») фильміндегі рөлі үшін «алтын» мүсіннің біреуін иемденді. Бұдан бөлек 2 «Эмми», 4 «Алтын глобус», Киноактерлер гильдиясының екі сыйлығы және 5 «Грэмми» алды.

Актер соңғы жылдары Паркинсон ауруына шалдыққан екен. Робин Уильямс 2014 жылы тамызда өз үйінде өлі күйінде табылды. Кейін анықталғандай, ол өзін белдікпен буындырып өлтірген. Актер 63 жаста болатын.

Ол бақилық болардан бұрын бірнеше фильмге түсіп үлгерді. Фильмдер 2014-15 жылдары жарық көреді.

Робин Уильямстың ең соңғы сұхбаты осы екен:

 

Ернар Бекенов

Пікірлер