• Біздің парақшалар:

"Үкілі кәмшат". Айтуға тұрарлық кино

2014 жылдың триумфаторы ретінде Жанна Исабаеваның «Нағимасын» атасақ та, Әділхан Ержановтың «Үкілі кәмшатын» ұмыт қалдыруға мүлдем болмайды. Алған марапаттары мен жеткен жетістіктеріне қарап отырып, бұл картина да «Нағимадан» еш кем емес екенін аңғару қиын емес.

Әділхан Ержановтың «Үкілі кәмшат» («Хозяева», «The Owners») драмасы да әлеуметтік проблеманы көтереді. Фильмде баспана мәселесі, жетім ағайындылардың түрлі қиындықтарға тап болуы, қоғамымыздағы әділетсіздіктер сөз болады.

Фильмнен үзінді:

Бұл кинокартина 2014 жылы мамырда өткен 67-ші Канн фестивалінің негізгі бағдарламасына еніп, оның әлемдік премьерасы осы шара аясында болды. Ержанов өз жұмысымен жүлдегерлер тізіміне кірмесе де, Британ киносы институтының сыншысы Джефф Эндрюдің назарына ілікті. Киносыншының жазған қорытынды шолуына сәйкес, «Үкілі кәмшат» 67-ші Канн фестивалінің үздік 10-дығына кіреді.

Отандық кинотуынды маусымда Эдинбургтың халықаралық фестиваліне қатысты. Одан бөлек Словакиядағы кинофестивальде негізгі конкурстық бағдарламаға еніп, Халықаралық Мәскеу фестивалінде конкурстан тыс көрсетілді.

Қыркүйекте Торонто халықаралық кинофестивалінің Contemporary World Cinema деген бағдарламасы аясында көөрсетілді. Бұл беделді шараның нәтижесінде, канадалық сыншы Джонатан Уайт Қазақстаннан барған картинаны үздік бестікке кіргізді. Одан кейін Тулузада (Франция) өткен FIFIGROT халықаралық фестиваліне қатысып, жас киносыншылар сыйлығына ие болды.

«Үкілі кәмшат» қыркүйек айында Ресейдегі атақты «Киношок» фестиваліне де қатысты. Фильм негізгі бағдарламаға еніп, Кинотанушылар мен киносыншылар гильдиясының сыйлығын алды. Осы айда Ержановтың картинасы Пусан халықаралық кинофестиваліне шақыртылып, «Азия киносына терезе» секциясының аясында көрсетілді.

Одан кейін Варшавада (Польша) өткен халықаралық фестивальде «Еркін рух» секциясында Гран-при және Чикагода (АҚШ) фестивалінде «Алтын тостаған» сыйлығын алды.

Алматыда алғаш рет өткен авторлық киноға арналған Clique Film Fest фестивалінде «Үкілі кәмшат» Қазақстан көрмендеріне көрсетілді. Ал одан кейін азиялық «Оскар» атанып кеткен, Asia Pacific Screen Awards жыл сайынғы сыйлығының номинациясына ілікті.

Қарашада фильм 21-ші «Лiстапад» Минск халықаралық кинофестиваліне қатысып, әділқазылардың арнайы дипломымен марапатталды. Сондай-ақ америкалық сыншы Джонатан Розенбаум Sight&Sound басылымының нұсқасы бойынша 2014 жылдың үздік 5 фильмінің қатарына кіргізді.

Ливанда өткен Cultural Resistance кинофорумында Әділхан Ержановтың туындысы Гран-при алды. Бұдан бөлек NETPAC Asian Film Festival кинофестивалінен де жүлдеге ие болды.

Фильм әлі де талай фестивальдерге қатыса береді және жетістіктері де көбейе түседі деген сенімдеміз.

Фильмнің трейлері:

 

Ернар Бекенов

Пікірлер